Тәуелсіздік тарихында Әбілқайыр хан мен Бөкенбай батыр ерекше орын алады – тарихшы Ж.Жақсығалиев

Л. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Әз Тәукеден соң алғашқы болып алты алаштың басын біріктіріп, қазақтың төрт тараптағы жауының екпінін тежеген атақты Әбілқайыр хан болмысын ұзақ уақыт бойы ат төбеліндей аз ғана топ ұғып келді. Әбілқайырды көзі тірісінде дұшпаны да, досы да жек көрді. Дұшпаны ханның ақылынан, ұлы қолбасшылық дарыны мен саяси көрегендігінен сескенді. Ал досы - өз халқы оның деңгейіне көтеріле алмады. Далалық дипломатияны жетік меңгерген Әбілқайыр хан сая­сатын дер кезінде қапысыз ұққан
None
None

топтың көрнекті өкілі, аса ірі саяси тұлға Табын Бөкенбай Қараұлы болатын. Осы екі аса ірі тұлға жөнінде М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев былайша ой пайымдайды.

Тарихшының пікірінше, Әбілқайыр хан мен Табын Бөкенбай батыр қарым-қа­ты­на­сын айқындайтын деректер Мәскеу мен Орынбор мұра­ғат­та­рын­да сақталған рес­ми құ­жат­тар мен патша чи­нов­ник­те­рі­нің хаттарында, ди­п­ло­мат А.Тев­ке­лев­тің жазбала­рын­да, ағыл­шын суретшісі Джон Кэстль­дің күнделігінде, XVIII-XIX ғғ. дво­рян­дық-буржуа­зия­лық орыс та­ри­х­на­ма­сы­ның ірі өкіл­де­рі П.Рычков, А.Левшин, В.Баку­нин, Л.Мейер, В.Витев­ский, С.Соло­вьев, И.Маев және т.б. еңбек­те­рін­де кез­де­се­ді.

Бокенбай Әбілқайыр хан мен Табын Бөкен­бай батырдың тығыз қа­рым-қатынаста болғандығы сон­­дай, қос тұлғаның өмір жо­лы, әс­ке­ри-саяси, саяси-ди­пло­­ма­­тия­­лық қызметі ара­ла­ры­нан қыл өтпестей еш ажы­ра­ғы­сыз. Ендеше, қос баһадүрдің қа­­рым-қа­ты­насындағы негіз­гі ке­зең­дерге ғана назар аудар­са да болады.

Бірінші. Көрнекті қолбасшы, жоң­ғарларға қарсы азаттық со­ғы­сы­ның жұрт мойындаған кө­се­мі, мемлекет қайраткері әрі мәмлегер Мұхаммед Қа­зы ба­һа­дүр Әбілқайыр хан сияқ­ты даңқты батыр Табын Бө­кен­бай Қараұлының да ту­ған жылы туралы деректер қа­ғаз­ға түспеген. Сол себепті екі тұл­ға­ның да туған жылы тарихи әдебиет­тер­де болжаммен әр түр­лі көрсетіліп жүр. Қолда бар тарихи деректерді зерделесек, Кіші жүздің Жетіру бөліміндегі Табын тайпасының жетекшісі (ақ­са­қалы) Бөкенбайдың һәм оның күйеу баласы Тама батыры Көкі­ұлы Есеттің де жас мөлшері Әбіл­қайырдан үлкен болды ма деген ойға жетелейді. Сұлтан мен батырдың балалық, жастық шағы туралы деректер жетпегенімен, 1710 жылғы Қарақұм жиынына дейін олардың ерлік істері алаш баласына мәлім болғанына ешқандай күмән жоқ.

Екінші. 1803 жылы қазақ даласында болған Я.Гавердовский жазбаларына иек артсақ, бұдан тура 300 жыл бұрын, яғни 1710 жылы Арал маңындағы Қа­ра­құм­да Кіші жүз бен Орта жүз өкілдерінің құрылтайында Әбіл­қайыр сұлтан Кіші жүз ханы бо­лып сайланса, Бөкен­бай ба­­тыр біріккен қазақ жа­са­ғы­на қол­бас­шы болып та­ға­йын­дал­ған. Жоңғарларға қарсы кү­­рес­те­гі Бөкенбай батырдың даң­қы тек Кіші жүзге ғана емес, бүкіл қазақ даласына аңыз болып тарады. Тарихшы Н.Апол­ло­ва­ның 1710 жылы Қа­ра­құм құ­рыл­та­йын ел басына түс­кен жағдайға байланысты ба­тыр­лар­дың басым түскен жиыны болды деп бағалауының әб­ден жаны бар. Аталмыш жиында қазақ әскерін бастау «Алаш» ұрандыдан Бөкенбайға, «Арқар» ұрандыдын Әбілқайырға жүк­те­луі - соның айғағы.

Батырлығымен, жау­жүрек­ті­гі­мен үлкен хандықты айбарлы Жәдік тұқымынан елеусіз Өсеке тұқымына, өзіне аудара білген Әбілқайыр хан батырлық атақты жеке мөрінде безендірді. Әбілқайырдың хандық мөрінде «Мұхаммед Қазы баһадүр Әбіл­қайыр хан Қажысұлтанұлы» деп жазылуы батырлық атақтың мемлекеттік лауазымды істерде үлкен орын алғанын байқатады. «Батыр» деген сөз «багадур» және «бакхатур» деген түрік сөздерінен шыққан.

Сөйтіп, Әбілқайыр хан мен Табын Бөкенбай батыр тағ­ды­ры Қарақұмда, ұлт мүд­де­сі жо­лын­дағы бір арнада тоғысты, бұған дейін де олардың ел мүддесі үшін бірлесе қимылдағаны анық. Қара­құмда ел тізгінін ұстаған екі ірі саяси тұлғаның өмірдегі дос­ты­ғы - кейінгі ұрпаққа өнеге.

Үшінші. 1710 жылдан кейінгі сая­си оқиғалар ағынында Бө­кен­бай батырдың есімі аталып, қайраткерлігі жөнінде жазба деректер сақталмағанымен, Қазақ тарихындағы елдік мәселелерде Әбілқайыр ханның қасында Бөкенбай, Жәнібек, Есет сынды батырлардың болмауы мүмкін емес. ХVІІІ ғ. бірінші ширегіндегі қазақ-орыс қатынастары әс­кери қақтығыстарға толы. Та­ри­хи құжаттарға қысқаша шо­лу жасасақ, 1709 жылы қазақ жігіттері Сызраньға бара жатқан казактар керуенін талаған. 1711 жылы қазақтардың 16 мың әс­ке­рі Жайық қалашығына астық алып бара жатқан казактардың керуенін талқандап, 300 жауынгерін тұтқынға алып, Хиуаға апарып құлдыққа сатқан. 1713 жылы 800 жігіттен тұратын қа­зақ жасағы казактардың Са­ма­ра­ға балық алып бара жатқан керуеніне шабуыл жасап, жауынгерлерін түгел қырып салған. 1714-1715 және 1716 жыл­да­ры қазақ жігіттері (арала­рын­да қара­қалпақтар да бар) әлденеше рет казак отрядтарына соққы берген.

1718 жылы қазақтар мен қа­рақалпақтардың 20 мың әскері Жайық қалашығын қоршайды. Ресеймен, яғни Самара жолымен қатынасын үзген бұл қала бір айдай қоршауда тұрады. 1719 жылы шілде айында Кіші жүз ханы Әбілқайыр 20 мың әскермен келіп Жайық қала­шы­ғын қоршайды. Осынау көп адам қырылған шайқаста қазақтар Жайық қалашығын тағы да ала алмайды. Себебі күз түсісімен Әбілқайыр қаланы қалдырып, Еділ қалмақтарына, яғни казак отрядтарының одақтастарына шабуыл жасайды.

1720 жылы қыркүйек айында қазақ әскері мен орыс-ка­зак­тар арасында Самара өзе­ні­нің бойында қанды шайқас бол­ды. Тұтқынға түскен 50 қазақ жі­гі­тін өлтіріп, «ерлік жасағаны үшін» атаман Никита Бородин Ресей патшасы І Петрдің мақтау грамотасымен марапатталады.

1721 жылы казактар мен қал­мақ­тар­дың атаман Балмаш­нов басқарған тобы Ойыл өзеніне дейін шабуыл жасап, көп тұт­қындармен мал айдап кеткен. 1722 жылы қаңтар айында 300 қол қазақ сарбаздары қарымта қайтару үшін казак-орыс­тардың Шаған жанындағы қысқы станицасына шабуыл жа­сап, 70 казак-орысты айдап әке­те­ді. Ақпан айында казак-орыс­тар­дың Жайық қалашығы жа­нын­дағы жылқы табынын айдап ке­тіп, оларды түгелдей жаяу қалдырады .

1723-1724 жж. Жайық қа­ла­шығына Кіші жүз ханы Әбіл­қа­йыр бірнеше қайтара шүйілді. Сол кезде казактар және қал­мақтардың отрядтарымен қазақ әскері Шыңғырлау, Самара, Шаған өзен­дері бойында талай рет бетпе-бет келіп, қырғын шайқастар болды. Иван Тимофеев, Иван Логинов, Никита Бородин бас­та­ған казак отрядтары көп шығын­ға ұшырады. Орыс-казактардан 170 адам қаза тапты, көп адам жаралы болды, бірнеше жауынгері тұтқындалып, 1725 жылы тұтқындар алмастырылды.

Тарихи деректерге қарағанда, дәл осы кезеңдегі Кіші жүз қазақтары мен Еділ қалмақтары арасындағы қарым-қатынас та нақ осы сипатта. Әбілқайыр хан және оның қол бастаған батырлары 1724 жылдың күзіне қарай Кіші жүзге Еділ қалмақтары тарапынан келер қауіпті сейілткеннен кейін, бірден оңтүстікке қарай ат басын бұрады. Өйткені бұл жорықтың маңызы зор болатын. Ең алдымен ол қазақтың астанасы - Түркістан қаласын азат етуге бағытталды. Бас қаланы азат ету бүкіл қазақ халқы үшін үлкен моральдық-психологиялық ахуал­ды ту­ғыз­ған болар еді, елдің төмен түс­кен еңсесі сәл де болса кө­те­ріл­ген болар еді. Мұны тек қана хан емес, батырлар да, бүкіл жасақтар да түсінеді. Сондықтан болуы керек, қазақ әскерлерінің алдында Түркістан қаласына дейін қаншама жоңғар тосқауылдары кездессе де, Әбілқайыр хан мен Кіші Жүз батырлары 1724 жылдың күзінде Түркістанды тікелей шабуылмен алады. Цеван-Рабданның ұлы, атақты қолбасшы Шоно-Лаузан қазақ әскерлерінің тегеурініне шыдамай, Қаратауға қарай шегініп кетеді. Әбілқайыр хан қаланы 6-7 ай бойы ұстап тұрды. Жоңғарлармен бірнеше рет ашық ұрыстар да болады. Деген­мен күш тең болмағандықтан, 1725 жылдың көктемінде қазақ әскерлері елдің астанасын тағы да жауға қалдыруға мәжбүр болады.

Осы жорықтарға Табын Бөкенбай батырдың қа­тыс­қан­ды­ғы жөнінде нақты деректер болмаса да, Әбілқайыр ханның үзеңгілес серігі, қарулас досы ретінде оның жалпықазақтық майдандардың бел ортасында жүргендігі анық. Әйтпесе, Бөкенбай ба­тыр: «Тәуке ханнан кейін Әбіл­қа­йыр хан бас болды және еш­кім­нен ешқандай қарсылық көр­местен көпшілік қолдауына ие болып, өз еркімен көптеген ерлік істер жасады», - деген сөздерді орыс елшісіне айтпаса керек.

Төртінші. Әбілқайыр хан мен Бөкенбай батырдың туысқан, жақын адамдар екендігі. Бөкен­байлар мен Бөгенбайлар ха­қындағы шатасушылықтар тарихи зерттеулерде кө­те­­рі­­ліп жүр. Бір көңіл аудара­тын нәрсе: XVIII ғ. бірінші жартысындағы Бөкен­бай аттас қазақ ба­тыр­ла­ры­ның Әбілқайыр хан үйінің төңірегіне тығыз топтасқан­ды­ғы. Оған дә­лел Орта жүз Қан­жы­ға­лы (Арғын) Бөгенбай Ақ­ша­ұлы Әбіл­қа­йыр ханның апасы Бәтимаға, Шақшақ (Арғын) Бөгенбай Қо­же­ке­ұлы Әбілқайыр ханның қа­рын­да­сы Мақпузаға үйленген. Қазақ ғұрпымен алғанда бұл екеуі-бажа. А.Тевкелев күнделігіне сенсек, Бөкенбай (яғни Табын Бөкенбай) Әбілқайырдың «немерелес туысы» («внучатый брат») деп көрсетілген. Тарих­шы К.Есмағамбетовтің па­йым­да­уын­ша, төре нәсілді Әбіл­қа­йыр мен қарадан шыққан Бөкенбайдың «немерелес» бо­луы мүмкін емес, бірақ олар қалай болғанда да туыстас адам­дар болған (себебі орыс тілінде «внук», «внучатый род­ственник» деген ұғымдар кең мағынада қолданылады). Жазушы Ә.Кекіл­бай­ұлы­ның пікірінше, хан мен батыр нағашылы-жиенді, Бөкен­бай қыз­дан, Әбілқайыр ұлдан туған. Әбіл­қайыр­дың әкесі қа­рындасы Құтты­бикені Қара ба­тырға ұзатса, бұл одан туған Бө­кен­байға нағашы болып келе­тіндігіне назар аударады.

Сұлтан мен батыр тағ­ды­рын­дағы бесінші ұқсастық. XVIII ғасырда Ресей Сыртқы Істер алқасында еңбек етіп, қалмақ істерімен шұғылданған В.Бакуниннің мәліметтеріне сүйенсек, Әбілқайыр сұлтан мен Бөкенбай батыр әр кезеңде ер­кі­нен тыс Қалмақ сарайында қыз­мет­те (аманатта) болған. В.Бакуниннің анықтамасы бо­­йын­­ша, қалмақ ханының сол ке­зең­де­гі ха­лық­ара­лық бе­де­лі­нің күшті болғандығы сон­дай, «Кубан, Хиуа, қырғыз-қай­сақ сұлтандары, соның ішін­де Әбіл­қайыр ханда оның қа­рауын­да қызметте болған» екен. Жас Әбілқайырдың атақты Ресей вассалының «сарайлық кеңсесінде» пайда болған уақы­ты және осы оқиғалар туралы ешқандай дерек көздері бол­мағанымен, сол кезеңдегі қазақ-калмақ қақтығыстарын ескере отырып, қазақ сұлтанының қалмақ билеушілеріне «қыз­мет­ке» өз бетімен емес, Аюкенің кезекті жорықтарының бірінде тұтқынға түскендер ішінде болған болар деген тұжырым туады. В.Бакунин 1726 жылы күзде Лобжи-Доржи ұлысына қазақтар 10 мың әскермен Орта жүзден Сәмеке хан, Ба­рақ сұлтан және Кіші жүзден Әбіл­қа­йыр хан, Есім сұлтан бас­тауымен шапты деп жазады. Жорыққа Кіші жүзден Бөкенбай, Есет батырлар да қатысқан. Шайқас соңында қазақтар 60 адамды, соның ішінде Бөкенбай, Есеттерді аманатқа қалдырып, өзара келісімге қол жеткізеді. И.Ерофееваның пікірінше, Бө­кенбай 1728 жылдың ортасына дейін қалмақ билеушісі Цэрэн Дондог ұлысында болған.

Бүкіл өмірі жаугершілікте өткен Әбілқайыр мен Бөкен­бай жауынгерлік заманда туып, күреспен есейіп, ер жет­кен адам екенін осы дерек­тер қа­пы­сыз дәлелдейді. Бұдан шы­ға­тын қорытынды: әр жыл­да­ры, әр кезеңде Әбіл­қа­йыр мен Бөкен­бай­дың Еділ қал­мақ­та­ры­ның қолында ама­нат­та болуы оларды ел бо­ла­шағы хақында ойландырмай қоймады.

Алтыншы. А.Тевкелев елшілігі тұсында қос тұлғаның тізелесе қимылдағаны тарихи құжаттарда таңбаланған. Бөкенбай батырды бодандық төңірегіндегі қимыл-әрекет, әңгі­ме-кеңес, елшілік барыс-ке­ліс­тер ішінен жиі көруге бола­ды. Бұл турасында мұрағат деректері аз емес. 1732 жылғы 5 қаңтарда А.Тевкелевтің Сырт­қы істер алқасына жазған хабарламасы: «Мен олардың мұн­дай һарам ниеттерін білген соң өзім­нің жаныма ... баш­құрт­тар­ды шақырып алып, олардан қыр­ғыз-қайсақтардың һарам ойының алдын қалай алуға болатынын сұрап, ақылға салдым. Сол башқұрттар бұдан құтылудың ешқандай амалы жоқ,- деді маған, бір ғана жол бар, ол - осы елдің текті билері Бөкенбай батыр мен оның күйеу баласы Есет батыр, сондай-ақ оның немере ағасы Құдайназар мырзаның тілін табу, мыналарға қарағанда олардың өлсе өлімтігі артық һәм күшті һәм ақылды, һәм байлығы да шаш-етектен, тегі соларды сый-сияпатқа кенелткен жөн. Тек солардың ғана шарапаты тиер деп үміттенеміз, ал олардың да бізге бүйрегі бұрмаса, онда құдайдан басқа тірі пендеден үміт етуге болмайды десті. Алайда мен ханға шабарман жіберіп, оның халқы мені өлтіргелі ниеттеніп жүргенін, қырғыз-қазақтың бұл һарам ойын жүзеге асыртқызбай, аман алып қалуын өтіндім; ал ол, яғни хан менің шабарманымнан: Бөкенбай батырды іздеп тапсын, одан басқа құтылатын жол жоқ, дәл қазір мына жұртқа өзім де күдіктене қарай бастадым деп сәлем айтыпты».

Біріншіден, бұл - сол кездегі нақты саяси жағдайды бейнелесе, екіншіден, Әбілқайыр хан мен Бөкенбай батырдың қақпақылында қалған орыс ел­шісі А.Тевкелевтің аласұра жан­та­лас­қа­ны­нан хабар бере­ді. Елші А.Тевкелев батыр ту­ра­лы өз жазбасын былай жал­ғас­тырады: «...Бөкенбай ба­тыр менің қырғыз-қазақ ордасында болған кезімде маған адал қызмет етті, жалпы Бөкенбай батыр-ақылды, ар-ұяты бар кісі, мен пақырыңыз соның ар­қасында ғана өлімнен қалдым, өйткені қырғыз-қазақ ордасына келген күннен бастап 1731 жылдың 25 желтоқсанына дейін қырғыз-қазақтар әрқашан мені һәм ханды өлтіруге әрекеттеніп бақты, одан Бөкенбай батырдың қорғаштауымен ғана аман қал­дық, мұның бәрі яки Бөкен­бай батырдың маған жа­са­ған адал қызметі һәм қырғыз-қа­зақ­тар­дың маған жасаған күнделікті шабуылы менің күн сайынғы жазбаларымда да тәптіштеледі. Сөйтіп, ол яки Бөкенбай батыр мен ағасы қырғыз-қазақтар ме­нің басыма әңгіртаяқ ойнат­пасын деп мені де һәм ханды да өз ұлыстарына көшіріп алды, қазір біз сонда тұрып жатырмыз, ақырында оның яки Бөкенбай батырдың адал қызмет етуінің нәтижесінде қырғыз-қазақ ор­да­сының бүкілресейлік бо­дан­дық­та болуға ниеті ауды».

Шын мәнінде Ресей бо­дан­дығын Әбілқайырдан бұрын және бірінші болып, Тевкелевтің айтуынша, «жасырын түрде» қабылдаған - осы Бөкенбай. Кейін А.Тевкелев миссиясының күллі материалдарын саралаған ағылшын тарихшысы Алан Бод­жердің «Асылы, Әбілқайырға қа­ра­ған­да Бөкенбай Ресейге қо­сы­лу­ды неғұрлым сенімді жақ­таушылардың жағында бол­ды»,- деп жазуы назар аударарлық. Осы тұста Бөкенбай батырдың Әбілқайыр ханның келісімінсіз дербес қимылдауы күмән тудырады, нақтыласақ, қисын­ға келмейді. Мұрағат қор­ла­рын­да­ғы деректердің мазмұнына тереңірек бойласақ, хан мен батырдың арасында өзара астыртын келісім болғанға ұқ­сай­ды. Зәре-құты қашқан Тевкелевті қазақ ханының «тәу­бе­ге келтіру» саясаты да бол­ға­ны байқалады. Сол құжат­тар­мен танысқан Л.Мейер­дің пі­кірінше, «орыс елшісі өз қар­сы­лас­та­ры­ның бірнешеуін са­тып алған, соның ішінде атақты батыр Бөкенбай да бар». Осы түсініктен шыға отырып қайсыбір тарихшылар орыс елшісі құрған торға «аңғал батыр» оп-оңай түсіп қалды деп байлам жасайды. Бұл - біржақты пікір. Тевкелев ұсынған 500 сомдық тауардан Бөкенбай батырдың бас тартуы - көп мәнжайдың айғағы. Сол заманда Ресейдің 1 рублі 1 қойға бағаланғандығын да ескерген жөн. А.Тевкелевтің сахарада бір жылдай өз міндетін орындау үшін жанталасып баққаны да рас. Ол осы кезде Әбілқайырмен мейлінше жақындасты, қысқа қарай екеуі Арал теңізінің күнгейіндегі Бөкенбайдың қыстауында бол­ды. Олар хан ордасына көк­тем­де ғана оралды. Ақыры ұзаққа созылған саяси текетірестен соң 1732 жылы 24 қарашада Әбілқайыр, Бөкенбай, Есет, А.И.Тевкелев жанына Ерәлі сұлтан, Нияз сұлтан, Жәдік би Құдайназар мырзаны қосып Найзакескен шатқалынан шы­ғарып салады. 1710 жылғы Қара­құм құрылтайында қалың елдің алдында өз киімін өзі жыртып, семсерін ортаға тастап, елді жауды талқандауға біріктіру үшін құлшына айтқан өтімді сөз­дерімен жалпақ жұртты со­ңы­на ерткен Бөкенбайдың аяқ астынан «орысшыл» бола қа­луы­ның сыры неде? Біздіңше, Табын Бөкенбай соңынан қалың аламан ерткен сардар ғана емес, шын мәніндегі сарабдал саясаткер, дарынды дипломат. Шын мәніндегі мемлекет қайраткері. Ұлт басына туатын әбігердің қайда жатқанын әріден ойлаған Әбілқайыр ханның жү­рек түбіндегі жұмбақ сырды Бөкенбай батыр әуел бастан-ақ айтпай ұққан. Шындығында, Маңтөбе мәслихаты қазақ қо­ғамындағы ұлттық саяси элита арасындағы жікті ашып берді. Пікір екіге жарылды. Екі тараптың да уәждері өзінше сенімді шығып жатты. Қалай болғанда да аталмыш мәселеде отандық тарих ғылымында сол заманнан күні бүгінге дейін бірыңғай пікір жоқ. Кезінде осы мәселе хақында профессор Х.Досмұхамедұлы: «...Осы уақытта елдің билері екі айрылды. Бір бөлек билер басы арғын Жәнібек, табын Бөкенбай болып соңына ерген елдерімен хан жағына шығып кетті. Ел бөлініп қоныс аударған уақытта күшті рулардың аз руға жәбірі көбейді. Қоныстың да жайлысы күштілерге тиді. Орта жүзден бөлініп кеткен аз ғана арғында бүліншілік заманда теңдік аз тисе керек, қоныстың жайлысы екібастан тимейді. Кіші жүздің ішінде аз болған жетіруда, же­ті­ру­дың ішінде табын да Жә­ні­бектің арғыны секілді күйде еді. Бұларға Кіші жүзді билеу үшін, еліне жайлы қоныс алып беру үшін Кіші жүздің билеріне сырт бір күш керек болды. Орыс өкіметі жәрдем беріп, Әбілқайыр хан айбарлы хан болса, бұларға іздегені табылғандай болды. Сондықтан бұлар бастан-аяққа дейін Әбілқайырды, Әбілқайыр тұқымын сүйеп кетті. Бұлар дегеніне жетті. Әбілқайыр айбарлы хан болды. Жәнібек пен Бөкенбай Кіші жүзді биледі. Арғын мен жетіру (табын) жайлы қоныс та алды, орысқа, ханға арқа сүйеп күшті рулардан жарытып жәбір де көрмеді...

Әбілқайырдан бастап хан табы күшейе бастады. Патша өкіметі ханға зор сүйеу болды... Сый-сияпатқа батқан Жә­ні­­бек пен Бөкенбайдың үл­гі­­сі бас­қа билердің көзін қы­зық­ты­рып, көңілін бөлді. Хан жақ­та­ған билер көбейе бастады» деген қорытындыға келді. Автор тұжырымын тұтастай жоқ­қа шы­ғар­ма­сақ та, бүгінгі көз­қа­рас деңгейіне сай келмейтін тұстарына тоқталған жөн. Жәнібек пен Бөкенбай про­фес­сор Х.Дос­мұ­ха­мед­ұлы жаз­ған­дай, Әбілқайырмен тек арғын мен табынды билеу үшін, не бол­ма­са мол сый-сияпатқа кенелу үшін бірікпеген-ді. Бұл арада ақылдары ханнан кем емес Жәнібек, Бөкенбай, Есет батырлар негізінен байлық немесе билік үшін емес, Әбілқайырмен біріге отырып қазақтың мемлекеттілігі үшін, сол мемлекеттілікті қамтамасыз ететін қуатты хан билігін қалыптастыру үшін күрескен еді.

Жетінші. А.Тевкелев күн­де­лігінде көрсетілген Табын Бөкенбай батыр туралы Джон Кэстль еңбегінде де айтылады. 1736 ж. 25 маусымда ханның бауыры Нияз сұлтанмен бірге ағылшын суретшісі басқа ордаға барғанын, бұл жерде ханмен және ханның Бөкенбай батыр, Ақмолай батыр есімді ру ақсақалдарымен бірге тамақтанғанын жазады. Одан әрі Джон Кэстль Әбілқайыр ханның ордасындағы үш орда халқының өзімен сыйлас төре тұқымдары, батырлары мен билеріне берілген қонақасыда Бөкенбай ба­тырдың болғандығын келтіреді. «Тұманды Альбион» елі ұлының жазбаларынан 1736 жылы шіл­денің 1 күні хан ордасына шақырылған билердің саны бес жүзге жеткендігі, жиналған қыр жақсы­ла­ры­ның Кіші жүз ханының жақтастары екендігі байқалады. 1738 жыл­ғы Орынбордағы Татищев пен Әбілқайыр арасындағы келіс­сөздер қарсаңында да Бөкенбай батырдың елшілік қызметте жүргені көрінеді. Татищев Орынборға қаптаған әскермен қалмақтың өзінен алты мың адам ертіп келе жатыр деген қауесеттен секем алған Кіші жүз ханы өзінің кәнігі саясаткерге тән сақтығымен Орынборға, Татищевке сенімді адамы Бөкен­­байды жіберген. Татищев Бөкен­бай батырды қошеметпен қарсы алып, сый-сияпат жасап, ... қай­та­дан ханға жіберген. «Россияның бағзыдан бергі тарихы» атты 29 том жазған тарихшы С.Соловьев 1738 жылдың тамыз айында Кіші жүз бен Орта жүздің старшындарының Орынборда Ресейге бодандық туралы екінші рет ант беру рәсімін суреттей келіп, Әбілқайыр­дың түгелдей бағыныштылыққа көп­­­­­ке дейін келіспегенін, тек В.Н.Тати­­щев­тің сіздің есіміңіз осы­дан кейін Ресейге ғана емес, бү­кіл Еуропаға таныс болады деп алдарқатқаннан кейін табын Бөкенбай батыр мен қан­жы­ға­лы Жәнібек батырға қым­бат бағалы сыйлықтар бе­ріліп, олардың ханға жасаған ықпалынан соң ғана оның қол қоюға иліккенін жазады. Әбілқайыр әлі де болса Ресей билігінің құлақ-кесті құлы еместігіне кәміл сенді. Орыс империясының тарихын жазған С.М.Соловьев: «Хан орыс құжаттарында өзін «құл» деп атауға үзілді-кесілді қарсы болды».

Қос тұлғаның тағдырындағы сегізінші ұқсастық. Бөкенбай да, Әбілқайыр да шәйіт өліммен өлді. 1742 жылғы сәуір айында түркімендермен болған ашық шайқаста Бөкенбай батыр бастаған жүздеген қазақтар ерлікпен қаза тапты. Бөкенбайдың өлімінен кейін көп ұзамай Орынбор өлкесіне орыс отаршылдығының көрнекті теоретигі И.Неплюевтің келуі­мен Қазақ даласында отар­шылдықтың жаңа кезеңі басталды. Бөкенбайсыз қалған Кіші жүз һәм Әбілқайыр ханды өмірінің соңына дейін Орынбор өлкесінің алып шенеунігімен арпалысып өту тағдыры күтіп тұрды. Патша үкіметінің алыстан ойластырылған отарлау саясатының тәсілдерін толық меңгерген И.Неплюевтің арандатуымен, бас пайдасының қам-қарекетін ел мүддесінен жоғары қойған, кеудемсоқтық пен қыз­ғаншақтықтың құлы болған Барақ сұлтан 1748 жылдың тамыз айында Әбілқайыр ханды опасыздықпен өлтірді.

«Түйіндей айтқанда, сын сағатта Әбілқайыр хан мен Бөкенбай батырдың басын біріктірген не? Жеке басының ұпайын тү­ген­де­ген, қара басының қа­мын күйттеген пәндәуи арзан ам­би­ция ма? Біздіңше, гәп бас­қа­да, мәселе тереңде жатқан сияқты. Орыстың отарлау тарихы - зерттелмей жатқан тың тақырып. Отар­лан­ған елдердің ол құр­­сау­­дан ажы­ра­ға­ны кеше ғана. Шын мәнінде, орыс отар­шыл­дығы Әбілқайыр хан мен Бөкенбай батырға дейін де, олар­дан кейін де толастаған жоқ. Сондықтан Әбілқайыр мен Бөкенбай саясатын орыс отар­шыл­ды­ғы­ның біртұтас тізбегінде қарастырған абзал. Рас, Әбілқайыр мен Бөкенбай қа­зақ-орыс қатынастарын жаңа сапалық деңгейге алып шық­ты, бірақ М.Қозыбаев әділ бай­қа­ған­ындай, Ресей Қазақ дала­сы­на бодандықсыз-ақ басып кір­ген еді. Оған дәлел, қазір біз то­пы­ра­ғын басып тұрған Жайық қа­ла­шығының негізі қаланғанда Әбілқайыр мен Бөкенбайдың өздері түгілі, әкелері де өмірде жоқ еді. Жайық пен Ертіс өзендеріне әскери бекіністерін тізбектете салу арқылы Қазақ даласын қос бүйірден құрсаулай бастаған орыс отаршылдығына тосқауыл қою еш мүмкін емес еді. Осы жерді өлермендене қорғаған Әбілқайыр хан: «Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті ақыр заман келгенше қазақ халқы бұл жерден айырылмайды. Өйткені мұндай жайлы жерді олар еш жерден таппайды»,- деп талай мәрте мәлімдеуі бүгінгі ұрпақты ойландыруы тиіс. Дұрысында, Қазақстанның Ресейге қосылу үдерісі А.Тевкелев миссиясымен аяқтала салған жоқ, табаны күректей 150 жылға созылды. Алда отаршылдықтың жаңа кезеңі келе жатты», деп ойын түйеді Ж.Жақсығалиев.

Соңғы жаңалықтар