ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ ПІКІР: Айтыскер ақын А.Тұрсынбаева: Ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы төгілген қаны - Тәуелсіздіктің қасіретті де қасиетті құны
«Тәуелсіз ел» дегеннен асқан қасиетті ұғым жоқ. Оның қадірін әрбір азамат жүрегімен түсініп, қастерлей білуі керек. Бұл ата-бабадан қалған асыл мұра. Бұл ұзақ ғасырға созылған білектің күшімен, найзаның ұшымен келген құндылық. Қаншама батырлар мен боздақтар өз өмірлерін құрбандыққа қиып, бізге бейбіт өмірді жеңіп берді. Әндерімізде «Қол жетті міне, аңсаған күнге», - деп жырлағанымыздай, тәуелсіздік - ата-бабаларымыздың армандап кеткен асқақ арманы екендігін айтудан жалықпаймын. «Бес арыс», «Үш бәйтерек» және «Алашордашылар», Ұлы Отан соғысында Отан үшін отқа түскен батырларымыз, Желтоқсан құрбандары - осы қантөгістің барлығы біздің бүгінгі Тәуелсіздігіміздің қасіретті де қасиетті құны», - деді белгілі ақын.
Сондай-ақ, айтыскер Айнұр Тұрсынбаева барша халықты Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, ыстық ықыласын білдірді. «Бүгінде біз берекесі мен ынтымағы жарасқан, жастарға мол мүмкіндік сыйлаған, болашағы жарқын елде өмір сүрудеміз. Осы орайда, Елбасының еңбегі ерен екендігін атап өту парыз. Тәуелсіздікті ту етіп, көкке желбірететін мына біздер, барша халық. Әрбір қазақстандық жақсы өмір сүрсе, қоғам да, мемлекет те дами түседі, егемендігіміз еңселі болады. Еліміздің әрбір отбасына, әрбір азаматына зор денсаулық, ынтымақ-бірлік, бақытты ғұмыр мен мол табыс тілеймін! Тәуелсіздік күні мерекесі құтты болсын!» - деді ол.