ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ ПІКІР: Сенатор Ж. Ерғалиев: Елбасының тағдыры - қазақ елінің тағдыры мен тарихы
![None None](/static/img/plug.webp)
«Тұтас бір елдің, тұтас бір халықтың ғасырлар бойы армандап келген тәуелсіздігін өзі жариялап, сол тәуелсіздіктің көк байрағын өз қолымен тұңғыш көтерген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сынды тарихи тұлғаның ерлігі мен ұлылығын тану және сол жайында айта да білу қажет енді. Қазақ елінің Тәуелсіздігі үшін Президентіміз жасаған және жасап келе жатқан істері мен қадамдарын, өз туған халқына айтып келе жатқан сөздерін, ақыл парасатын саралай білсең, көптеген ұлылықты танисың», - дейді сенатор Жабал Ерғалиев.
«Қасиетті Тәуелсіздігіміздің жиырма үш жылдығына арналған салтанатта Елбасының тәуелсіздік жайлы жүректі тербер толғауын тыңдағанымда Елбасының ұлылығын тағы да бір тереңінен тани түскенім бар. Елбасы тәуелсіздік жайлы толғанысы елдік жайлы жүрек тебіренісі еді. Өйткені Тәуелсіз қазақ елінің тарихы сол елдің екі тізгін, бір шылбырын өз қолына ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевтың тағдыры, бұған керісінше Елбасының тағдыры қазақ елінің тағдыры мен тарихы болып қалыптасты. Бұл қос тағдыр тұтас бір халықтың тағдыры болатын!
Н. Назарбаев нені де болса елімен бірге көрді, елімен бірге төзді, елімен бірге жеңді! Қазақ елін, қазақ деген ұлтты әлем ең әуелі Назарбаев есімімен, Назарбаев келбетімен таныды. Бұл - тарихи ақиқат! Елбасының мәңгілігі - Қазақ елі! Елбасының мәңгілігі - ел Тәуелсіздігі! Елбасының мәңгілігі - қазақ елінің Көкбайрағы, Әнұраны мен Елтаңбасы! Елбасының мәңгілігі - ел Астанасы! Елбасының мәңгілігі - жалпы Адамзат мүддесі үшін атқарып келе жатқан Істері мен Еңбектері! Олай болса Елбасының бүгінгі толғанысы бүгінгі де келер ұрпақты да Мәңгілік Ел болуға үндеген аманаты деп қабылдағанымыз жөн», - дейді сенатор.