ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ ПІКІР: Сейіт Бабалиев: Ел тәуелсіздігі - әлеуметтік-экономикалық дамудың кепілі
«Тәуелсіздік - еліміздің, халқымыздың басты мерекесі! Қазақстан өз тәуелсіздігінің арқасында әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттермен теңқұқықты қарым-қатынастар орнатты. Осылайша, өзін бүкіл әлемге танытты. 1991 жылдың 16 желтоқсаны - Қазақстан үшін бетбұрыс кезең болды. Содан бастап, еліміз дербес мемлекет ретінде даму жолына түсті. Демек, ел тәуелсіздігі - әлеуметтік-экономикалық дамудың бірден-бір кепілі», - деді С. Бабалиев.
Сонымен қатар, Сейіт Бабалиев Тәуелсіздік күні - Қазақстанда өмір сүретін 140 жуық ұлттар мен ұлыстар үшін де ұлы мереке екендігін атап өтті.
«Кезінде Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы - бүгінде тәуелсіз Қазақстанның басты символдарының бірі болып табылады. Ол 140 жуық ұлт пен ұлыстың өкілдерін біріктіреді. Олардың барлығы Қазақстанды «Отаным» деп санайды. Өйткені, бүгінгі таңда Қазақстанда барлық азаматтар үшін білім алуда болсын, жұмысқа тұруда болсын, барлық салада тең мүмкіндіктер берілген. Бұл үшін қазақ халқына, Елбасына айтар алғысымыз шексіз», - деді С. Бабалиев.