ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ ПІКІР: Тәуелсіздік еліміз үшін ең қымбат, баға жетпес қазына болып табылады - Ф. Богапов
«Тәуелсіздік еліміз үшін ең қымбат, баға жетпес қазына болып табылады. Тәуелсіздіктің елімізге берген ең басты сыйы береке-бірлік деп білемін. Қазақ халқында: «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген даналық сөз де бар. Міне, ынтымаққа, татулыққа шақыратын осы ұлағатты сөзді Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге көпұлтты еліміздегі ұлттар мен ұлыстар жіті ұғына біліп, мемлекетімізді әлемге достық елі ретінде үлгі етті. Әсіресе, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың ҚР Тәуелсіздігінің 23 жылдығына орай салтанатты жиында жариялаған «Тәуелсіздік толғауында» егемен мемлекетте бейбітшілік пен келісімде, өзара сенімде азат өмір сүру маңыздылығын атап өтуі көңіліме қуаныш ұялатты», - дейді Фарук Богапов.
Сонымен қатар, ол қазақстандықтарды бір шаңырақтың астына ұйыстырған Қазақстан халқы Ассамблеясының маңыздылығына да тоқталды.
«Қазақстанның егеменді ел атанып, тәуелсіздігін алғанына бір қуансақ, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы кеңесші орган - Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғанда бұл қуанышымыз тіпті еселене түсті. Осылайша елдегі қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайтуға үлес қосатынымызға мақтаныш білдіргеніміз әлі есімде. Президентіміздің «Қазақстан халықтары Ассамблеясын құру туралы» Жарлығы Тәуелсіздік жылдарында еліміздің достық пен бірлікті нығайтуда жасаған аршынды қадамы деп білемін.
Келер жылы Ассамблея жылы деп аталуының өзінде көп мән жатыр. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктеп, еліміздегі түрлі ұлттардың достығы мен бірлігін одан әрі нығайта түсуге мүмкін береді. Осының бәрі, Елбасымыздың, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүздеген ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақтың астына біріктіріп, бір атаның балаларындай береке-бірлікте ғұмыр кешкізіп жатқан сарабдал саясатының, данагөйлігінің арқасында деп білемін», - дейді Фарук Богапов.