ТӘУЕЛСІЗДІК ТУРАЛЫ ПІКІР: Тәуелсіздік құндылығы - тәрбие мен білімнің түп-тамыры - Аягүл Миразова

«Отанды шынайы сүю - ел тәуелсіздігінің құндылықтарын сезінуден, түсінуден басталады. Бұл тәрбие арқылы, білім арқылы бойға сіңеді. Яғни тәуелсіздік құндылығы - тәрбие мен білімнің түп-тамыры . Сондықтан, өскелең ұрпақты адамгершілікке тәрбиелей отырып та, білім бере отырып та оған тәуелсіздіктің маңызын, мәнін, құндылығын түсіндіруіміз қажет. Ал олар Елбасымыздың «Тәуелсіздік толғауында» айқын көрініс тапқан. Бұл ой орамдарының оқу бағдарламаларына енгізілуін қолдай отырып айтарым, тәуелсіздік құндылықтары бір пәнде ғана емес, басқа да пәндердің өн бойында көрініс табуы керек деп ойлаймын» - деді Аягүл Миразова Елбасының «Тәуелсіздік толғауын» мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының білім бағдарламаларына енгізу туралы тарихшылар конгресінің ұсынысына байланысты айтқан сөзінде. Сонымен қатар, Аягүл Төреқызының айтуынша, бұл жерде тәрбиенің орны ерекше. «Тәрбие білімнің алдында жүреді. Өйткені, «Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы», деп әл-Фараби бабамыз бекер айтпаған. Тәуелсіздік құндылығы, оның келешегі, мәні, мағынасы, соның жолында Елбасымыздың, Қазақстан халқының атқарып жатқан еңбектері де тәрбие арқылы түсіндіріледі. Бұл жерде ұстаздардың рөлі - ерекше. Жастарға кейде бұрынғыдай емес деп ренжіп жатамыз. Бұған бірінші кезекте ұстаздардың өздері жауапты. Мәселе - құндылықтарымызды қалай болғанда да, жеткізе, ұғындыра білу. Отан отбасынан басталады дейтін болсақ, бұл игі шара бала бақшадан бастап, мықтап қолға алынса, құба құп болар еді», - деді Аягүл Миразова.