Тәуелсіздік жолында жан аямай күрескен Бөкенбай батыр Қараұлының ұрпақтары да осал болмаған - ғалым С.Құрманалин

РАЛ. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ -Қазақ халқының сырт жаулардан қорғану жолындағы ХҮІІІ ғасырдағы Отан соғысы немесе ХІХ ғасырдағы отаршылдыққа қарсы азаттық күресі тарихында белгілі рулардың көш басында тұрған ғасырлардан ерлік тамыры үзілмеген белгілі бір әулеттер болғандығы тарихтан мәлім. Соның бірі - Бөкенбай батыр әулеті. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне тарих ғылымдарының кандидаты, Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының доценті Самат Құрманалин мәлім етті.
None
None

Оның айтуынша, қазақ тарихында зор маңызы бар ХҮІІІ ғасырдың басты оқиғаларының бірі - 1710 жылғы Қарақұм кеңесі. Осы әскери-саяси жиында Бөкенбай батырдың айтқан сөзі сол кезеңдегі бүкіл қазақ бетке ұстарларының жігерін жаныды. Ірі әскери қайраткер, қолбасшы Бөкенбай батыр ХҮІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы қазаққа абырой әкелген айбынды жеңістердің басында болды. Әсіресе, Әбілқайыр ханның 1716-1723 жылдардағы Еділ қалмақтарының ханы Аюкені тізе бүктірген шайқастарында ірі әскери қосындарды басқарды. 1723 жылғы қыркүйектің басында Әбілқайыр хан 20 мың әскермен қалмақ тайшыларына Жем бойымен қарсы аттанып, Жайықтан өтіп, қалмақ билеушілерін қиын жағдайға қалдырғанда, Кіші жүздің ірі әскери қосындарын басқарған Бөкенбай Есет, Қарабас, Тайлақ, Шолан, Ақпан, Есболай, Киікбай батырлармен бірге алдыңғы шепте болғандығын бүгінде деректер айғақтап отыр. Сол жорықта қазақтар Доржы Назаровтың 5 мың әскерін тықсырып, Досан тайшыны қашуға мәжбүр етеді. Көп кешікпей Лекбай тайшының 2 мың шаңырақтан тұратын ұлысын талқандайды. Кіші жүздің найза ұстап жауға барған қосынының осынау ұлы жорығының нәтижесінде құба қалмақ пен қара қалмақтың Сыбан Рабтан қонтайшы мен Аюке хан бастаған әскерінің Сырдария бойында жеңіс тойын тойламақ жоспарлары жүзеге аспаған болатын. Тарихтан мәлім, бұл оқиғаның қазақтың Отан қорғау тарихындағы өмірлік маңызы абат, ғасыр оқиғасы екендігін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.

Даңқты батырдың ұлы Тіленші би жөнінде ХҮІІІ ғасыр соңындағы деректерден көптеген мәліметтер алуға болады.

Халықтың тілегі мен бірлігін қорғай алатын парасатты, ақылды, жігерлі ел иелері халық арасынан отаршылдық дәуірде көптеп табылды. ХҮІІІ ғасырдың соңғы ширегінде ұлттық тәуелсіздік жолындағы арпалыстың көш басында атақты батыр, даңқты би Сырым Датұлы тұрғандығы баршаға мәлім. Қазақ еліндегі ұлт-азаттық көтерілістеріне тән ерекше атап өтетін жайт - көтеріліс басшыларына аса жақын болып, айрықша ықпал еткен жеке тұлғалардың болуы. Әрине, бұл тұлғалар бірінші кезекте өздерінің жекелеген айрықша қасиеттерімен, батырлығымен көзге түсті, сондықтан оларды жаугершілік заман талабына сай бұқара мойындады, арқа сүйеді және үміт артты. Осыған сәйкес өз кезегінде 20 жылға созылған азаттық күресіне Табын руын әкеліп қосқан Тіленші Бөкенбайұлы Кіші жүз қазақтары қарулы қозғалысының Сырым батырдан кейінгі жетекшілерінің біріне айналған болатын. Ол - азаттық үшін күресте қызметі мен рөлі ерекше көрініп, сол кезеңдегі қоғамдық өмірден абырой-беделінің, ел үшін істеген еңбегінің, әділ билігі мен қайтпас батырлығының арқасында салмақты орын алған қайраткер.

Күні бүгін отандық тарихшы-ғалымдар Сырым көтерілісін зерттеуде бірқатар талас туғызатын проблемалар, шешілмеген қарама-қайшылықты сәттер қалып қойып отырғандығын тілге тиек етеді. Бұл бағытта атақты ру басыларының 1783-1797 жылдардағы көтерілістегі рөлі туралы мәселе даулы күйінде қалып отырғандығын, Сырым Датұлының Кіші жүздегі ықпалды билермен қарым-қатынасының әлсіз зерттелгендігін баса көрсетеді. Бұл - өте назар аударатын мәселе. Өйткені, ХҮІІІ ғасырдың соңғы ширегінде Ресейдің империялық-отаршылдық саясатының өлкеге дендеп енуіне байланысты, ғасырлар бойы өзінің рөлін сақтап келген хандық билік Кіші жүзде дағдарысқа тірелді. Хан билігін жоюды мақсат еткен патша үкіметі Ордада лаң туғызып, сұлтан топтарын бір-біріне қарсы қойып қырқыстыра бастады. Осындай жағдайда саяси тұрақтылықты сақтай алатын, аласапырандардың басты себебі - отарлық саясатта жатқандығын бірден түсінген халық қалаулылары - билер Кіші жүзде белсенді қимылдарымен көзге түсті. Олар Сырым Датұлының төңірегіне топтасқан Қаратау би (Ысық), Сегізбай би (Төртқара), Тормамбет би (Байұлы), Көккөз би (Кете), Дөнен батыр (Масқар), Мұрат би (Шеркеш), Сыпыра би (Алаша) т.б. болатын. Әсіресе, Сырымның ең жақын серігі, Табын руынан шыққан атақты би, батыр Тіленші Бөкенбайұлы ел тағдыры таразыға түскен сәтте билік тізгінін азаттық жолындағы күреспен байланыстырып, 20 жылға созылған көтерілістің басты жетекшілерінің біріне айналады.

Қазақстанда патша өкіметінің отаршылдық саясатының күшеюіне қарсы халық бұқарасының наразылығы Кенесары хан бастаған кең сипаттағы және ұзақ уақытқа созылған көтеріліске ұласқанға дейін-ақ біртіндеп күшейе түскендігі қазақ тарихынан мәлім. Кенесары Қасымұлы көтерілісінің алғашқы хабаршысы - ХІХ ғасырдың 20-30 жылдары Кіші жүзде болған батыр Жоламан Тіленшіұлының қозғалысы еді. Бұл жөнінде әйгілі тарихшы Е.Бекмаханов «жергілікті жерлерді ғана қамтып, тез өшкен жалын іспеттес түрде ғана болғанымен, онда жақындап келе жатқан дауылдың да белгілері байқалған еді», деп жазған болатын. Әбілқайыр ханның басты қолдаушыларының бірі, қазақ-қалмақ соғысының қаһарманы Бөкенбай батырдың немересі, Сырым Датұлы қозғалысы белсенді жетекшілерінің бірі Тіленші батырдың ұлы әрі би, әрі батыр Жоламан Кіші жүз қазақтары көтерілісінің басшысы болатын. Ол ХІХ ғасырдың 20 жылдары Табын руы мекендеген жайылымға, өзендерге, тұзды жерлерге бай Жаңа Елек ауданын патша өкіметі тартып алған кезде-ақ өз руын бастап күреске шығады. Кенесары ханның Орта жүздегі көтерілісі басталғанда, оларға көмекке баруға асыққан Жоламан батыр өз кезегінде Кіші жүздегі қазақ руларының басым көпшілігінің күресін біріктіруші болды.

Бөкенбай батырдың ұрпағы Жоламан Тіленшіұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс тарихын оқып-тану үшін аса маңызды рөл атқаратын атақты батырдың мұрағаттарда сақталған хаттарын білген ләзім. Жоламанның Орынбор генерал-губернаторы Эссенге жазған екі хаты мен Орал казачествосының әскери атаманы генерал-майор Бородинге жолдаған хатының ұлт-азаттық қозғалыстар тарихнамасында маңызы зор. Бұл деректерді тарихшылар А.Рязанов, Е.Бекмаханов, Ж.Қасымбаев, Ә.Мұқтар өз еңбектерінде жариялады да.

Атақоныс жерлерін қайтарып беруді талап еткен Жоламан батыр дипломатиялық қадамдарынан нәтиже шықпағаннан кейін қарулы қимылдарды үздіксіз жүргізіп отырды. Жер үшін, жоғалтқан жайылымдар үшін күрес Жоламан батырдың тарихи тұлғасын алдыңғы қатарға шығарды. Сонымен бірге батыр патша үкіметі алдап қолға түсіріп, жер аударған қазақ ханы, реформаторлық қызметтері арқылы ел жадында ерекше қалған мемлекет қайраткері, күрескер тұлға Арынғазы Әбілғазыұлы мен Сырым батырдың баласы Жүсіп тарханды тұтқыннан босату жөнінде империялық биліктің алдына батыл талаптар қойған болатын-ды. «Елек өзені бойындағы жаңа әскери шепті әкетіңдер. Онда бізді дос санайсыздар. Мен сұраған жерлерді берсеңіз, онда біз дос боламыз, егер бермесеңіздер онда жау боламыз», деп ашық мәлімдеген Жоламан батыр өз заманында Кенесары ханның азаттық қозғалысына қосылды, Есет Көтібарұлымен шекаралық линияларда соғыс қимылдарын жүргізді, Исатай Тайманұлының 1838 жылғы әскери қимылдарына қолдау көрсетті.

«Қорыта айтқанда, елін, жерін азат етуде қазақтың бір ғана әулетінің тарихи орны осындай. Сондықтан ерлеріміздің есімін ұлықтап, ұрпаққа таныту қасиетті тірлік деп білеміз», деп түйіндеді өз ойын тарихшы-ғалым.

Соңғы жаңалықтар