Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға маңызды үлес қосты - Б. Жексембин

None
None
ТАШКЕНТ. 2 желтоқсан. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан халықаралық құқық нормаларын және демократиялық құндылықтарды ұстана отырып, аймақтық және жаһандық көлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға маңызды үлес қосты.

Бұл туралы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған баспасөз мәслихатында ҚР-ның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бөрібай Жексембин мәлімдеді.

«Өткен жылдар ішінде Қазақстан Бірікккен Ұлттар Ұйымында лайықты орын ала білді. Республика БҰҰ-ның бітімгерлік күш-жігері қорын құруға, Жаһандық энергия-экологиялық стратегияны қабылдауға ұсыныс жасады, «Жасыл көпір» көлемді экологиялық бастамасын, т.б. көптеген идеяларын алға жылжытты. Қазіргі уақытта Қазақстан 2017-2018 жылдарға БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өз кандидатурасын ұсынды», - деп атап өтті Елші.

2010 жылы біздің еліміз ЕҚЫҰ-ға сәтті төрағалық етті. Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың бастамасы және төрағалық етуімен Астана қаласында жоғары ұйымдастырушылық деңгейде ЕҚЫҰ-ның Саммиті өткізілді, оның қорытындысы бойынша Астана декларациясы қабылданды.

«Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға, 2011 жылы ШЫҰ, ИЫҰ сияқты маңызды халықаралық ұйымдарға төрағалық етуі Астана қаласын Батыс пен Шығыстың, Еуропа мен мұсылман әлемі арасындағы диалог алаңына айналдырды. Әсіресе, Қазақстанның Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық етуінің арқасында 350 млн. АҚШ долларын азық-түлік, дәрі-дәрмек жіберіп, Сомалиді экономикалық оңалту бағдарламасы бойынша жұмылдыру мүмкін болды», - деп түсіндірді Б.Жексембин.

Қазақстан егеменді даму жылдары маңызды ықпалдастық форматтардың және бірқатар халықаралық бастамалардың авторы болып танылды. 1990 жылдардың басында Президент Н.Назарбаевтың айтқан бастамалары соңғы жылдары толық жүзеге асырылды. Солардың ішінде Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты, Кеден одағын және келесі жылдың 1 қаңтарынан күшіне енетін Бірыңғай экономикалық кеңістікті құру сияқты маңызды бастамалар бар, деп атап өтті ҚР дипломатиялвық өкілдігінің басшысы.

Соңғы жаңалықтар
telegram