Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда шахтадағы апаттардан 160 адам қаза болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін түнде Қарағанды облысында «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Ленин атындағы шахтасында апат болып, салдарынан 5 кенші қаза болды. Қазір қылмыстық іс қозғалып, Үкіметтік комиссия құрылды. Тіпті сенаторлар осы оқиғаға байланысты қауіпсіздік ережелерін күшейту керек деп Бас прокуратураға сауал жолдап үлгерді. Жалпы тәуелсіз Қазақстанның тарихына үңілсек, шахтадағы ең ірі апаттар Ленин атындағы шахтада болған екен. Түнде болған апаттың жай-жапсары, қолға алынған шаралар мен егемендік алғалы болған өзге де ірі апаттар жөнінде еске салуды жөн көрдік.
None

Ленин атындағы шахтада апаттан 5 кенші қаза болды

3 қараша күні сағат 3.03-те «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Ленин атындағы шахтасында апат болды.

«Оқиға болған кезде шахтада 106 қызметкер болды, 101 адам жер бетіне көтерілді. 5 адам (бағаналы бөлік жұмыскерлері) көтеру торларының жұмыс істеуі үшін қалды»,-деп мәлімдеді Қарағанды облысы әкімдігінде.

«КӘАҚҚ РОШ» ЖШС Қарағанды филиалының құтқарушылары. Фото: centrspas.kz


Қазіргі таңда шахтаның 5 қызметкерінің денесі табылды. Оқиға орнына облыс әкімі, қала басшысы және компания жетекшілері, «Көмір» ӘҚҚҚ авариялық-құтқару қызметі барды.

Ленин атындағы шахтада 5 кеншінің қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалып, ТЖ фактісі бойынша ҚР ҚК 277-бабы 3-бөлігі («Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу») бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Ленин атындағы шахта. Фото: naraione.org


«Оқиға орнында Қарағанды облысы полиция департаментінің жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде»,-деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахтасында қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына көңіл айту жеделхатын жолдады.

«АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының шахтасында болған апат салдарынан қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Үкіметке және Қарағанды облысының әкіміне апат себептерін анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды және қайтыс болған және зардап шеккен азаматтардың отбасыларына тиісті көмек көрсетуді тапсырдым»,-деп жазылған жеделхатта.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына барған сапарында аймақтың өндірістік кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі әлі күнге сын көтермейтінін атап өтіп, кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейтетін жүйелі шаралар қабылдауға тапсырма берген еді.

«Қарағанды сияқты индустриясы дамыған облыс үшін бұл – маңызды мәселе. Мысалы, тек 2022 жылы «АрселорМитталТеміртау» АҚ объектілерінде жұмысшылар қаза тапқан бірнеше оқиға тіркелді. Ірі компаниялар өндірісті жаңғыртуға әрдайым инвестиция құюы керек. Уәкілетті органдар өндірістік апаттардың көбейгені үшін кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейтетін жүйелі шаралар қабылдауы қажет»,-деген еді Президент.

Ал Сенат депутаттары «Арселор Митталдың» мәселесі бойынша бүгін Бас прокуратураға сауал жолдады. «Біздің инвесторларға немесе кәсіпорындардың басшыларына қоятын ең негізгі талабымыздың бірі – қауіпсіздік ережелерін сақтау. «Арселор Митталдың» кәсіпорнында бұған дейін болған апаттарға қатысты прокуратура органдары әрекетсіз болды деп ойламаймын. Бәлкім әрекет еткен шығар, оны біз білмейтін шығармыз... Ең әуелі бұл компания басшыларының, өкілдерінің кінәсі бар екенін, сондай-ақ оқиға салдарына олардың әрекеті немесе әрекетсіздігі қалай әсер еткенін анықтау керек. Біздің тиісті органдардың тергеуді қалай жүргізетініне және мұның бәрін дәлелдей алатынына көп нәрсе байланысты»,-деді Сенат депутаты Қайрат Қожамжаров.

Тәуелсіздік алғалы шахталарда болған апаттар

Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бері шахталарда болған апаттарға назар аударсақ, еліміздің тарихындағы ең ірі апаттар «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтасында болғанын байқаймыз. Мәселен, аталған шахтада 2006 жылы метан жарылып, салдарынан 41 адам көз жұмды. Ал 1995 жылы дәл осындай апаттың кесірінен 13 кенші қаза тапқан еді.

Фото:shahtinsk.ru


Тіпті Мәжіліс депутаты Гүлнар Бижанова палатаның жалпы отырысында «АрселорМиттал Теміртау» келісімшарт аумағында көмір қабаттарының жоғары газдануы салдарынан біршама шахтер қаза тапқанын тілге тиек етіп, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал да жолдаған болатын.

«1997-2021 жылдар аралығында «АрселорМиттал Теміртау» келісімшарт аумағындағы көмір қабаттарының жоғары газдануы себебінен шахталарда 130 адам қаза тауып, жарақат алды»,-деді Гүлнар Бижанова.

Елімізде 30 жыл ішінде шахтада бүгінгіні қосқанда 12 апат болып, одан ондаған адам қайтыс болды. Қазіргі таңда компаниялардың басшылары мен мемлекет қауіпсіздік шараларын күшейтуі керек.

«Ақтас» шахтасындағы өрт (1994 жыл)

1994 жылы 16 наурызда Қарағанды облысы Саран қаласының маңындағы Ақтас ауылындағы шахтада өрт шығып, 11 адам қаза тапты. Өртті сөндіру кезінде өртті сөндіретін инертті газ берілетін құбыр үзіліп, оның ішіндегі газ тау-кен құтқарушылары жұмыс істеп жатқан учаскеге тарады.

«Қазақстан» шахтасында метан жарылды (1994 жыл)

Қарағанды маңында орналасқан «Қазақстан» шахтасындағы жарылыс 1994 жылдың 7 шілдесінде болған. Үйінді астында 14 адам қаза тапты.

Ленин атындағы шахтада метан жарылды (1995 жыл)

1995 жылдың 24 қарашасында Қарағанды облысы Шахтинск қаласында болған төтенше жағдай 13 адамның өмірін қиды.

Ленин атындағы шахтада метан жарылды (2006 жыл)

Төтенше жағдайлар ішінде ең көп адам қайтыс болған ауқымды оқиға 2006 жылдың 20 қыркүйегінде болды. Жарылыс желдету құбырларын ауыстыру кезінде қауіпсіздік техникасының бұзылуына байланысты шықты. Төтенше жағдайдан 41 адам қайтыс болды. Оқиғадан кейін алты жұмысшы сотталды.

Жарылыс кезінде қызметкерлердің орналасу схемасы 2006 ж. Фото:shahtinsk.ru

«Абай» шахтасында метан жарылды (2008 жыл)

2008 жылдың 11 қаңтарында Қарағанды облысының Абай қаласындағы шахтада болған қайғылы оқиғадан 30 шахтер қаза тапты. Төтенше жағдайды тергеу барысында өнеркәсіп қауіпсіздігін бақылауға жауапты екі шенеунік қызметінен айырылды.

«Абай» шахтасында қаза тапқан кеншілерді еске алуға арналған мемориал.

Фото: ugolkaraganda.wordpress.com

«Саран» шахтасындағы төтенше жағдай (2016 жыл)

2016 жылдың 10 қарашасында Қарағанды облысының шахталарында ірі апат болды. «АрселорМитталТеміртау» компаниясының «Саран» шахтасында жұмысшылар жоғарыға көтерілген кезде арбаның тросы үзілді. Салдарынан үш адам оқиға орнында қайтыс болды, тағы біреуі ауруханада көз жұмды.

«Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» бабы бойынша апатқа шахтаның үш жұмысшысы – кабинаны монтаждаған жұмыскер, машинист және учаске бастығы кінәлі деп танылды. Үшеуі де бес жылға бас бостандығынан айырылды.

«Қазақстан» шахтасындағы апат (2017 жыл)

2017 жылдың 31 тамызында сағат 04:21-де Қарағанды облысы Шахтинск қаласында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ КД «Қазақстан» шахтасында желдету түйісімінде кенет көмір мен газ атқылаған. Сол уақытта шахта ішінде 136 адам болған, оның ішінде үш адам авариялық қазбада болған. Сағат 05:35-те шахта қызметкері зардап шеккен үш адамның мәйітін тапты.

Төтенше жағдай салдарынан 3 адам қайтыс болды.

Шығыс Қазақстандағы жарылыс (2020 жыл)

2020 жылғы 16 маусымда Шығыс Қазақстан облысында орналасқан «Шығыстүстімет» ЖШС Орлов өндірістік кешенінің шахтасында жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде екі жұмысшы қаза тапты. Тағы бір шахтер ауруханаға жеткізілді. Оқиға кешкі сағат он шамасында Бородулиха ауданының аумағында болды.

Ақтөбеде 4 адам газдан уланды (2020 жыл)

Қайғылы оқиға 2020 жылдың 30 желтоқсанында кешке жарылыс жұмыстары кезінде болды. «Ақтөбе Мыс компаниясы» ЖШС-нің төрт қызметкері қайтыс болды.

Өлімнің алдын ала себебі – газдан улану. Кеніштегі жұмыстар тоқтатылып, қызметкерлер жер бетіне шығарылды.

Факт Қылмыстық кодекстің 156-бабының 4-бөлігі «абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді.

«Абай» шахтасында метан жарылды (2021 жыл)

2021 жылдың 7 қарашасында сағат 09:30-да Қарағанды облысы Абай қаласындағы «Абай» шахтасының кенжарында метан жарылды. Шахтада 64 қызметкер болған, 56 адам бірден эвакуацияланды. 3-К10 кенжарында сегіз жұмысшы қалған, оның ішінде алты адам қайтыс болды, екеуі газдан уланды. Олар ауыр жағдайда ауруханаға түсті.

«Саран» шахтасында тау-кен массасы құлады (2022 жыл)

Қарағанды облысында «Саран» шахтасында тау-кен массасы құлап,57 жастағы кенші қаза тапты, Шахта «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кәсіпорнына тиесілі. Қайғылы оқиға 2022 жылғы 24 наурызда болды.

Айта кетейік, еліміз тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Қазақстан шахталарында 12 ірі апат болып, салдарынан 160 адам қаза болды.



Басты фото iqreview.ru сайтынан алынды





Соңғы жаңалықтар