Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 132 млрд. АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестициялар тартылды - халықаралық конференция

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 132 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестициялар тартылды. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі 12 есеге өсіп, 10 мың АҚШ долларын құрады»,-деді бүгін Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Бобров Парламент Мәжілісінде өткен «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан: Тәуелсіздікке 20 жыл» атты халықаралық конференцияда.
Қазақстандықтардың кірісі 20 жылда 17 есеге артты. «Бұл ретте өмір сүру сапасының бірден-бір көрсеткіші ретінде елімізде, әсіресе медицина мен білім беру саласына ерекше маңыз берілгендігін атап өту керек. Соңғы 10 жылда денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы көлемі 10 еседен астам өсті. Осының барлығы біздің басты байлығымыз - адам капиталын дамытуға үлес қосты. Қазақстанда туу көрсеткіші 1,5 есеге артты. Ал халықтың табиғи өсімі үш есеге көбейді»,-деді В.Бобров.
Сондай-ақ ол сөзінде елімізде білім саласына баса көңіл бөлініп отырғандығын атап өтті. «Қазақстан сауаттылығы деңгейінен 2010 жылы әлемнің ең үздік 100 мемлекеті рейтингісі бойынша 14-ші орынға табан тіреді. Осыдан 10 жыл бұрын шет мемлекетте білім алу Қазақстан жастары үшін арман ғана болатын. Ал бүгінде 25 мыңнан астам Қазақстан жастары шет мемлекеттердің оқу орындарында білім алуда. Олардың 4 мыңынан астамы «Болашақ» бағдарламасының аясында мемлекеттің есебінен оқуда»,-деді спикер орынбасары.
Көпұлтты мемлекеттердің бірі ретінде Қазақстан экономикалық жағынан өсіп-өркендей отырып, елде бейбітшілік пен келісімді де нығайта білді. «Рухани келісім негіздері мемлекетімізде көпбағытты, төзімді және ашық бола түсті. Өзара келісім мәселесі барлық қазақстандықтарды біріктіретін күшке айналды»,-деді В.Бобров.