Тәуелсіздіктен бері қанша қазақ баласы Олимпиаданы бағындырды?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік алғаннан бері отандастарымыз қатысқан 5 Жазғы олимпиаданың тарихына үңілсеңіз, жерлестеріміз Қазақстан қоржынына жалпы 52 медаль салған екен. Оның 16-сы алтын, 17-сі күміс, 19-ы қола медаль.
None
None

Бұл, әрине отандастарымыз қатысқан Олимпиаданың санымен салыстырғанда жоғары жетістік. Биыл тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына тұспа-тұс келіп отырған Рио Олимпиадасында тағы қанша медаль алатынымызды алдағы уақыт көрсете жатар. Біз бүгін осы 5 жазғы ойындарда ойындарында қанша қазақ баласы Олимп тұғырына қол жеткізгені туралы айтып өткенді жөн санадық. Нақтырақ айтсақ, 52 медальдің қаншасы қазақ азаматтарының еншісінде деген сұраққа жауап бермекпіз.

Негізі спорт - ұлтқа, руға бөлінбейді. Спорт - жалпы достық пен береке бірліктің символы! Біз бұл жерде осыған дейінгі Қазақстан намысн абыроймен қорғаған спортшыларымыздың әр қайсысын алалаудан аулақпыз. Бәрінің де еңбегі ұшан-теңіз. Деседе, оқырмандарымыз қанша қазақ баласының Олимпиаданы бағындырғанын біле жүргені артықтық етпес деген оймен осы тақырыпқа қысқаша тоқталдық.

Атланта олимпиадасы (1996) 

Өз алдына дербес ел болып тұңғыш қатысқан Атланта олимпиадасында спорттың барлық түрінен 4 қазақ азаматы жүлдегерлер қатарынан көріне білді. Өкінішке қарай бірде-бір қазақ баласы жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріле алмады.

Жеңіс тұғырының екінші сатысынан тек дарынды боксшымыз Болат Жұмаділов (51 келі) көтерілді. Сондай-ақ, осы Олимпиадада тағы екі  боксшымыз жеңіс тұғырынан көрінді. Олар: Болат Ниязымбетов (63,5 келі) пен Ермахан Ибрайымов (71 келі).

Ал төртінші медалді еркін күрестен Мәулен Мамыров (52 келі) жеңіп алып, жеңіс тұғырының 3 сатысынан қол бұлғады.

Сидней олимпиадасы (2000)

Сидней олимпиадасы еліміз үшін де, қазақ азаматтары үшін де ең сәтті ойындардың бірі болды. Онда төрт қазақ баласы жүлдеге ілікті. Оның екеуі алтын. Бір қызығы төртеуі де жүлдені спорттың бір түрінен жеңіп алды.

Алтынды алғаш болып жап-жас қазақтың қараторы ұлы Бекзат Саттарханов (57 келі) еншілесе, екінші алтынды Атлантада қола медаль жеңіп алған Ермахан бауырымыз жеңіп алды. Ал Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділдәбеков (+91 келі) қанжығаларына күміс жүлдені байлап қайтты.  Осылайша Мұхтархан тұңғыш жүлдегер атанса, Жұмаділов Олимпиада ойындарының екі мәрте күміс жүлдегері деген атқа қол жеткізді.

Афина олимпиадасы (2004)

2004 жылы Афина Олимпиадасында екі қазақ баласына жүлде бұйырды. Бірі алтын, бірі қола медаль. Бұл екі медалді де бокстан алдық. Алтынды Бақтияр Артаев (69 келі) жеңіп алса, қола медальді Серік Елеуов (60 келі) қанжығасына байлады.

Бейжің олимпиадасы (2008)

Бейжің Олимпиадасы қазақ ұландары үшін ең көп медаль алған Олимпиада ойындары болды. Онда алты бірдей қазақ баласы жеңіс тұғырынан көріне білді. Оның біреуі алтын алып, Әнұранымызды шырқатты.

Алтын медаль боксшымыз Бақыт Сәрсекбаевқа (бокс, 69 келі) бұйырды. Дзюдо күресінен Асқат Жіткеев (100 келі) қанжығасына күмі медаль байлады. Ал боксшы Еркебұлан Шыналиев (81 келі), грек-рим күресінен екі балуанымыз Нұрбақыт Теңізбаев пен (60 келі) Әсет Мәмбетов (96 келі) және таэквондошымыз Арман Шылманов (80 келі) жеңіс тұғырының үшінші сатысынан көрінді.

Лондон олимпиадасы (2012)

Қазақстан қоржынына алтын жауған Лондон олимпиадасында қазақтың үш батыры медальдің үш түрінен жеңіс тұғырына көтерілді.

Жеңістің ең биік сатысынан көрінген саңлағымыз боксшы Серік Сәпиев (69 келі). Екінші жүлдені жеңіс тұғырының екінші сатысынан көрінген тағы бір боксшымыз Әділбек Ниязымбетов олжалады.  Ал үшінші қола жүлдені еркін күрес шебері  Ақжүрек Таңатаров (66 келі) ел қоржынына салды.

Міне, қазіргі 5 Олимпиада ойындарында чемпион болған қазақ саңлақтары мен жүлдегерлері осылар. Алда санаулы күннен кейін, Рио Олимпиадасының алауы тұтанады. Онда қанша қазақ баласы жеңіс тұғырына көтерілер екен? Оны алдағы уақыт көрсете жатар. Ал біз жалпы Олимпиадаға баратын спортшыларымызға сәттілік тілейміз.

Соңғы жаңалықтар