Тәуелсіздіктен бері қазақ тілінде оқытатын мектептер 51,6 пайызға артты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктен бері қазақ тілінде оқытатын мектептер саны 51,6 пайызға артты. Бүгін Білім және ғылым министрлігінде өткен «Мәңгілік Елдің Мәңгілік тілі» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында вице-министр Есенғазы Иманғалиев осылай мәлім етті.

Тәуелсіздіктен бері қазақ тілінде оқытатын мектептер  51,6 пайызға артты

Вице-министрдің айтуынша, соңғы уақытта елімізде қазақ тілінде білім беретін ұйымдар желісі үздіксіз өсіп отыр. Қазіргі кезде еліміздегі 8764 мектепке дейінгі ұйымның (3340 балабақша және 5424 шағын орталық) 64,4 пайызы, яғни 5644 ұйым қазақ тілінде білім береді. Ондағы сәбилер саны 2000 жылы барлық тәрбиеленушілердің 14,8 пайызын құраса, қазіргі кезде 41,1 пайызға жеткен.

«Қазақ тілінде оқытатын мектептер желісі тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда 1051 ұйымға немесе 51,6 пайызға артты. Ондағы оқушылар саны 626,2 мың балаға артып, барлық оқушылардың 65 пайыздан астамын құрады. Қалған оқушылардың 31,7 пайызы - орыс, 3,8 пайызы - өзбек, ұйғыр, тәжік және неміс тілдерінде білім алып келеді. Сондай-ақ, ұлты қазақ балалардың 86,7 пайызы және 34 084 басқа ұлт өкілдері қазақ тілінде білім беретін мектептерде оқиды», - дейді вице-министр.