Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай әлі де көп нәрсе жасалуы қажет - ауылдық округ әкімі Т.Жүнісова
Бұл ретте аудан орталығы тұрғындары үлгі көрсетуі тиіс. Осыған орай Зеленов ауданы орталығы Переметный ауылдық округінің әкімі Талшынай Жүнісова өз ойын былайша білдірді.
Оның айтуынша, соңғы кезде аудан орталығында көптеген оң өзгерістер бар. 120 төсектік аудандық аурухана салынып, жаңа тұрғын үй шағынауданы бой көтерді. «Жеңіс» кинотеатры, «Бәйтерек» мейрамханасы қайта жаңартылды. 2010 жылы «Жол картасы» аясында Переметный және Калинин ауылдарындағы су құбыры күрделі жөндеуден өткізілді. Ауыл-көшелерді абаттандыру жұмыстары биыл да жалғасатын болады. «Елбасы биылғы Жолдауында елді мекендерді ауыз сумен қамту мәселесіне де ерекше тоқталды. Бұл ретте шағын елді мекендерді ауыз сумен қамту, газдандыру үнемі назарда. Биыл, мәселен, Чернояров мәселесі шешіліп қалар. Сондай-ақ ауылдардың инфрақұрылымын дамыту, тұрғындарды шағын несиелеу бағытында да жұмыстана беретін боламыз», деді Т.Жүнісова.