12:53, 29 Маусым 2016 | GMT +5
Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеуді ақпараттық қолдау аясында реалити-шоу өткізіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеуді ақпараттық қолдау аясында реалити-шоу өткізіледі. Бұл туралы бүгін БАҚ өкілдеріне ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті.

«Біз шамамен 25 зәкірлік жоба ұсынамыз. Қазір оның барлығы да дайындалу үстінде. Таяу уақытта бұл жобалар теледидардан көрсетіліп, газеттерде жария етіледі. Біз еліміздің Тәуелсіздігіне арналған, жүлде қоры қомақты қызықты фото байқауын да өткізуді жоспарлаудамыз. Мұнан бөлек, мерекелеуге адамдарды барынша молынан тарту үшін реалити-шоу да өткізуіміз мүмкін», - деді Д.Абаев.
Осы ретте БАҚ өкілдерінің сауалына орай министр ел Тәуелсіздігі мерейтойын атап өтуге қосымша қаржы қарастырылмағандығын айтты.
«Барлығы да жоспарланған бюджет аясында өткізіледі. Біз бюджеттен тыс ешқандай қаржы жоспарлап отырған жоқпыз. Меніңше, мәселе ақшада емес, ақпаратты беруде», - деп түйіндеді сөзін ол.