Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Ақтөбеде «Туған өлкем - тұнған шежіре» атты тарихи-этнографиялық көрме өтті

АҚТӨБЕ.ҚазАқпарат - Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Ақтөбедегі Қарғалы ауданы күндері аясында Ақтөбе облыстық өнер музейінде Қарғалы аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Туған өлкем - тұнған шежіре» атты тарихи-этнографиялық көрме өтті, деп жазады «Ақтөбе» басылымы.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Ақтөбеде «Туған өлкем - тұнған шежіре» атты тарихи-этнографиялық көрме өтті

Қарғалы аудандық тарихи-өлкетану музейінің  ғылыми қызметкері Бағдат Омарбеков:

- Қарғалы ауданының тарихымен және осы өңірден шығатын пайдалы қазбаларды таныстыруды мақсат еткен көрмеге Қарғалы ауданының тарихына қатысты 60-қа жуық жәдігер қойылды. Этнографиялық бөліміне жігіттің бес қаруын әкелдік. Сондай-ақ біздер тұрғындардың музейге әкеп сыйға тартқан тұрмыстық бұйымдарын да әкеліп, ақтөбеліктердің назарына ұсынып отырмыз. Айтпақшы, көрмемізді  Қытайдан келген делегация, атап айтсақ, Қытайдағы автономиялық округтердің өкілдері тамашалады, - дейді.

Сондай-ақ, ол Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта өтетін Қарғалы ауданы күндерінде бір киіз үйді ұлттық бұйымдармен, тарихи жәдігерлермен жабдықтағандарын да жеткізді.

 «АЛТЫН ДІҢГЕК - ӨЗІМ ТУҒАН БОСАҒАМ»

Облыс орталығындағы Қарғалы ауданы күндері барысында С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Қарғалы аудандық орталықтандырылған кітапханасы «Алтын діңгек - өзім туған босағам» атты кітап көрмесін ұсынды.

Қарғалы ауданының 95 жылдығы, сондай-ақ, Бадамша ауылының құрылғанына 75 жыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.  Осындай атаулы даталарға арналған облыс орталығындағы аудан күндері аясында ұйымдастырылған көрме отансүйгіштікті насихаттайды. Себебі, мұнда Қарғалы ауданының тарихы, осы өңірде туған азаматтар туралы кітаптар және жас ақындардың тырнақалды туындылары енген жинақтар  қойылған. Атап айтсақ, бұрынғы Ленин ауданы, Ақай ауылында дүниеге келген ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері, генерал-майор Кеңшілік Жұмабаев туралы кітаптарды көзіміз шалды. Қарғалы ауданы, Қарабұтақ поселкесінің перзенті, қазір Астана қаласында тұрып жатқан Серік Сариннің «Жүректен шыққан маржандар» атты кітабы да осы жерде тұр.

Кешті облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бас маманы Гүлжан Маханова сөз сөйлеп ашты.

Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен облыс орталығында әр ауданның күндері өткізіліп келеді. Әр апта сайын әр аудан өздерінің тарихын, мәдениетін, өздерінің әлеуеті мол адамдары бар екенін, қандай шығармашыл жастары өсіп келе жатқандығын, қандай шаруашылықтары барын көрсетуіне мүмкіндік алып отыр. Бұл - игі бастама. Ең қуаныштысы сол, шығармашыл адамдармен осы кітапханада кездесеміз. Менің қолымда Шапағат Аманжолов  пен Жомарт Баймұқановтың өлеңдері топтастырылған «Қарғалы құшағында» атты кітап тұр. Бұл да жаңағы сөзімнің дәлелі. Жастарға табыс тілеймі, - деп, жастардың бір өлеңін кітаптан оқып берді.

Одан соң Қарғалы аудандық орталық кітапханасының кітапханашысы Гүлбану Кәкенова ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында кітапхана ұжымы арнайы әзірлеген «Тәуелсіздік таңы» атты кітап көрмесін таныстырып өтті. Мұнда ол Тәуелсіздікке дейінгі қазақ халқының жүріп өткен жолына тоқталды, бір сөзбен айтсақ, Қазақстан тарихына шолу жасады.

Қарғалы ауданының барлық кітапханашылары бірі ән айтып, бірі слайд көрсетіп, тағы бірі кітап көрмесінің бөлімдерін таныстырып, атсалысты.

Одан соң осы топ «Жүректен - жүрекке» қайырымдылық акциясын ұйымдастыруды да ұмытпады. Акция аясында «Үміт» балалар үйіне барған кітапханашылар орыс халқының «Бауырсақ» ертегісінен көрініс қойып, сәбилердің көңілін аулаған. Сосын сәбилерге жеміс-жидектер таратып, жазу-сызуға қажетті оқу құралдарын сыйлады.

 САЯБАҚ СӘНІ - ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІНІҢ ДАСТАРҚАНЫ

Сенбінің кешінде  «Туған жерім - нұрлы елім» атты Ақтөбедегі Қарғалы ауданының күндері Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта спорттық және мәдени-көпшілік шаралармен түйінделді.

 

Қарғалы ауданында көптеген этностың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Осыны ерекшелеп көрсетуді көздеген қарғалылықтар  бұл күні әртүрлі ұлттың кейпіне еніпті. Мұнда 10-нан астам ұлт өкілінің дастарқанын байқадық. Әр ұлтты Қарғалының әр ауылдық округтері мен мектептері ұсынып тұр.

№2 Бадамша орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Бану Мұхтар қазақ киімі мен дастарқанын насихаттап, соны жұрт назарына ұсынып тұрғандарын айтты. Дастарқан басынан шоқ самаурынды да көріп қалдық.

Бірі кәріс, бірі украин, тағы бірі әзірбайжан ұлтының дастарқанын әзірлеп, ұлттық киімін кип алыпты.

Облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев пен Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов бастаған топ саябақтағы көріністер мен көрмелерді аралап, спорттық жарыстарды тамашалады. Олар киіз үй ішіндегі көрмелерді аралап көрді. Қосестек ауылындағы «Алтынбақ» шаруа қожалығының өнімдеріне ерекше ықылас білдірді.

Шаруашылық қожайыны Ербол Сансызбаев Еуропа елдеріне барып, үш ай бизнес-тренингтерден өтіп келгенін айтады.

- Бұл шаруаны әкем Темірбек, ағам Айбек Сансызбаевтар және жездем Өмірбек Өскенбаев төртеуміз қолға алдық. Биыл 5 гектарға құлпынай ектік. Таңқурай да бар.  Құлпынайдың біз еккен сұрпы қазан айларында да жеміс береді. Сонысымен ерекше. Мамырдан бастап қар түскенге дейін ауық-ауық жеміс береді. Өнімі мол, ірі. Құлпынайдың төрт-бес сұрпын ектік. Атап айтсам, калифорния, италия альбионы, ағылшын, тағы басқа. Айтпақшы, біз биыл Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан үш жылға 10 миллион теңге несие алып, техникалық жабдықтар сатып алдық. Осындай ірі әрі жиі өнім беруі де сол техникалардың көмегі, - дейді Ербол. Басшылар Ерболға сәттілік тілеп, құлпынайдан ауыз тиіп жатты.

Ақтөбеліктер бұл күні ауа райының құбылып тұрғанына қарамастан Қарғалы ауданы өнерпаздары әзірлеп әкелген концерттік бағдарламаны тапжылмай тұрып тамашалады.