Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған Х қысқы оқушылар гимназиадасы мәресіне жетті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» ұйымдастырған Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған Х қысқы Қазақстан оқушылары гимназиадасы мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған Х қысқы оқушылар гимназиадасы мәресіне жетті

1 жылдан астам үзілістен кейін алғаш өткізілген спорт шарасы оқушылар үшін ғана емес, қоғамдық маңызға ие.

Себебі Мемлекет басшысы балалар спортын бұқаралық сипатта дамыту бойынша ел Үкіметіне жауапты міндет жүктеген болатын.

Бұл ретте қиындығы көп қысқы спорт түрлерімен айналысатын гимназиада қатысушыларының қажырлы еңбегі, үздіксіз дайындығы, маңдай тері - өзге жастарға үлгі.

Гимназиада қатысушыларының таудай талабын қолдап, спорттық қызығушылығын құрметтеп Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов пен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов құттықтау жолдағанын ерекше атап өткен жөн.

Сонымен қатар, гимназиада аясында балаларға идеал образ, үлгілі тұлға көрсетуді де назардан тыс қалдырмадық.

Мәселен, спорт жетістіктері осынау мектеп оқушыларының спартакиадасынан бастау алған Серік Сәпиев, Бақтияр Артаев, Илья Ильин сынды чемпиондар мен спорт ардагерлері, бірқатар әлем чемпионаттарының жүлдегер, жеңімпаздары жас спортшыларға қолдау көрсетуге келгені де оқушылар үшін ұмытылмас сәттерге айналды.

Нұр-Сұлтан және Петропавл қалаларында 8 спорт түрінен өткен Х қысқы Қазақстан оқушылар гимназиадасына 13 өңірден 900-дей оқушы қатысып бақ сынады.

Бүгін дүбірлі доданың салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Х қысқы Қазақстан оқушылар гимназиадасында жалпыкомандалық есепте 1-орынды Қостанай облысы, 2-орынды Солтүстік Қазақстан облысы, 3-орынды Алматы қаласы мен Нұр-Сұлтан қаласы иеленді.

Келесі ХІ қысқы Қазақстан оқушылар гимназиадасы 2023 жылы Ақмола облысында өтеді.

Биылғы гимназиаданың тағы бір ерекшелігі – жарысқа қатысушылардың ата-аналары мен жақындары, достары мен ұстаздары карантин жағдайында қашықтан отырып қолдауға мүмкіндік жасалды, яғни олар ютуб әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирден тамашалады. Жарыстар орталықтың ютуб каналынан тікелей эфирде көрсетілді.