Тәуелсіздіктің қадірін білмейтін адамның рухы берік болмайды - публицист Қайым-Мұнар Табеев

Тарихын білмей өскен жастан ертеңгі күні тәуелсіздігімізді баянды ететін азамат шығады деп айта алмаймын. Тәуелсіздіктің қадірін білмейтін адамның рухы берік болмайды», - дейді. Кейбіреулер айтып жүргендей 1986 жылы өз наразылығын білдіру үшін Алматыда ғана алаңға шыққан жоқ. Мұндай оқиғалар барлық облыс орталықтары мен ірі қалаларда да орын алды. Олар да айыпталды, абақтыға қамалды. Мәселен, жазушы Қ. Табеев 15 жылда 33 мың адамның қудаланғанын анықтап шыққан.
«Қолымда 5 мың адамның тізімі бар. Бұлардың барлығын енді жеке-жеке жинақтап халықтың назарына ұсыну керек. Көтерілістен құрбан болған адамдардың саны туралы да әртүрлі деректер айтылып жүр. Жалпы Желтоқсан көтерлісін зерттеу үшін 4 комиссия құрылған болатын. Бірі жабылып, екіншісі қайта ашылып жатқан олардың жинақтаған материалдары әлі бір ізге түскен жоқ», - дейді Қ.Табеев. Желтоқсан көтерілісі кезінде жарақат алып өзінің туған ауылына барып қайтыс болғандардың кейбір деректерін жазушы өзінің «Қазақтың Желтоқсаны» деген кітабында жариялаған болатын. Бұл туралы мерзімді басылымдардағы мақалаларында да айтып жүр. «Бұлардың бәрін жинақтау үшін ең алдымен ақиқаттың көзіне тура қарау керек. Желтоқсан шындығынан қорықпау қажет. Ол қазақ тарихының шежірелі кезеңдерінің ажырамас бір бөлігі. Сондықтан біз қандай ауыр ақиқат болса да шындығын айтып, осыны тарихқа енгізуміз керек. «Ол үшін ең алдымен құжаттардың барлығын сараптап, мектептерде, оқу орындарында оқытылатындай оқулықтар жасау керек. Сонда ғана біз өткенімізге құрметпен қарай аламыз», - деді Қайым-Мұнар Тұрдақынұлы.