Тәуелсіздіктің нышаны ретінде төл теңгеміздің беделі жыл санап өсіп, нығайып келеді - Б.Ізбасаров, БҚО

АЛ. 15 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Қазақстанның нарықтық экономикаға енуін жеделдету мақсатында 1993 жылы 15 қарашада елімізде тұңғыш рет ұлттық валюта - теңге күні енгізілгені мәлім. Содан бастап бұл күн қаржыгерлердің кәсіби мерекесі ретінде аталып өтіліп келеді. Осыған орай ҚР Ұлттық банкі Батыс Қазақстан филиалының директоры Борис Ізбасаров өз ой-толғамын былайша білдірді.
None
None

- Ұлттық валюта - теңгенің айналымға енуіне орай Қазақстан өзіндік қаржы-несие саясатын дербес жүргізуге мүмкіндік алды, деді тәжірибелі қаржыгер. Мұның өзі инфляцияны ауыздықтауға, өндірістің құлдырауын тоқтатуға, экономиканың өсу кезеңіне өтуге жол ашты. Еліміздің ұлттық валютаны қолданысқа енгізуі тарихи қажеттіліктен туған еді және сол кезде бұрынғы кеңестер одағының «шекпенінен» шыққан республикалардың көпшілігі рубльден бас тартты. Саяси және экономикалық жағдайлар еліміздің банктік заңдылығына өзгерістер енгізуді, сол арқылы жаңадан пайда болған коммерциялық банктердің қызметін реттеуді қажетсінді. 1993 жылы «ҚР Ұлттық банк туралы» және «Банктер және банктік жүйе туралы» заңдар жарыққа шықты. Осы заңдар бойынша егемен Қазақстанда екі деңгейлі банк жүйесі қалыптасты. Оның бірінші деңгейі мемлекеттегі ақша-несие саясатын жүргізетін Ұлттық банк болса, ал екінші деңгейі өтпелі кезеңде шамадан тыс көбейіп кеткен коммерциялық банктер деп анықталды.

- Борис Ізбасарұлы, теңге айналымға енген жылдары коммерциялық банктер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені белгілі. Соларды бір жүйеге келтіру үрдісі қалай жүрді?

- Иә, сол кезде өңірде 35 банк филиалы жұмыс істеді. Олар экономиканың бюджеттен тыс салалары мен тұрғындарды несиелеумен, банктік қызмет көрсетумен, депозиттер тартумен, ақша айырбастау жұмыстарымен айналысты. Қазақстан егеменді ел ретінде өзге мемлекеттермен терезесі тең түсуі үшін сандық көрсеткіштен гөрі сапаға мән берілді. Сондықтан банктердің жұмысы халықаралық стандарттарға сай болуы үшін оларды қайта құру шаралары қолға алынды. Ұлттық банк банктерді капиталдандыру саясатын жүргізіп, олардың өтімділігін көтерді. Екінші деңгейдегі банктер жұмыстарына талап қатайды, соның ішінде жарғылық капиталдың төменгі мөлшері, тәуекелді қажет ететін активтерге қатысты өзіндік капиталдың жеткіліктілігі, өтімділік коэффициенті, бір несие алушының тәуекелінің шекті мөлшері басты талаптарға айналды. Осыдан келіп, түрліше жағдайларына қарай кейбір жекелеген банктер таратылып, енді біреулері екіншісімен біріктірілді. Мұның өзі Қазақстандағы банк жүйесінің сапалы жаңа дамуға көшкендігін көрсетті. Мысалға, 1997 жылы «Тұранбанк» «Әлембанк Қазақстан» банкімен бірігіп, «ТұранӘлембанк» ЖАҚ болып, одан кейін «ЦентрКредитбанк» бұрынғы кеңестік екі банкпен қосылды. Сөйтіп, осындай жан-жақты жұмыстардың нәтижесінде облысымызда бұрынғы 35 банк филиалының орнына тек 21 филиал қалды. Бүгінде өңірде 16 банк филиалы мен ЕДБ-ның бір өкілдігі жұмыс істеуде.

Әп дегеннен-ақ Ұлттық банк өзіне жүктелген міндетке сәйкес, ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге және инфляцияны төмендетуге күш салды. Біртіндеп бұл мақсатқа қол жеткізді. 1995 жылы жедел өскен инфляцияны төмендету 60 пайызды құрады. Ұлттық банктің дамуы мен валютамыздың қалыптасу кезеңі 1998-1999 жылдары болды. Бұл көрші Ресейде қаржы дағдарысы орын алған және мұнайдың әлемдік бағасының құлдыраған тұс. Төл теңгеміз сынақтан осылайша өтті. Мұндай жағдайдан шығу үшін 1999 жылы сәуірде теңгенің айырбас бағасы еркін ырыққа жіберілді. Осының өзі қазақстандық өндірісшілердің бәсекеге қабілеттілігін қалпына келтіруге жәрдемдесті. 1998 жылы Ұлттық банкке сақтандыруды қадағалау органының құзыры мен қызметі, одан кейінгі жылдары бағалы қағаздар комиссиясының , зейнетақы жинақтау қорларының қызметін реттеу комитетінің қызметтері қосылды. 2004 жылы Ұлттық банк еліміздегі қаржы нарығын реттеуде басты ұстанымға ие болды. Алайда көп кешікпей бас қаржы институтынан мұндай көп жүктеме алынып тасталды. Соның ішінде реттеуші және қадағалау қызметтері арнайы органдарға, Қаржылық нарықты реттеу және қадағалау жөніндегі агенттікке берілді. Бас банк өзінің назарын негізгі міндеттерге аударуға мүмкіндік алды. Содан 2011 жылғы сәуірде ҚР Президенті «ҚР Ұлттық банктің кейбір мәселелері туралы» Жарлығына қол қойды. Осының негізінде Ұлттық банк саласында қаржылық ұйымдар мен қаржы нарығын және Алматы қаласындағы аймақтық қаржы орталығын дамытуды бақылау және қадағалау бойынша екі комитет құрылды. Қаржы саласындағы барлық қадағалау және бақылау функциясының тек Мемлекет басшысына ғана тікелей бағынышты бір мемлекеттік органда, яғни Ұлттық банкте шоғырлануы бүгінгі талабынан туындаған, қаржы саласының ұзақ мерзімдік дамуын көздегендіктен жасалып отырған шешім.

- Соңғы уақытта халықтың банктерге сенімі нығайып, депозиттердегі салымдардың өсуі байқалуда. Осы жағына тоқтала кетсеңіз?

- Банктерге деген сенімнің нығаюына 1999 жылғы екінші деңгейдегі банктердегі жеке тұлғалардың салымдарын ұжымдық міндетті сақтандыру қорының құрылуымен байланыстырған жөн. Осының нәтижесінде тұрғындардың салымдарының көлемі ұлғая бастады. 2003 жылы ол 11622,5 теңге, ал 2010 жылы 63876,74 теңгеге жетті. Депозиттік салымдар ұлттық және шетел валютасы түріндегі салымдардың есебінен өсті. 1993 жылдан 2002 жылды қоса алғанда теңге түріндегі депозиттер 85 пайызға өсті, одан кейін 50 пайызға дейін азайды, дегенмен соңғы жылдары тұрғындар да, заңды тұлғалар да қаржыны ұлттық валюта күйінде сақтайтын болды. Бұған әрине, ұлттық валютамыздың нығаюы да әсер етті. Мемлекет жеке тұрғындардың депозиттердегі кепілді салымдарының мөлшерін 700 мың теңгеден 5 миллион теңгеге дейін көтерді. Бұл еліміздегі экономикалық белсенділіктің төмендеген кезеңінде салымшылар арасындағы дүрбелеңнен сақтады. Бүгінде облыстағы депозиттерде тұрғындардың салымы 88,7 пайызды құрайды. Жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда ол 12,8 пайызға өсті. Биылғы 1 қыркүйектегі мәліметке сүйенсек, тұрғындардың жинағы 43,8 миллиард теңге шамасында. Салым қаражатының өсуі бірқатар факторларға, соның ішінде экономиканың даму мен тұрғындар табысының өсуіне байланысты.

Несиелеу нарығының даму динамикасына келсек, ол да экономиканың даму сипатының көрінісі тәрізді. 1993 жылдан бастап 1999 жылды қоса алған кезеңде несиенің негізгі бөлігі, 59 пайызға дейін ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Ал, 2000 жылдан бері өндірісті, құрылысты, көлік саласын несиелеу қарқынды. Сонымен қатар бизнесті, шағын кәсіпкерлік субьектілерін несиелеу дами бастады. 2007 жылы 1998 жылмен салыстырғанда несиелеу 56 есеге өсті. Тек өткен жылдың өзінде облыстағы орта және шағын бизнес саласына 19129,1 млн. теңге несие берілген. Биылғы сегіз айда бұл саланы несиелеу 10,2 млрд. теңгеге жеткен. Ол дегеніңіз өткен жылғы осы мерзімдегі көрсеткіштен 18,3 пайызға артық. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен облыстың инфрақұрылымын дамытуға 606,3 млн. теңге транферттер және жеке кәсіпкерлікті қолдауға 1168,1 млн. теңге бөлінді. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша ауылдардағы кәсіпкерлікті дамытуға 200,0 млн. теңге, осы бағдарлама негізінде кәсіпкерлерді оқытуға 87 млн. теңге берілген.

Банктердің несиесіне сұраныстың өсе түскені байқалып отыр. Кәсіпорындардың жұмысы жандануда. Экономика өрге тартты. Соған сәйкес тұрғындардың бақуаттылығы артты. Биылғы бірінші қыркүйектегі мәлімет бойынша облыстағы банктер 101,5 млрд. теңге шамасында несие берген. Өсім өткен жылғымен салыстырғанда 18,5 пайызды құрады. Жеке тұлғаларға берілген несие мөлшері 56,8 млрд. теңге, заңды тұлғаларға берілгені 44,7 млрд. теңге болды. Негізгі несие алушылар кәсіпорындар мен ұйымдар. Несие алушылардың ішінде тұтынушылық, айналым қаражатын толықтыру мақсатындағы несиелер басым. Коммерциялық банктерге салынған қаржы қорлары экономиканың нақты секторынының қарқынының өсуіне, әлеуметтік саланың дамуына әсер етуде.

«Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде Қазақстандағы банк жүйесі қалыптасып, дамыды. Еліміздің қаржы жүйесінің бұрынғы кеңестер одағына қараған республикалардың ішіндегі озық дамығанын әлемдегі мықты сарапшылардың өздері мойындаған. Еліміздің экономикалық тұрақтылығы, әлеуметтік мәселелердің шешілуі, тұрғындардың өмір сапасының жақсаруы көп жағдайларда қаржыгерлердің еңбегіне, олардың кәсіби шеберлігіне, өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауына тікелей қатысы бар. Банктер экономиканың тарам-тарам салаларына қан жүгіртеді. Сондықтан қаржы жүйесіндегі қызметкерлердің егемен еліміздің қарқынды дамуы жолында ерінбей тер төге беретініне күмән жоқ», деп түйіндеді ойын Б.Ізбасаров.

Соңғы жаңалықтар