Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы облысында жаңа орталық ашылды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында халық саны мен жастар үлесі ең жоғары саналатын Қарасай ауданында Тәуелсіздік күні қарсаңында Жастар ресурстық орталығының жаңа екі қабатты ғимараты пайдалануға берілді.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы облысында жаңа орталық ашылды
Фото: Алматы облысының әкімдігі

— Заманауи талаптарға сай салынған екі қабатты Жастар сервистік орталығының ашылуы — Мемлекет басшысының жастарға арналған қазіргі заманғы инфрақұрылым қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асырудағы маңызды қадам. Қазіргі таңда Алматы облысында 432 мың жас өмір сүреді, оның 82 мыңнан астамы Қарасай ауданында тұрады. Жаңа орталық жастар үшін шығармашылық, білім алу және спорт алаңына айналып, жұмысқа орналасу, тұрғын үй мәселесі және кәсіпкерлікті дамыту бағытында тегін кеңестер ұсынатын болады, - деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев.

Аумағы 1 000 шаршы метрді құрайтын ғимарат заманауи стандарттарға толық сәйкес келеді және бірнеше маңызды сервисті бір кеңістікке біріктіреді. Мұнда Мансап орталығының, «Отбасы банкінің» және Жастар денсаулығы орталығының мамандары жұмыс істейді. Бұл жастарға қажетті қызметтерді ұзақ күтусіз әрі оңай алуға мүмкіндік береді.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы облысында жаңа орталық ашылды
Фото: Алматы облысының әкімдігі

Орталықтағы басым бағыттардың бірі — әлеуметтік шеберхананың жұмысы. Мұнда жас қыз-келіншектер мен аналар тігін және пішу дағдыларын тегін меңгере алады. Бұл өз кезегінде өзін-өзі жұмыспен қамтуға, қосымша табыс табуға және әлеуметтік бейімделуге, әсіресе осал санаттағы жастарды қолдауға жол ашады.

2026 жылы орталықта дыбыс жазу студиясы мен подкаст аймағын жабдықтау жоспарланып отыр. Бұл креативті индустрияның дамуына серпін беріп, жас таланттардың заманауи медиа құралдарға қолжетімділігін арттырмақ. Сонымен қатар орталық базасында оқыту бағдарламалары, мәдени іс-шаралар, психологтер, заңгерлер және мемлекеттік бағдарламалар жөніндегі мамандардың кеңестері ұйымдастырылады. 

Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы облысында жаңа орталық ашылды
Фото: Алматы облысының әкімдігі

Алматы облысының жастар саясаты басқармасының басшысы Мәди Ахметовтің айтуынша, жастар инфрақұрылымын жаңғырту жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

– Кейінгі екі жылда облыс әкімдігінің қолдауымен жастарға арналған кеңістіктерді дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгін Жастар ресурстық орталығының төртінші жаңа ғимараты ашылды. Қонаев қаласы мен Іле ауданында заманауи коворкинг орталықтары жұмыс істеп тұр. Ал 2026 жылы Талғар, Жамбыл, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарында осындай орталықтар ашылады. Бұл жастар инфрақұрылымын толық жаңартып, олармен тиімді жұмыс жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді, - деді ол.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы облысында жаңа орталық ашылды
Фото: Алматы облысының әкімдігі
Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы облысында жаңа орталық ашылды
Фото: Алматы облысының әкімдігі

Жастар орталықтары желісін кеңейту өңірді дамыту стратегиясындағы негізгі бағыттардың біріне айналып отыр. Жаңа кеңістіктер белсенді ұрпақты қалыптастыруға, жас көшбасшыларды қолдауға, әлеуметтік және шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға әрі жастарды облыстың дамуына кеңінен тартуға жол ашады.

Соңғы жаңалықтар