Тәуелсіздік түбі бір түркі халықтарының жақындасуына жол ашты — Мұрат Сабыр

ОРАЛ. KAZINFORM — 16 желтоқсан — Қазақстан Тәуелсіздігі күні. Еліміз егемендік алғаннан бері түркі халықтары арасындағы қарым-қатынас қалай дамыды? Осы орайда Kazinform тілшісі Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, «Түркітану және алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Мұрат Сабырға бірнеше сауал қойған еді.

а
Фото: Рафхат Халелов

— Мұрат Бөкенбайұлы, Қазақстан тәуелсіздігін бірінші болып туысқан Түркия елі мойындағаны белгілі. Осыған орай не айтар едіңіз?

— Иә, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, оны әлемде бірінші болып ресми түрде мойындаған мемлекет — бауырлас Түркия Республикасы болатын. Сол күні Түркияның Республикасының Ұлттық мәжілісі болып жатыр екен. Түркияның сол тұстағы президенті Тұрғыт Өзал мәжілісті тоқтатып, Қазақ елінің тәуелсіздік жариялағанын қуана хабарлайды. Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін мойындайды. Бұл қадам Түркияның Қазақстанға деген саяси қолдауының ғана емес, тарихи, тілдік, мәдени және рухани туыстыққа негізделген бауырластық ниетінің айқын көрінісі еді. 

Осман империясының күлінен Түрік ұлтының мәдениеті мен рухани құндылықтарына негізделген біртұтас унитарлық, ұлттық мемлекеттің негізін жасаған Мұстафа Кемал Ататүрік 1927 жылы Парламент мінберінде тұрып: «Біздің көршіміз, Кеңестер одағы күндердің күні құлайды. Бірақ ол жерде біздің ағайындарымыз, қандас бауырларымыз бар. Біз солармен байланысты үзбеуіміз керек. Біз соған дайын болуымыз керек. Тіл деген бір көпір, тарих бір көпір, мәдениет деген көпір, осы көпірлерді құлатпауымыз керек. Сол бауырларымызбен біз өте жақын қарым-қатынаста болуымыз керек» деп айтқаны бар.

Осы идеяға адал Түрік мемлекетінің президенті Тұрғыт Өзал Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық аренада танылуына бірінші болып үлес қосты. Бұл тарихи шешімнің Қазақстан тарихындағы қазақ-түрік қатынастарының дамуындағы аса маңызды, символдық мәні бар. Бастысы, жаңа мемлекетке саяси және моральдық қолдау көрсетті. Түркі әлемі елдері арасындағы ынтымақтастықтың берік негізін қалады. Кейінгі жылдары қалыптасқан стратегиялық серіктестікке бастау болды. 

Бүгінде Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастар стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеріліп, білім, ғылым, мәдениет, экономика және түркі интеграциясы салаларында жүйелі түрде дамып келеді. Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы бірлескен бастамалар да сол тарихи қадамның заңды жалғасы деп айтуға болады. 

Қорыта айтқанда, Түркияның Қазақстан тәуелсіздігін бірінші болып мойындауы — тарихи жауапкершілікті терең сезінген, бауырластыққа адал саясаттың жарқын үлгісі. Бұл факт екі ел арасындағы достықтың берік іргетасы ретінде әрдайым құрметпен аталады.

— Еліміз егемендік алған мезгілде қандай көңіл-күйде болдыңыз?

— Еліміз егемендік алған сәтте шын мәнінде қуандық. Себебі біз Желтоқсан оқиғасын көзімізбен көрген, сол ұлы қозғалыстың ішінде жүрген жастар болатынбыз. Санамыз ашық, ойымыз сергек еді. «Мың жылдық арман» деген сияқты ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге шексіз қуаныш пен мақтаныш сезімі биледі. Екінші жағынан, алда не күтіп тұрғаны белгісіз болғандықтан, аздаған алаңдаушылық та жоқ емес еді. Соған қарамастан, халықтың болашаққа деген үміті зор, ел ертеңіне деген сеніміміз берік болды. Тәуелсіз елдің азаматы атанудың өзі үлкен жауапкершілік пен рухани серпіліс сыйлады.

елдері
Фото: turksoy.org

— Түбі бір түркі елдері тәуелсіздік алғаннан кейін бір-біріне бұрынғыдан да жақындай түскеніне қандай дәлел келтірер едіңіз?

— Бүгінгі Қазақстанның геосаяси дамуында түркі бірлігінің, түркі бірегейлігінің де маңызы зор. Әлемдік кеңістік аясында түркі дүниесінің алатын өзіндік орны бар. 

Бірінші кезекте институционалдық бірігу үдерісі басталды. 2009 жылы Түркі мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесі (қазіргі Түркі мемлекеттері ұйымы) құрылды. Бұл ұйым түркі елдерінің саяси, экономикалық, мәдени байланыстарын жүйелі түрде дамытуға бағытталған ортақ алаңға айналды.

Екіншіден, жоғары деңгейдегі кездесулер тұрақты өткізілді. Түркі елдері басшыларының саммиттері, сыртқы істер министрлерінің, парламенттер мен салалық министрліктердің кездесулері дәстүрлі сипат алды. Бұл — өзара сенім мен стратегиялық жақындасудың нақты көрінісі.

Үшіншіден, ортақ тілдік үдеріс мен рухани-мәдени сабақтастыққа жол ашылды. Түркі академиясы, ТҮРКСОЙ сияқты ұйымдар арқылы ортақ тарихпен, тілдік, әдеби және мәдени мұраларды зерттеу және насихаттау күшейді. Ортақ әліпби, терминология мәселелері де күн тәртібіне шықты.

Төртіншіден, білім беру саласында байланыстар жолға қойылды. Түркі елдері арасында студенттер алмасу, бірлескен университеттер мен білім бағдарламалары іске асуда. Бұл болашақ ұрпақтың бір-бірін жақын тануына жол ашты.

Бесіншіден, экономикалық және көлік ынтымақтастығы қолға алынуда. Транскаспий халықаралық көлік дәлізі (Орта дәліз) сияқты жобалар түркі елдерін экономикалық тұрғыдан да жақындастыра түсті.

Түркілердің ортақ тарихын бірлесе түгендейтін, ондағы зор рухани және материалдық ескерткіштерді насихаттайтын, әлем алдында Түркі мәдениеті деп таныстыруға лайық құндылықтарды көрсетіп, бірлесе ғылыми зерттеулер жүргізу аса өзекті. 

Түркі халықтарының рухани, мәдени жағынан бірлесуі, жақын болуы — заман талабы. Философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжановтың атап өткеніндей, XIX ғасырдың соңында орын алған «түрікшілдерден», XX ғасырдың басындағы оянған түркі зиялыларының айтқан пікірлерінен, XXI ғасырда өмір сүріп, жаһандануды бастан кешіріп отырған біздің қазіргі жағдайымызда үлкен айырмашылықтар бар. Ол айырмашылықтар өміріміздегі болып жатқан түрлі өзгерістермен тікелей байланысты.

Қазіргі жағдайда әлемде түрлі интеграциялық ықпалдастық үдерістер жүріп жатыр, үлкен жаһандану мәселелері тұр. Жаңа ғасырда түркі әлемінің рухани-мәдени интеграциясының саяси-әлеуметтік мәні зор. «Түркі дүниесі түгел бол» дегенде, барлығы бірлесіп, бір мемлекет құрып, бір тілде сөйлеп, бір ұлт болып кетеді деген сөз емес, бұл бірлестіктердің, ұжымдастықтың мәні түркі халықтарының арасындағы мәдени-ақпараттық алмасулар, экономикалық, саяси қарым-қатынастардың тығыз байланысы, қай салада да түсіністікке қол жеткізу.

Бұл жағдайда, біріншіден, бізге өзіміздің әлемдік тарихтан алатын түркілік тарихымызды тұтастай бағамдауға мүмкіндік туады. Екіншіден, ортақ тарихи мұрамызды насихаттауға, соның негізінде келешек ұрпағымызды этномәдени тұрғыда тәрбиелеуге жол ашылады. Түркі халықтары қазіргі кезде бір-бірімен рухани жақын болатын болса, сырттан төніп тұрған үлкен жаһандану залалы, жалпы ұлттың өзін-өзі жоғалтып алуы, рухани мәдениетінен ажырап қалуы деген сияқты қауіп-қатер азаяды. 

— Тілші ғалым ретінде тарихи жадыны жаңғырту мен ұлттық бірегейлікті дамыту бағытында не істеу керек деп ойлайсыз?

— «Қазақ тарихы — қазақ тілінде», — дейді академик Әбдуәли Қайдаров. Тарихшылар тарихқа қатысты құжаттарды тауып, зерделеп жатады, археологтар қазба жұмыстар жүргізіп, ұлт тарихына қатысты деректерді жарыққа шығарады. Бірақ мұның бәрі ұлт тарихының мыңнан бір елесі ғана. Шын мәніндегі тарих тілдің бойында сақталады. Ұлттың жүріп өткен жолы, киген киімі, ішкен тамағы, атыс-шабыс, соғысы, дүниені тануы тілдік бірліктер арқылы бүгінге жетіп отыр. Тілші ғалым ретінде айтарым, менің ойымша, тарихи жадыны жаңғырту мен ұлттық бірегейлікті дамытуда тіл негізгі тірек болуы тиіс. Осы бағытта мынадай нақты қадамдар маңызды деп санаймын.

Біріншіден, тарихи тілдік мұраны жүйелі түрде зерттеу және қолжетімді ету қажет. Көне түркі, орта ғасырлық және көне қыпшақ жазба ескерткіштерін ғылыми айналымға енгізіп қана қоймай, оларды қазіргі оқырманға түсінікті тілде жариялау — тарихи жадыны жаңғыртудың тиімді жолы.

Екіншіден, қазақ тілінің тарихи санасын күшейту маңызды. Тіл тарихын мектеп пен жоғары оқу орындарында тек теория ретінде емес, ұлттық болмысты танытатын рухани құндылық ретінде оқыту қажет. Түркітану, қыпшақтану пәндері тек филологтарға ғана емес, барлық мамандық иелеріне оқыту керек-ақ.

Үшіншіден, терминология мен ұлттық ұғымдарды біріздендіру — ұлттық бірегейлікті нығайтудың маңызды тетігі. Төл сөздік қорды ғылыми, қоғамдық айналымда кеңінен қолдану тарихи сабақтастықты сақтайды.

Төртіншіден, түркі дүниесімен ортақ тілдік-мәдени байланысты күшейту керек. Ол үшін ортақ түрік әліпбиінің негізінде латын жазуына негізделген қазақтың ұлттық әліпбиін тезірек қабылдауымыз қажет. Осындай жазуға қол жеткізсек, ортақ лексикалық қор өздігінен қалыптасады. Бұның өзі түркі халықтарының бір-бірін тез түсінісуіне жол ашады. Ортақ мұраларды бірлесіп зерттеу, салыстырмалы тілтанымдық еңбектер жазу түркілік сананы тереңдетеді.

Тарихи жады мен ұлттық бірегейлік тіл арқылы ұрпақ санасына сіңеді. Сондықтан тілге қатысты әрбір ғылыми, білім беру және мәдени бастама стратегиялық маңызға ие деп есептеймін.

а
Фото: Рафхат Халелов

— Алтын орданың заңды мұрагері ретінде Қазақстан аталатыны белгілі. Бұған не айтар едіңіз?

— Бұл пікір тарихи тұрғыдан да, ғылыми көзқарас тұрғысынан да негізді әрі дәлелді деп есептеймін. Алтын Орда қазіргі Қазақстан аумағында қалыптасқан ірі мемлекеттік құрылымдардың бірі болды. Оның негізгі этносаяси, аумақтық және мәдени өзегі қазақ даласында орнықты. Алтын Орда ыдырағаннан кейін осы кеңістікте Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы, Ноғай Ордасы сияқты саяси бірлестіктер пайда болып, ақырында Қазақ хандығының құрылуына тікелей негіз қалады. Сондықтан Қазақ хандығын, ал бүгінгі Қазақстанды Алтын Орданың тарихи-саяси мұрагері ретінде қарастыру толық заңды.

Сонымен қатар, Алтын Орда дәуірінде қалыптасқан мемлекеттілік дәстүрі, құқықтық жүйе, басқару үлгілері, дипломатиялық тәжірибе кейінгі қазақ қоғамында жалғасын тапты. Тілдік тұрғыдан алғанда да Алтын Орда кезеңіндегі қыпшақтық негіз қазақ тілінің тарихи қалыптасуында шешуші рөл атқарды. Ең бастысы, Қазақстанның Алтын Орда мұрагері ретінде аталуы — тек тарихи атақ емес, ұлттық тарихи жадты жаңғыртуға, мемлекеттілік сабақтастығын терең сезінуге қызмет ететін маңызды ұстаным. Бұл көзқарас қазақ халқының Еуразия кеңістігіндегі орны мен тарихи жауапкершілігін айқындай түседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ғалым абайтану курсы жаратылыстану ғылымдары саласында да оқытылуы керектігін айтқан болатын. 

Соңғы жаңалықтар