Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда 3 мыңнан астам заң қабылданған

Әлемдік Digital IQ рейтигінде Қазақстан 20-орында. Бұл туралы Сенаттағы «Парламент жұмысындағы цифрландыру» тақырыбындағы семинарда Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов айтты, деп хабарлайды Kazinform.

цифрландыру
Фото: Parlam.kz

«Бәрімізге белгілі, цифрландыру жағынан Қазақстан өте жоғары деңгейде. Шүкір, жетістіктер баршылық. Әлемдік Digital IQ рейтигінде Қазақстан 20-орында. Көптеген салалар бойынша мемлекеттік органдар жақсы дамып келеді. Осы ретте Парламентке келсек, біз сол көштен біраз қалып қойған жағдайымыз бар. Тәуелсіздік жылдарында біз 3 мыңнан астам заңды, 10 мыңнан астам заңнан кейінгі актіні қабылдадық. Осындай үлкен заңнамалық база болған соң онда кемшіліктер де, қарама-қайшылықтар да бар, керек емес қайталау да аз емес. Соның бәрі қоғамға, адамдарға тіпті заң шығарушыларға да қиындық туғызып отыр. Бұл ауқымды саланы ретке келтіру керек. Сондықтан Сенаттың жобалық кеңсесі мен Парламентаризм институты Парламенттің қызметіне жасанды интеллектіні қалай енгіземіз деп уәкілетті органдармен бірнеше талқылау өткізді», - деді Ж. Асанов.

Бұл тұрғыда ол осы бағытта әлемдегі ең озық тәжірибені зерделенгенін айтты.

«Сөйтсек, жасанды интелектіні пайдалану жағынан әлемде ең озық заң шығарушы орган Грекия парламенті болып шықты. Біз Грекия Парламентіне көмектескен компанияны тауып, оның білікті мамандарын Қазақстанға шақырдық. Бұл команда – Hellenic OCR Team деп аталады. Оның құрылтайшысы – доктор Фотиc Фитсилис. Біздің білуімізше, тап осы компания Грекия Парламентін осындай жетістікке жеткізген. Олар осы аптада елордада 2 семинар өткізеді. Біріншісі, бүгін басталды. Оның тақырыбы – Парламент қызметін цифрландыру. Екінші семинар 26 қазанда өтеді, яғни Astana IT университетінде болады. Оның тақырыбы – Жасанды интеллектінің заң шығарушы процесіндегі рөлі. 26 қазанда болатын семинарға да қатысуға шақырамыз. Семинардың мақсаты – Грекия парламентінің тәжірибесін тыңдап, өзіміздің сұрақтарымызға жауап алып, келешекте жасайтын қадамдарымызды белгілеп алу. Осындай мақсатты алдымызға қойып отырмыз», - деді Жақып Асанов.

Соңғы жаңалықтар