Тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық белестер жаңаша зерделеніп жатыр – тарихшы

Альфия Байболсынова
Фото: А. Байболсынованың жеке мұрағатынан

Тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін қалай түсініп жүрміз? Азаттыққа қазақ халқының қолы қалай жетті? Міне, осы сауалдар төңірегінде Kazinform тілшісі М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Альфия Байболсыновамен сұхбаттасқан еді.

- Альфия Сабырғалиқызы, тарихшы ретінде айтыңызшы, тәуелсіздікке қол жеткізу үшін еліміз қандай кезеңдерден өтті?

- Қазіргі кезде елімізде Қазақстанның өмір шындығына сай тарихын жазуға және сол арқылы халқымыздың жаңа тарихи санасын қалыптастыруға ерекше назар аударылып отыр. Өйткені, қазіргі қоғам бұрынғы жоспарлы немесе науқандық шаралар мен жаттанды ақпараттан ешқандай нәтиже шықпайтынына көз жеткізді.

Қазақ халқының ұғымында өткен тарихын білмеген, өзінің ұлттық қасиеттерінен айрылған халық қасіретке ұшырайтындығы туралы, өзінің жақсысы мен жайсаңын сыйламаған адам басқаларға құрметті бола алмайтындығы жөнінде, өткенге тас атқан бейбаққа келешек қарғыс жаудыратыны туралы терең тұжырымдар қалыптасқан.

Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі шынайы тарихты жазуға қолайлы жағдайлар жасады.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке қол жеткізуі – үш ғасыр бойы армандаған ата-бабамыздың Ұлы мұраты! Бұл – патшалық Ресейдің езгісі мен отарлау саясаты, азаттық жолындағы күрескерлердің төгілген қаны, кеңестік қызыл империяның солақай саясаты, жазықсыз жала жабылып, еуропалықтарша ғылым мен өркениеті дамыған тұғырлы ел боламыз деген ұлт зиялыларының армандаған демократиялық идеялары, 1979 жылғы Ақмоладағы, 1986 жылғы желтоқсанда Алматыдағы, 1991 жылғы қыркүйекте Оралдағы қазақ жастарының тотолитарлық жүйеге қарсылық азаттық қозғалыстары. Міне, Тәуелсіздікке жетелеген ұлы мұраттар, бұл кезең-кезеңімен, өз уақытымен үздіксіз соққан толқынның, көзсіз ерліктің, ұлтқа жанашырлық пен болашаққа деген сенімнің, қазақ ұлтының табандылығының, ұлттық намысының нәтижесінде осылайша келген Тәуелсіздік!

- Алаш қайраткерлерінің Азаттық жолындағы күресі жөнінде не айтар едіңіз?

- ХХ ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің идеялары – реформаторлық, алдыңғы қатарлы өз заманындағы мемлекетті қалыптастырудың озық демократиялық жолы. Сондықтан, Алаш қайраткерлерінің Азаттық үшін күресін реформаторлық қозғалыс деп есептеймін. Мұны өз кезінде алаштанушы, ғалым Кеңес Нұрпейісов атап кеткен. «Халық жаулары» деген жаламен жазықсыз жазаланған Алаш арыстары осындай озық идеяларымен Кеңестер билігіне қауіпті болатын. Алайда, уақыт таразысы мерзімі келгенде қашан болса да өзінің шындығын ашатыны белгілі, қазіргі кезде бұлардың барлығы ақталып, елінің құрметіне бөленіп, еңбектері еленген ұлт қайраткерлері ретінде мойындалды. Ең бастысы, кеңестік ғылымдағы адам санасына сіңіп кеткен ұстанымдардан біртіндеп арылып, өткен тарихымызға зер сала бастадық. Алаш жұртының болашағы жолындағы күрескер ұлт зиялылары – Алаш қайраткерлері туралы деректерді шынайы, халыққа бүкпесіз жеткізуге, қайраткерлерді ұлықтауға қазіргі кезде барынша мән берілгенінің өзі ұлттық тарихтағы үлкен жетістік деп ойлаймын.

- Тәуелсіздік жолында жанын қиған хан, батырлардың өмірі мен ерлігі жоғары оқу орындарында қалай оқытылып жүр деп есептейсіз?

- Кеңес Одағы тұсында ұлттық тарихи санамызды жаңғырту қарама-қайшылықты мазмұнда іске асырылды. Тоталитарлық мемлекет қоғамның табиғи даму заңдылықтарына қарама-қайшы келетін, іс жүзінде халыққа қарсы бағытталған эксперименттер жасады. Соның салдарынан әлі күнге дейін ғасырлар тоғысында Тәуелсіздік жолында жанын қиған хан, батырлардың өмірі мен ерлігі туралы зерттеуге көптеген кедергілер болды. Сондықтан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап патшалық Ресей, кейін Кеңестер Одағы құрылғанға дейінгі ұлан-асыр қазақ даласының тарихи тұлғалары, қайраткерлері мен билеушілері туралы деректерді табу және ғылыми айналымға енгізу басты назарға алынды. Өткен ғасырдың 90-жылдары «ҚР тарихи сананы қалыптастырудың тұжырымдамасы» дайындалып, арнаулы басылымдар мен ғылыми жинақтар жарияланды. Бұл ұлттық тарихты жаңғырту мен тұлғаларымызды ұлықтаудың алғашқы қадамы ретінде мынадай маңызды қағидаларды қалыптастырды: біріншіден, әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі ретінде, екіншіден, Шығыс әлемінің құрамдас бөлігі, үшіншіден, Ислам әлемінің құрамдас бөлігі ретінде. Содан бері, мектеп, орта білім және жоғары оқу орындарында қазақ халқының тарихы, хан, батырларының өмірі мен ерлігі бұрынғы орыс ғалымдарының аудармаларымен емес, араб, парсы, грек, қытай, түркі тілдеріндегі түпнұсқалардан тікелей оқу арқылы оқытылып жатыр.

Жоғары оқу орындарының студенттері Махмұд Қашқари, Мұхаммед Хайдар Дулати, Захред-ад-дин Мұхамед Бабыр, Хафиш Таныш, тағы басқа да авторлар шығармаларының түпнұсқалық мәтіндерін қазақ және орыс тілдерінде оқуға қол жеткізді. ЖОО-лардың кітапхана қорларында қазақ тарихы бойынша түркі деректемелері, қытай, араб, парсы, орыс деректемелері, еуропалық авторлар деректерінде топтамасымен 27 томдық аудармалармен толықты. Қазіргі кезде 7 томдық жаңа нұсқада Қазақ тарихы дайындалу үстінде. Одан басқа, салалық министрліктің мемлекеттік гранттық қаржыландыруымен Қазақ тарихының түрлі кезеңдері мен Ұлы тұлғалары туралы отандық және шетелдік авторлар ұжымының бірлестігіндегі құжаттар мен материалдар жинақтары көптеп жарық көрген.

- Соңғы сауал, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін арттыру үшін не істеу қажет?

- Қазіргі кезде Тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық белестер жаңаша зерделеніп жатыр. Бұл жылдары еліміз саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени бағыттарда жаңа кезеңге қадам басты. Халықаралық деңгейдегі қарым-қатынастарда табыстарға ие болды. Бұл бағытта ғылым және білім саласының да қосқан үлесі зор. Болашақта әлі де өте көп маңызды стратегиялық жоспарларды жүзеге асыруда қазақстандық ғалымдар мен зерттеушілердің, іргелі оқу және ғылыми-зерттеу мекемелерінің жаңа идеялары мен табыстары арқылы әлемнің дамыған елдерінің санатынан қосылатынымызға сенеміз. Сол арқылы тәуелсіздіктің қадір қасиетін түсініп, еркіндікті бағалап, ұлттық өзіндік ерекшеліктерімізге көз жеткізетін боламыз деп ойлаймыз. Сондықтан, еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мерекесі құтты болсын, халайық!

- Әңгімеңізге рахмет. Ұстаздық еңбегіңізге табыс тілеймін.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum