Тәулігіне мың центнер астық жинаған – СҚО механизаторы Президент қолынан марапат алды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Елу жылға жуық ғұмырын еңбекке арнаған солтүстікқазақстандық Сергей Пустыльников Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін алды.

Сергей Пустыльников
Фото: Ақорда

Шал ақын ауданы Коноваловка елді мекенінің тұрғыны Сергей Пустыльников 30 жылға жуық ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған. 21 қазан күні туған күнін атап өткен зейнеткерге Президент қолынан жоғары награда алу күтпеген оқиға болған.

- Еңбегім бағаланып, осындай марапат аламын деп тіпті ойламаған да едім. Алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын, - дейді Сергей Пустыльников.

Шал ақын ауданының Коноваловка ауылында тұратын Сергей Николаевичтің еңбек жолы 1972 жылы басталған. Сол уақыттан бері ауыл шаруашылығында тер төгіп келеді.

Ол Сергеевка қаласындағы кәсіби-техникалық училищеде білім алған. Оқуын аяқтаған соң Городецкое кеңшарына механизатор болып жұмысқа орналасады. Алғаш мінген техникасы СК-3 комбайны болған.

- Ауыл жастарына ол кезде таңдау аз еді. Көбіне не көлік жүргізушісі, не механизатор болатын. Мен осы кәсіпті таңдадым, – дейді ол.

Сергей Пустыльниковтың айтуынша, әр науқан механизаторлардан төзімділік пен қажыр-қайратты талап етті. Ескі техниканың тілін табу, қысқа мерзімде егінді ысырапсыз жинап алу оңай болған жоқ. Соған қарамастан, ауыл еңбеккерлері науқан кезінде таң атқаннан күн батқанша алқап басында жүрді.

Бүгінде ауыл шаруашылығында қолданылатын техника әлдеқайда жаңарған. Жұмыс істеуге қолайлы жағдай қалыптасқанымен, механизатор мамандығының жауапкершілігі азайған жоқ.

- Қазір алқаптарда мүлдем басқа техника жүр. Онымен жұмыс істеу анағұрлым жеңіл әрі ыңғайлы. Дегенмен механизатор - қиын кәсіптердің бірі болып қала береді. Таңның атысынан күн батқанша еңбек ету керек. Жастардың бұл мамандыққа көп бара бермейтіні де содан шығар, – дейді Сергей Николаевич.

1990 жылдары Сергей Пустыльников отбасылық «Пустыльников» шаруа қожалығын құрды. Осылайша, көп жылғы тәжірибесін жеке шаруашылықты дамытуға жұмсады.

- 1992 жылы егін өте бітік шықты. Мол өнімді жинап алу үшін күні-түні жұмыс істедік. Ескі комбайндармен тәулігіне мың центнерден астам бидай бастырған кездерім болды. Сол жылы бір өзім 15 мың тонна бидай алдым, - деп еске алады Сергей Пустыльников.

Мол өнімді шашаусыз жинап алу техникаға ғана емес, механизатордың шеберлігі мен жауапкершілігіне де байланысты. Бүгінде тәжірибелі маман білгенін жастарға үйретіп жүр.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінің толық мәтінін жариялаған едік.