Тәулігіне 38 мың адам Алматы метросының қызметін пайдаланады - «Метрополитен» МКК

2015 жылы сәуірде «Мәскеу» және «Сайран» стансалары ашылғалы бері метро қызметін пайдаланатын жолаушылар ағыны тәулігіне 38 000 адамға жетті. Бұл туралы «Метрополитен» ММК баспасөз хатшысы Айгүл Ешмағамбетова айтты.
«Бір ай уақыт аралығында Алматы жерасты торабының 9 стансасы тәулігіне 38 мың адамға қызмет көрсеткен. Сәуірден бері жолаушылар саны екі есеге артты. 2012 жылы тәулігіне 15-16 мың адам болса, 2014 жылы 21-22 мың адам метроны пайдаланған. Қазір метро қызметкерлері көлік кептелісі орын алатын уақыттарда пойыздардың арасындағы уақыт интервалын азайтуға мүмкіндігін қарастыруда», - деді Айгүл Ешмағамбетова.
2013 жылы шілдеде Алматы метросы 10 миллионыншы жолаушысын, 2014 жылы 20 миллионыншы жолаушысын марапаттады.
Алматы метросының ұзындығы 8,56 шақырымды құрайтын. Жаңа стансалардың қосылуымен жерасты жолының ұзындығы 2,74 шақырымға ұзарды.
Абай көшесінің бойында Брусиловский мен Тілендиев көшесінің аралығында орналасқан Сайран стансасы 18 метр тереңдікте орналасқан. Мәскеу стансасы Өтеген батыр мен Алтынсарин көшелерімен аралығында орналасқан.
Әр стансада 2 лифт пен 8 эскалатор жұмыс істеп тұр.
Абай көшесімен қозғалысты батыс бағытта созу үшін болашақта Сарыарқа стансасын қосу жоспарланған.
Жерасты жолының құрылысы 1988 жылы басталған. 20 жылдан аса уақыт өткен соң нысан 2011 жылы 1 желтоқсанда пайдалануға берілді.