Тауық жылы қаржылық тұрақтылығымен қуантады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Адам баласы тумысынан білмекке, көрмекке құмар боп келеді. Әр жылға өзімізше долбар жасап, тіпті кейде сәуегейлік танытуға бейім тұратынымыз да сол себепті. Тауық жылы жайлы толғанысын біздің ҚазАқпарат ХАА тілшісі де білдірген еді.
None
None

Не дегенде де, біздің естіп, біліп, көріп жүргендеріміз адамзат баласы ойлап тапқан һәм өмір тәжірибесінен алған болжам мен тұспалдар ғана. Демек, адами өлшемдер соңғы, кесімді үкім бола алмайды. Шариғат жолымен келіп айтар болсақ, қасиетті Құранда «Олар ойларына ғана ілеседі де, мүлдем жорамалдайды» деген аят алдымыздан шығады.
Дей тұрсақ та, ел ішінде нендей әңгіме мен наным-сенімдер қалыптасқан. Енді соған аз-маз тоқталып өтейік.
Тауығыңыз мүшел есебінің оныншы жылы боп келеді. Тауық жылы - 1909, 1921, 1933, 1945, 1957, 1969, 1981, 1993, 2005, 2017, 2029 жылдар болып кете береді. Бізге жеткен әңгімелерге сүйенсек, тауық жылы қауіп-қатер жиі болып тұрған, халық бейнетті көп шеккен. 1920-1921, 1932-33 жылдарды жұт, аштық болғаны көпке белгілі. 1968-69 жылдары құрғақшылық болды. Алайда мұның ғылыми негізі жоқ десек те, Әбіқай ақын:
«Тас мешін» жалғастырдың «тауығыңды»,
Сыпырып сансыз қызық, сауығымды.
Тоңқиған атпақылдың сақасындай,
Көркімен көрсетпедің ауылымды.
Аштықтан қырға, Сырға тентіреттің,
Ағайын неше дос, жар, бауырымды», - деп жыр жазыпты.
Отты қораз аталатын алдағы жылдың жағымды жаңалықтары да аз емес. Бұл жыл қаржылық тұрақтылығымен қуантады екен. Себебі, қораз шоқып жейтін дәнді іздеп жүріп табады.
Ал тауықтың іс-әрекетіне қарап ауа-райын қалай болжап келген, енді соған оралайық. Тауық биікте қонақтаса, сондай-ақ, жерге аунап, қанатын тазалана бастаса, жауын жауады. Ал, егер қыс кезінде тауық ерте қонақтаса, күн суытады.Жаңбыр жауып тұрғанда тауық далада жем іздеп жүрсе, онда ақ жаңбыр болады, яғни ұзаққа созылады.Әтеш қыста бір аяғын көтеріп тұрса, күн күрт суытып, аяз болады. Ал, жаңбырлы күні әтеш таң атпай шақырса, күн ашылады деп болжанған.
Ислам дінінде тауық періштені көргенде шақыратыны айтылады. Жыл санауына кірсе, періштені көретін қасиеті болса, халал ас қатарына жатса бұ тауығыңыздың тегін болмағаны да.
Қораздың қызба мінезі, көптің көз алдында жүргенді ұнататыны айтылады. Әрине, бұл да жаман қасиеттер емес. Осылай бола тұра, «Кімнің тарысы піссе, соның тауығы» деген секілді келеңсіз мәтелдер де кездеседі. Аңыз-әфсаналарда алтын жұмыртқа табатын ерекше тауық жайлы әңгімелер де көп.
Жаратушының әр жылы тұрғай, әр күні сәтті саналады. Демек, адами өлшемдермен сараланған болжамдарды талғамай қабылдай беру де дұрыс емес секілді. Адам өмірінде әр жыл бір ерекшелігімен есте қалады ғой.
«Қуақы сөз күлмекке жақсы» деген ғой. Сөз соңын Қалтай ағамыздан (Мұқанбетжанов) қалған қағытпа қалжыңмен қорытсақ.
Бірде Қалтай аға купеде бір жігітпен бірге сапарлап келе жатады. Әлгі жігіт бүтіндей тауық етін бір өзі жеп, сүйектерін кеміріп, бұтарлап тап-таза етіп жеп алыпты. Сонда ағамыз: «Әй қарағым-ай, мына тауықтың қызығын қораздан кейін өзің көрдің-ау», - деген екен.

Соңғы жаңалықтар