Tax free: Қазақстанда шетелдік туристерге ҚҚС қайтарыла бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда шетелдік туристерге сатып алған тауары үшін ҚҚС-ты қайтаруға мүмкіндік беретін «Tax free» пилоттық жобасы іске қосылды.
Жобаға сәйкес, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтарын қоспағанда, шетелдік туристер Қазақстаннан тауар әкеткен кезде ҚҚС сомасының бір бөлігін өтемақы ретінде қайтара алады. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
ҚҚС кімге қайтарылады
«Tax free» жүйесі арқылы жалпы құны кемінде 10 АЕК, яғни 2026 жылы 43 250 теңге болатын азық-түлікке жатпайтын тауарларды сатып алған шетелдік туристерге ҚҚС өтемақысы беріледі.
«Tax free» құжатын сатушы ҚҚС сомасы көрсетілген кассалық чек негізінде қағаз немесе электронды түрде рәсімдейді.
Жоба қай қалаларда жұмыс істейді
Пилоттық жоба Алматы, Астана, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Балқаш, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Семей, Тараз, Түркістан, Орал, Өскемен (Қатон-Қарағай) және Шымкент қалаларындағы, сондай-ақ Ақмола облысының Бурабай кентіндегі стационарлық сауда нысандарында жүзеге асырылады.
ҚҚС өтемақысын «Tax free» жүйесінің операторы жүзеге асырады.
Кәсіпкерлерге қандай мүмкіндік береді
Жобаға аталған елді мекендерде жұмыс істейтін, ҚҚС төлеуші және стационарлық сауда нысандарында азық-түлік емес тауарларды бөлшек саудада сататын жеке кәсіпкерлер қатыса алады.
«Tax free» жүйесіне қосылу және оны бизнес үшін пайдалану тегін. Қатысу үшін кәсіпкерлер taxfree.kz және/немесе Global Blue арқылы жүйе операторларымен шарт жасасуы қажет.
Жүйеге қосылу шетелдік туристерді тауар сатып алуға тартуға, сату көлемі мен орташа чекті арттыруға, сауда нүктесінің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге және шетелдік туристерге халықаралық деңгейде ҚҚС қайтару қызметін ұсынуға мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін 2026 жылы Tax free жобасы Қазақстанның 20 қаласына енгізілетіні жөнінде хабарлағанбыз.