Таяу 3 жылда колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға 13.4 млрд. теңге бөлінеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Таяу 3 жылда колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға 13.4 млрд. теңге бөлінеді. Бұл туралы бүгін «Кәсіптік білім және бизнес: серіктестер сұхбаты» атты V халалық форумда ҚР Білім және ғылым министрлігінің басқарма бастығы Қаламқас Алғазина мәлім етті.
2014-2016 жылдары аралығында кәсіптік және техникалық білім саласында ведомствоның жүргізуді жоспарлап отырған шараларына тоқталған оның сөзіне қарағанда, бірінші кезекте ұйымдармен дуальды білім беруге байланысты келісімшарттар жасалады. Бұдан бөлек, еліміздегі колледждерге түгендеу жұмыстары жүргізіліп, олардың инфрақұрылымын жақсарту мәселесі қарастырылады.
«Таяу үш жылдың ішінде колледждердің материалдық-техникалық базасын 13.4 млрд. теңге сомасына жаңарту жоспарланып отыр. Оның ішінде республикалық бюджеттен 3.7 млрд. жергілікті бюджеттен 9.7 млрд. теңге бөлінеді», - деді ол.