Таяу Шығыс арқылы жеткізілімге қауіп күшейіп, мұнай бағасы өсті
АСТАНА.KAZINFORM - Әлемдік нарықта мұнай бағасы 18 тамыз күні таңертең барреліне $2-ден астам қымбаттады. Бұған АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер бойынша жағдайдың күрделенуі және Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізіліміне қатысты қауіптің артуы себеп болды, деп хабарлайды Reuters.
Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы барреліне $91,14-ке дейін көтерілді.
АҚШ-тың WTI маркалы мұнайы $85,04-ке дейін қымбаттады.
Екі марка да шілде айының соңынан бергі ең жоғары деңгейге жетті.
Мұнай бағасының өсуі АҚШ пен Иран арасында жаңа келісімге қол жеткізу мүмкіндігі төмендегеннен кейін жеделдеді.
Уақытша бітім мерзімінің аяқталуы да нарықтағы алаңдаушылықты күшейтті.
Тегеранның әскери ұстанымын қатаңдататыны туралы мәлімдемесі мұнай нарығына қосымша қысым жасады.
Нарық қатысушылары мұнай тасымалы үшін стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазындағы жағдайды да жіті бақылап отыр.
Reuters мәліметінше, бұғаз арқылы танкерлердің қозғалысы күрт баяулаған.
Сенбі күні бұғаздан бес танкер ғана өткен.
Жексенбіде бірде-бір танкер тіркелмеген.
Салыстыру үшін, бір апта бұрын демалыс күндері бұғаз арқылы 31 кеме өткен.
Қызыл теңіздегі хуситтердің кемелерге жасаған шабуылдары да нарық үшін қосымша қауіп болып отыр.
Осыған байланысты инвесторлар мұнай тасымалының екі маңызды теңіз бағыты – Ормуз және Баб-эль-Мандеб бұғаздарында қатарынан үзілуі мүмкін деп алаңдайды.
Айта кетеік, 17 тамыздағы жағдай бойынша Brent маркалы мұнайдың баррелі 0,28 центке қымбаттап, 88,80 долларға жетті