Таяу Шығыс студенттері оқуларын Қазақстанда жалғастыруға қызығушылық танытуда
АСТАНА. KAZINFORM – Таяу Шығыстағы жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер оқуларын Қазақстанда жалғастыруға қызығушылық танытуда. Олардың ішінде шетелдіктер де бар. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.
Оның дерегінше, бүгінде 2,5 мыңнан астам қазақстандық студент Таяу Шығыс елдерінің жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Олардың басым бөлігі, нақты айтқанда 1 722-сі Біріккен Араб Әмірліктерінде оқиды. Қазіргі уақытта өңірдегі ахуалға байланысты көптеген университет оқу процесін онлайн форматқа көшірген.
- Бір жағынан бұл біз үшін өте жақсы мүмкіндік. Қазіргі уақытта бізге студенттердің ауысуына қатысты өтінімдер көптеп түсіп жатыр, тіпті шетелдіктер де бар. Біз өтінімдерді қараймыз. Қалай ауысуға болатынына, қайда ауысуына болатынан қатысты 500-ден астам ақпараттық сұраныс түсті. Барынша нақты ақпаратты мамырда бере аламыз, - деді Саясат Нұрбек Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Министрдің мәліметінше, «Болашақ» бағдарламасы арқылы Таяу Шығыс елдерінде білім алып жатқан студент жоқ.
Бұған дейін АҚШ-тың танымал университеттері «Болашақ» тізімінен неліктен алынғанын жазған едік.