Таяу Шығыстағы ахуал Алматы әуежайы жұмысына қалай әсер етті

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Таяу Шығыстағы жағдайдың ушыққанына қарамастан, Алматы халықаралық әуежайы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Kazinform агенттігінің тілшісі терминалдағы қазіргі ахуалды біліп қайтты.

Таяу Шығыстағы ахуал Алматы әуежайы жұмысына қалай әсер етті
Фото: Еламан Тұрысбеков \ Kazinform

Халықаралық терминалда жолаушылар қарасы қалың болғанымен, абыр-сабыр байқалмайды.

Жолаушылар рейстерін сабырмен күтіп, тіркеуден қалыпты тәртіппен өтіп жатыр. Ұшып шығатын бағыттар кестеге сай орындалып жатыр, әзірше кешіккен рейстер жоқ.

Таяу Шығыстағы ахуал Алматы әуежайы жұмысына қалай әсер етті
Фото: Еламан Тұрысбеков \ Kazinform

Өзгерістер негізінен ұшып келетін рейстерге әсер етті. Дубай, Доха, Шарджа және Кувейттен келетін рейстер тоқтатылған. Жиддадан ұшатын рейс шамамен төрт сағатқа кешігіп жатыр, ал Делиден келетін ұшақ 14 сағаттан соң бір-ақ жетеді.

Таяу Шығыстағы ахуал Алматы әуежайы жұмысына қалай әсер етті
Фото: Еламан Тұрысбеков \ Kazinform

Басқа бағыттар бойынша әуежай қалыпты жұмыс режимін жалғастырып отыр.

Таяу Шығыстағы ахуал Алматы әуежайы жұмысына қалай әсер етті
Фото: Еламан Тұрысбеков \ Kazinform

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан әуе кеңістігі арқылы және оған жақын аумақта ұшуға толық тыйым енгізген болатын.

Еске салайық, бүгін таңертең Израиль мен АҚШ Иран аумағындағы нысандарға әуе соққыларын жасай бастағаны туралы ақпарат тарады.

Бұған жауап ретінде Тегеран Израиль аумағына және бірқатар көршілес араб елдеріне зымыранмен шабуылдар жасағанын мәлімдеді.

ҚР Сыртқы істер министрлігі Иран аумағында зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін ресми түрде хабарлады.

Сонымен қатар ведомство жағдайдың ушығуына байланысты шетелдегі қазақстандық дипломатиялық өкілдіктердің шұғыл байланыс нөмірлері мен «жедел желі» телефондарын жариялады.

Қазақстаннан Таяу Шығыс елдеріне ұшатын барлық рейс 3 наурызға дейін уақытша тоқтатылды.

Бұған қоса, Дубай халықаралық әуежайы (DXB) мен Әл-Мактум халықаралық әуежайы (DWC) жұмысы да Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты уақытша тоқтатылғаны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум