Таяу Шығыстағы қақтығыс: Иран аумағынан 109 отандасымыз елге оралды
АСТАНА. KAZINFORM — Таяу Шығыстағы қарқынды шиеленіскен жағдайда Қазақстан Республикасы өз азаматтарын Иран Ислам Республикасының аумағынан эвакуациялауды жедел ұйымдастырды, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігі.

— Үйлесімді жұмыс пен ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейінің арқасында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі, құзыретті мемлекеттік органдары мен шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері 109 отандасымызды елге қайтарды. Эвакуация өңірдің достас мемлекеттерінің аумақтары арқылы транзитпен жүзеге асырылды, атап айтқанда 89 адам Ираннан Түрікменстан арқылы және 20 адам Әзербайжан арқылы өтті. Барлық азаматқа консулдық-құқықтық көмек көрсетілді және Отанға оралу үшін қажетті жағдай жасалды, — делінген министрлік хабарламасында.

Сыртқы істер министрлігі Иран, Түрікменстан және Әзербайжан билігіне қазақстандықтардың бүкіл бағыты бойынша қауіпсіз және уақтылы өтуін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарған көмек пен нәтижелі өзара іс-қимыл көрсеткені үшін ризашылығын білдіреді.

Эвакуациялық іс-шараларды дайындау және өткізу барысында қазақстандық дипломаттар тәулік бойы жергілікті билікпен іс-қимылды үйлестіріп, маршруттардың логистикасын қамтамасыз етті, сондай-ақ құзыретті органдармен өзара іс-қимыл жасады және отандастарымызға қажетті қолдау көрсетті.



— Қысқа мерзімде 200-ден астам азаматымыз хабарласып, оларға көмек көрсетілді. Ирандағы барлық қазақстандықтармен үздіксіз байланыс орнатылып, олардың алдын ала келісілген транзиттік бағыттары бойынша жүріп-тұруы ұйымдастырылды. Отандастарымызды елге қайтару бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта ҚР СІМ басқа құзыретті ведомстволармен бірлесіп Қазақстан азаматтарын Израиль Мемлекетінен эвакуациялауды пысықтауда. Шетелдегі қазақстандықтардың құқықтары, қауіпсіздігі мен амандығы — еліміздің сыртқы саяси бағытының аса маңызды басымдығы, — деп атап өтті ведомство.


Бұдан бұрын Әзербайжан шекарасы арқылы Ираннан 6 қазақстандық эвакуацияланғаны анықталды.