Таяу Шығыстағы шиеленіс: Қатар мен Мысыр дипломатиялық шешім іздестіріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қатардың Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдель Рахман бен Джасим Әл Тани мен Мысырдың Сыртқы істер министрі Бедр Абдулати телефон арқылы сөйлесіп, аймақтағы шиеленісті төмендетуге бағытталған дипломатиялық күш-жігерді талқылады, деп хабарлайды Anadolu.

Таяу Шығыстағы жағдай: таңғы ахуал
Фото: Анадолы

Бұл туралы 23 қарашада Қатар Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайту жолдарын, сондай-ақ аймақтағы соңғы оқиғаларды қарастырды. Әңгіме барысында қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған дипломатиялық бастамаларға ерекше назар аударылды.

Катар сыртқы саясат ведомствосының басшысы аймақтағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге бағытталған барлық дипломатиялық күш-жігерді қолдайтынын білдірді.

– Қатар кеме қатынасының еркіндігін қамтамасыз ететін және аймақта ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатуға ықпал ететін жан-жақты келісімге жол ашатын шешімге қол жеткізуге бағытталған барлық дипломатиялық күш-жігерді қолдайды, – делінген министрлік мәлімдемесінде.

Таяу Шығыстағы шиеленіс биыл 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастағаннан бері жалғасып келеді. Бұған жауап ретінде Тегеран Израильге және араб елдеріндегі америкалық әскери нысандарға соққы жасаған.

Маусым айында Вашингтон мен Тегеран өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, келіссөздерге кірісті. Алайда Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының еркіндігі мен қауіпсіздігіне қатысты келіспеушіліктер салдарынан келісімге қол жеткізу үдерісі қиындады.

Ормуз бұғазы – энергия ресурстарын тасымалдау мен халықаралық сауда үшін стратегиялық маңызы бар теңіз жолдарының бірі. Аймақтағы әскери қақтығыс әлі толық реттелген жоқ.

АҚШ президенті Дональд Трамп тараптар қақтығысты тоқтату туралы келісімге келе алмаса, Вашингтон Жаңа жылдан кейін Иранға қарсы соққыларды қайта бастауы мүмкін екенін мәлімдеген.

Айта кетейік, бұған дейін Қатар билігі АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер сәтсіз аяқталды деген ақпаратты жоққа шығарған болатын. Доха екі ел арасындағы дипломатиялық байланысты жалғастыруға күш салып жатқанын мәлімдеді.