Таяу Шығыстағы жағдай өңірдегі саудаға теріс әсер етуі ықтимал — Шавкат Мирзиёев
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығу қауіпіне алаңдаулы. Бұл туралы ел президенті Шавкат Мирзиёев республикада жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін талқылауға арналған кеңесте мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Шавкат Мирзиёев кейінгі бес айда елдің өнеркәсібі — 6,4%, экспорт — 18%, ал шетелдік инвестиция көлемі 46%-ға өскенін айта келе, Таяу Шығыстағы ахуалға тоқталды. Оның сөзінше, қалыптасқан күрделі жағдай Орталық Азия өңіріне де теріс әсер етуі мүмкін.
— Таяу Шығыстағы шиеленіс жалғасқан сайын, пандемиядан кейін енді қалпына келе бастаған сауда байланыстарын нығайту, көлік дәліздерін пайдалану мен оларды дамыту қиындай түспек. Сондықтан әрбір облыс басшысы, министр өзінің саласы бойынша мүмкіндік пен тәуекелді бағамдап, әрекет ете білуі тиіс. Тапсырма күтіп отырмай, бастама көтеру қажет, — деді Шавкат Мирзиёев.
Еске салайық, 13 маусымға қараған түні Израильдің әскери-әуе күштері Иранға соққы жасады. Кейін ресми Тель-Авив төтенше жағдай режимін жариялап, өзінің әуе кеңістігін жапты.
Соққыға жауап ретінде Иран Израильге 100-ден астам дрон жіберді.