Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты 4 мыңнан астам қазақстандыққа қолдау көрсетілді

АСТАНА. KAZINFORM – Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты шетелде қалып қойған 4 мыңнан астам қазақстандыққа арнайы Туркод жүйесі арқылы көмек көрсетілді. 

Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты 4 мыңнан астам қазақстандыққа қолдау көрсетілді
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

28 ақпаннан бастап бірқатар әуе компания рейстерді тоқтатып, ұшу кестесіне өзгерістер енгізді. Соның салдарынан туристік коды (туркод) бар кейбір ұйымдастырылған қазақстандық туристер уақытында елге орала алмады. Нәтижесінде: Біріккен Араб Әмірліктерінде – 2 450, Қатарда – 1 061, Сауд Арабиясында 432 турист уақытша қалып қойған. Олардың барлығы Қазақстанға қайтқанға дейін қонақүймен және тамақпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар «Туристік Қамқор» қоры жүйесінің әкімшісі туристерді тиісті әуежайларға дейін жеткізу жұмыстарын ұйымдастырды.

Қордың мәліметінше, қазіргі уақытта жүйе әкімшісі жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр. Сондай-ақ туроператорлар мен әуе компанияларымен бірлесіп, Қазақстан азаматтарының елге оралуын жедел ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Еске салайық, Қазақстанда 2016 жылдан бастап Үкімет қаулысымен шетелге шығатын туризм саласында азаматтардың құқықтарын кепілдендірудің бірегей жүйесі енгізілген. Оның әкімшісі – «Туристік Қамқор» корпоративтік қоры. Жүйенің негізгі мақсаты – туроператор банкротқа ұшыраған жағдайда немесе төтенше жағдайлар туындағанда қазақстандық туристердің шетелден кепілдендірілген түрде елге қайтарылуын қамтамасыз ету. Бұл шығындар жүйеге қатысушы туроператорлардың қаражаты есебінен өтеледі.

Қазіргі таңда кепілдендіру жүйесіне 13 туроператор-фрахтаушы, тұрақты рейстермен жұмыс істейтін 45 туроператор, шамамен 1 мыңға жуық турагенттік серіктес қатысады.

Азаматтардың қолайлығы үшін тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығы және «Туркод» мобильді қосымшасы іске қосылған. Қосымша арқылы әлемнің кез келген нүктесінен эвакуацияға өтініш беруге, турагенттіктің қызметіне баға беруге және қауіпсіз турды таңдауға болады.

Мемлекеттік бюджеттен қаражат шығындалмай, 17 мыңнан астам қазақстандық турист жүйе көмегімен елге қайтарылды.

Бұған дейін Қазақстанның мемлекеттік органдары мен дипломатиялық өкілдіктерінің қолдауымен Таяу Шығыс өңірінен Қазақстанға 9 517 қазақстандық қайтарылғанын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар