Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты тоқтаған рейстер қайта іске қосылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Air Astana Таяу Шығыстағы жағдайдың тұрақтануына байланысты Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы тұрақты әуе қатынасын кезең-кезеңімен қалпына келтіреді.
Әуе компаниясының мәліметінше, Алматы — Дубай — Алматы бағытындағы рейстер 20 маусымнан, ал Астана — Дубай — Астана бағыты 10 шілдеден бастап қайта іске қосылады. Иран әуе кеңістігінің жабылуына байланысты ұшақтар Пәкістан аумағы арқылы ұшады.
Алматы бағытындағы рейстердің саны біртіндеп артып, 6 шілдеден бастап күн сайын орындалады. Астанадан ұшатын рейстер де кезең-кезеңімен көбейтіліп, 3 тамыздан бастап күнделікті қатынайды.
Сондай-ақ билеттерін 31 шілдеге дейін қайта брондаған жолаушыларға Алматыдан ұшу үшін 20 маусымнан, ал Астанадан ұшу үшін 10 шілдеден бастап тегін қайта брондау мүмкіндігі ұсынылады.
Air Astana компаниясы Таяу Шығыстағы ахуалды жіті бақылап отырғанын хабарлады. Қажет болған жағдайда ұшу кестесіне қосымша өзгерістер енгізіліп, жолаушыларға алдын ала ақпарат беріледі.
Еске салайық, бұған дейін 2027 жылдан бастап Гонконг пен Алматының арасында тіке әуе рейсі қатынайтынын жазғанбыз.