Таяздаған Каспий: 10 жылдан кейін теңіздің күйі қандай болады

None
БАКУ. ҚазАқпарат – Ғалымдардың болжамы бойынша, алдағы 10 жылда Каспий теңізінің деңгейі 3-4 м төмендейді. Соңғы 15 жылда қазақстандық су қоймасы секторы 7,1% төмендеген. Теңіз суы бетінің ауданы 2008 жылы 113 866,67 шаршы шақырымды құрады. Биыл аталған көрсеткіш 105 745,23 шаршы шақырымға азайған. Алдағы уақытта теңіздің экологиялық жағдайы қалай өзгереді және соңғы онжылдықта Каспий жағалауында орналасқан елдер қандай іс-шаралар қабылдап жатыр? Толығырақ ҚазАқпараттың меншікті тілшісінің материалынан оқи аласыздар.

Каспий теңізінде экологиялық баланс неге бұзылған?

Каспий теңізі - жер бетіндегі ең үлкен жабық су айдыны. 1991 жылы Кеңес одағы ыдырап, ірі мұнай мен газ кен орындарын пайдалану басталғаннан кейін су қоймасы өте маңызды геосаяси және экономикалық нысанға айналды. Мұның бәрі теңіздің экологиялық жағдайына және мұнай, газ өндірісіне қауіп төндірді. Тағы бір себеп, өнеркәсіп орындары соның ішінде химиялық және тау-кен қалдықтарының салдарынан теңіздің ластануы. Одан бөлек, Каспий теңізі жағалауындағы қалалар халқының өсуі және тұрмыстық қалдықтар да әсер етеді.

Жоғарыда аталған жайттар, алдымен теңіз деңгейінің жоғарылауына, кейін оның төмендеуіне алып келді. Нәтижесінде Каспий теңізінің экологиялық балансы бұзылды. Каспий екі миллион жылдан астам уақыт бойы дүниежүзілік мұхиттан оқшауланған, осылайша бірегей экологиялық жүйе пайда болды. Каспийдің бекіресі мен итбалығын барша жұрт біледі. Теңіздің кеңдігі және сулы-батпақты жері миллиондаған құстарды мекендеуге тартады және әртүрлі флора мен фаунаның тіршілік ету ортасы.

Теңіз флорасы мен фаунасын бақылау нәтижесінде адамдардың оған әсерін көріп отырмыз. Оған қоса, табиғатты қорғау мен реттеудің төмендігі, сондай-ақ, теңіз бойында орналасқан елдер арасында құқықтық режимнің болмауы жағдайды қиындата түседі.

Осының бәрі 2006 жылғы 12 тамызда Каспийді жағалай орналасқан бес мемлекеттің - Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстанның өкілдері қол қойған теңізді қорғау жөніндегі конвенцияға қарамастан орын алуда. Конвенцияның мақсаты - Каспий теңізін және оның биологиялық ресурстарын қорғау, сақтау, қалпына келтіру, ластанудан қорғау және тиімді пайдалану.

Айта кетсек, жыл сайын 31 шілдеде «Каспий теңізі күні» аталып өтеді. Өкінішке қарай, бұл күн тек іс-шаралар, кездесулер, сондай-ақ жағалау аймақтарын тазарту және абаттандыру жұмыстарымен шектеледі. Ал экологиялық шаралар бойынша алға жылжу жоқ.

Теңіз деңгейі 1995 жылдан бері төмендеп келеді

Соңғы жылдары Каспийдің тартылуы қатты байқалады. Судың таяздауы экологиялық талаптарды сақтамау салдарынан туындап отыр. Атап айтқанда, теңізде көмірсутек ресурстарын барлау, өндіру және тасымалдау кезінде экологиялық талаптар сақталмау, өнеркәсіп қалдықтарының суды ластауы, шаруашылық-тұрмыстық сарқынды суларды теңізге тазартпай ағызу және су транспорттарының қалдығы себеп.

Каспий теңізіне су ағыны негізінен Еділ өзені (84,5%), Кура (6,1%) және Орал өзенінен (3,1%) келеді. Бұл да су айдынының ластануына септігін тигізеді. Аталған өзендер сулары, сондай-ақ Баку, Сумгайыт, Махачкала, Астрахань, Түрікменбашы, Решт, Энзели және теңіз жағасында орналасқан басқа қалалардан келетін ағынды су оның ластануын үдете түседі.

Әзербайжан экология және табиғи ресурстар министрлігінің ұлттық гидрометеорология қызметінің бастығы Умайра Тагиеваның айтуынша, Каспий теңізі деңгейінің ауытқуы тарихи құбылыс. Бүгінгі таңда Каспий теңізінің су деңгейі 1995 жылғы деңгейден 170 сантиметрге төмен, бірақ 1977 жылы тіркелген ең төменгі белгіден 80 сантиметрге жоғары. Мониторинг нәтижесі де су деңгейінің төмендегенін көрсетеді.

Сондай-ақ, маман теңіздің тартылуы, гидрометеорологиялық процеске алып келетін айтып отыр.

«Біз қазірдің өзінде желді күндердің жиі болатынын байқап отырмыз, бұл Каспий теңізінің акваториясына әсер тигізеді. Сондай-ақ, соңғы жылдары елімізде су тасқынының артқанын атап өтуіміз керек», - дейді Умайра Тагиева.

Фото: gov.kz

Каспий теңізіндегі экологиялық ахуалды өзгерту үшін не істеу керек?

Жалпы, теңіз жағалауында орналасқан елдер Каспийдегі апатты жағдай фактісін растайды. Бірақ осы жағдайға байланысты қандай да бір нақты шаралар немесе жалпы саясат туралы айтудың қажеті жоқ. Әзербайжан тарапы Каспий теңізінің Әзербайжан секторындағы экологиялық жағдайды бағалау, теңіздің биологиялық ресурстары мен гидрологиялық жай-күйін зерттеу, теңізге теріс әсер ететін ықтимал себептерді айқындау мақсатында «Алиф Гаджиев» атты ғылыми-зерттеу кемесінде тұрақты экспедициялар өткізілетінін атап өтті.

Бірақ, кәріз суларының ағынын тоқтату, суды тазарту шаралары жүргізілмейді. Каспий теңізінің Әзербайжан секторындағы кәріз проблемалары әлі де бар. Каспий теңізіне ағатын өзендерде де проблемалар саны жыл сайын артып келеді. Басқа секторлар бойынша да осы жағдай. Теңізге тұрмыстық тіршілік әсерінің артуы байқалады, соған қарамастан сәйкес келмейтін экологиялық іс-шаралар ұлғайған.

Соңғы жылдары Каспий теңізінің тартылу проблемасы, оның экологиясына назар аудартты. Бірақ, назар аудару негізінен теңіздің таяз болуымен байланысты. Осы бағытта қандай да бір іс-шараларды жүзеге асыру қиын көрінеді. Каспий негізінен Еділ өзенінің су көлеміне және жауын-шашынға тәуелді. Соңғы жылдары жауын-шашын құбылысының өзгергені атап өтілді. Теңізге су ағынының 84,5%-ы бір өзеннен құйылады. Бұл жерде тағы бір проблема климаттың өзгеруіне байланысты және ол аймақтық елдер деңгейде шешілмейді. Жалпы түрлі факторлар бар, ол саясаткерлер емес, ғалымдардың жұмыс бағыты.

Бірқатар сарапшылар Каспийдің жағдайы тұрақты екенін және алдағы онжылдықта теңіздегі су деңгейі қайтадан көтеріле бастайтынын атап өтті. Бірақ мұнда жалпыға бірдей танылған әдістеме жоқ және ғалымдар әртүрлі гипотеза жасайды.

Каспий маңы елдерінің Үкімет деңгейінде мәселені тиімді шешуге болатын жалғыз бағыт - теңіз экологиясы. Соңғы жылдары Каспий ақсеркесі, храмула, шамайка, шибрит және гарасол балықтары жойылып кету қаупіне ұшырады. Каспий теңізі фаунасында жалғыз сүтқоректі - итбалық. Ол әлемдегі барлық итбалықтардың ішіндегі ең кішісі. ХХ ғасырдың басында итбалықтардың саны шамамен 1 миллион болған, ал қазір 111-ден 360 мыңға дейін итбалықтың тіршілік ететіні туралы мәліметтер бар. Дегенмен бірқатар сарапшы бұл көрсеткішті жоғары деп санайды.

Каспий теңізі ластануының арта түсуі флора мен фаунаның толық нашарлауына әкелуі мүмкін. Оның ластануы, таяздау проблемалары Каспий жағасында орналасқан барлық елге қатысты екені атап өтілді. Экологиялық жағдайды жақсарту үшін зиянды заттардың теңізге төгілуін шектеу және қоршаған ортаны қорғау туралы заңға сәйкес әрекет ету, сондай-ақ осы саладағы әлемдік тәжірибені пайдалану қажет.

Фото: azattyq-ruhy.kz

Соңғы жаңалықтар