Тайланд парламенті біржынысты неке туралы заң қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM – Тайланд парламентінің төменгі палатасы біржынысты некені заңды түрде тану туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл туралы ВВС жазды. 

Таиланд
Фото: bbc.com

Заң жобасын Таиланд Сенаты мен королі әлі де мақұлдауы керек. Бірақ заң бұл кезеңдерден өтіп, жыл соңына қарай Таиланд Оңтүстік-Шығыс Азиядағы біржынысты одақтарды мойындаған бірінші ел болады деп жоспарланып отыр. 

«Бұл – теңдіктің бастауы. Аталған заң осы топтағы адамдарға бұл құқықтарды сыйлауды емес, қайтаруды қалайды», - деді заң жобасын палатаға енгізіп жатқан депутат Данупхорн Пуннаканта. 

Заң жобасын қабылдауға қатысқан 415 депутаттың 400-і дауыс берді. 

Заң мұндай некені бұрынғыдай ер мен әйелдің емес, екі адамның серіктестігі деп анықтайды. Біржынысты жұптар ерлі-зайыптыларға берілетін салық жеңілдіктерін пайдалануға, бір-бірінің мүлкін мұрагерлікке алуға және ерлі-зайыптылардың бірі есінен танып қалған жағдайда оны емдеуге келісім беруге құқылы болады.

Сондай-ақ біржынысты ерлі-зайыптылар бала асырап ала алады. Алайда, депутаттар тиісті комитеттің «әке мен ана» деген сөздің орнына «ата-ана» терминін қолдану туралы ұсынысын қабылдаған жоқ.

Соңғы жаңалықтар