Тайваньда «Қытайдың басып кіруі» тақырыбындағы телехикая көрсетіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Тайваньға басып кіруін тақырып еткен «Нөлдік күн шабуылы» (Zero Day Attack) атты телехикая 2025 жылдың 2 тамызынан бастап Тайваньда LINE TV, MOD/Hami Video және Taiwan Mobile MyVideo сияқты платформаларда көрсетіледі.

Тайваньда «Қытайдың басып кіруі» тақырыбындағы телехикая көрсетіледі
Фото: Zero Day Attack Facebook

Тайваньның Zero Day WenChuang компаниясы түсірген бұл телехикая Қытай Халық Азаттық Армиясының Тайваньға қарсы әскери операция бастағаны туралы ойдан шығарылған оқиғаны негізге алып, Тайвань қоғамы соғыс қаупі кезінде бастан кешетін күйзеліс пен өзгерістерді баяндайды.

Хикаяда 2028 жылы Тайваньдағы басшы сайлаудан кейінгі билік ауысу кезеңінде, Қытай Халық Азаттық Армиясы Тайваньның оңтүстік-шығыс теңіз аймағындағы Y-8 ұшағының апатқа ұшырауын сылтау етіп, Тайваньға теңіз және әуе блокадасын жариялап, жеті күн ішінде «әскери бірігу» мақсатымен аралға басып кіруді жоспарлайды. 

Телехикая соғыс басталғанға дейінгі және кейінгі Тайвань қоғамындағы қаржылық дағдарыс, қор биржасының құлдырауы, халықаралық эвакуация, қоғамдық инфрақұрылымның тоқтауы, кибершабуылдар мен жалған ақпараттың таралуы сияқты күйзелістерді суреттейді. 

Сонымен қатар, хикаяда лаңкестік шабуылдар, БАҚ-қа ену, жергілікті қылмыстық топтардың ішкі бүлік шығаруы, жергілікті діни ұйымдардың манипуляциялануы, желідегі танымал тұлғалардың сатқындық жасағаннан кейін жауға айналуы, тайваньдық кәсіпкерлер отбасыларына бөлшектенуге қарсы қысым және басқа да күрделі мәселелер қамтылады. Бұл Тайвань қоғамының дағдарыс кезіндегі бөлінуі мен адамзаттың күресін көрсетеді.

Телехикаяны түсіруге Тайвань билігінің «Қытай Республикасы» үкіметінің Мәдениет министрлігі қаржылай қолдау көрсеткен (жалпы бюджеттің шамамен 27,51%-ы), сонымен қатар түсірілім кезінде Тайвань қарулы күштері де көмек берген. Жобаның жалпы бюджеті 7,2 миллион АҚШ долларын құрайды.

Продюсерлердің айтуынша, телехикаяның идеясы 2022 жылы Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс және сол жылы Қытай Халық Азаттық Армиясының Шығыс әскери округінің Тайвань маңындағы әскери жаттығуларынан шабыт алған.

Тайвань мен Қытай арасындағы бөліну тарихы

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Қытайда азаматтық соғыс өршіп, жеңіліске ұшыраған Гоминьдан үкіметі Тайвань аралына шегініп, «Қытай Республикасын» құрды.

Ал жеңіске жеткен Қытай Коммунистік партиясы Қытай Халық Республикасын (ҚХР) жариялады. Осы кезден бастап екі тарап арасында саяси қарама-қайшылық орнады.

Қытай Халық Республикасы «бір Қытай» қағидасын ұстанып, Тайваньды Қытай аумағының ажырамас бөлігі деп санайды және бейбіт бірігуге ұмтылады. 2005 жылы Бейжің «Бөлшектенуге қарсы мемлекеттік заң» қабылдап, егер Тайвань «тәуелсіздік» жарияласа немесе бірігуге кедергі келтіретін жағдайлар туындаса, бейбіт емес шаралар қолданатынын мәлімдеді.

Тайвань ішінде әртүрлі ұстанымдар бар: биліктегі Демократиялық прогрессивті партия (DPP) Тайваньның демократиялық автономиясын баса айтып, Бейжіңнің егемендік талаптарына қарсы шығады. Ал Гоминьдан партиясы (KMT) ҚХР мен экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуды, бейбіт келіссөздерді қолдайды.

Тайваньдағы қазіргі жағдай

Қазіргі уақытта екі жақтың қарым-қатынасы шиеленісті күйде. ҚХР тарапы әскери және экономикалық қысымды күшейтіп, жиі әскери жаттығулар өткізуде, бұл Тайваньға «әскери ескерту» ретінде бағаланады. 

Ал Тайвань болса, АҚШ, Жапония сияқты елдермен әскери ынтымақтастықты күшейтіп, қорғаныс қабілетін арттыруда, сонымен қатар мәдениет пен БАҚ арқылы «Тайвань тарихын» насихаттауда.

Соңғы жаңалықтар