Таза балды қалай ажыратуға болады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін — халықаралық аралар күні. Осы мерекеге орай «Бүгін LIVE» студиясына Өскеменнен арнайы келген әке мен бала қонақ болды.

Таза балды қалай ажыратуға болады
Фото: Pixabay.com

Талғат Ахметжанов бал аралар бизнесін бастауға ұлдарының себеп болғанын айтады.

Таза балды қалай ажыратуға болады
Фото: Видеодан алынған скрин

— Бір күні үлкен ұлым «Сәби» қорының байқауы туралы жарнаманы көріпті. Түнде екі ұлым бізден жасырып, шағын 1 минуттық ролик түсіріп, байқауға жіберіпті. Солай қаншама қатысушының арасынан екеуі грантты ұтып алыпты. Ол роликте балдың қандай пайдасы бар екенін айтқан. Содан бастап ара сатып алып, солардан бал өндіріп, қазір үлкен дәрежеге жетіп отырмыз. Ең алғаш бастағанда алыс-жақын ауылдағы шағын жәрмеңкелерге қатысатынбыз. Кейіннен өзге өңірлерге шыға бастадық, — дейді омарташы әке.

Ал оның ұлы Тамирлан 10 жасынан бастап омарташылықпен айналысады. Алғашында әпкесі мен жездесінің кәсібіне көмектесіп бастаған ол бірер жылдан соң бар жиған-тергеніне араның 1 ұясын сатып алыпты.

Таза балды қалай ажыратуға болады
Фото: Видеодан алынған скрин

— Мен өзім 10 жасымнан ағама көмектесіп бастадым. Кейін 16 жасымда 1 ұя араны асырай бастадым. Ақшамды жинап, сол ұяны алдым. Бұл отбасылық кәсіп десе де болады. Қазіргі уақытта әкем екеуміз 400-ге жуық араның ұясын асырап отырмыз, — дейді Тамирлан Ахметжанов.

Қазір омарташылар отбасы жүздеген миллион араны асырайды. 400-ге жуық ара ұясын асырап отырған мамандар мұны табысы мол кәсіп деп отыр.

— Қазір аралар қыстан шыққан, көктемгі уақыт болғандықтан 1 ұяда 30-40 мың арадан болады. Ал жазда, гүлдің тозаңын жинауды бастаған кезде аралардың саны көбейеді. Ол кезде 1 ұядағы араның саны жүз мыңға дейін жетеді. Жалпы, 1 ара 1 ай ғана өмір сүреді. Ол өзінің бүкіл ғұмырында 1 шай қасық бал өндіреді. Ал 1 ұядағы аралар 50-60 келі бал жинайды. Маусым кезінде шамамен 10 тоннадан артық бал жиналады, — дейді омарташы.

Бүгінде кәсіпкерлер балдың 10-ға жуық түрін өндіреді. Студия қонақтары пайдалы өнімдерді түр-түрге бөліп, қалай өндіретіндерін түсіндірді.

— Аралардың барлығы бір жерде тұрмайды. Біз оларды әртүрлі бал жинау үшін әртүрлі жерге қондырамыз. Ол жердегі гүлдің нәрі біткеннен кейін араларды басқа жерге көшіреміз. Мәселен, күнбағыс жаздың соңында гүлдейді. Біз араларымызды күнбағыс алқабына алып барамыз. Ондағы аралар тек қана күнбағыстық балын жинайды. Басқа ешқандай гүлге қонбайды. Қазіргі уақытта ең бағалы балдар — мамыр балы мен жоңышқа балы. Олар элиталық балдардың қатарына жатады, — дейді олар.

10 жылға жуық уақыт бойы омарташылықпен айналысып келе жатқан Тамирлан Ахметжанов балдың таза не жасанды екенін қалай айыруға болатынын айтып берді.

— Жазғы уақытта балдар сұйық болады. Таза балды қаншалықты биікке көтерсең де, ағысы жұқарып кетсе де ол үзілмейді. Одан кейін балдар құйылғанда бірден батып кетпейді, алдымен тау секілді жиналады. Және үшіншісі — таза балды қасықпен не басқа нәрсемен ұрған кезде ол ешқашан жан-жаққа шашырамайды, - дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін «Бүгін LIVE» бағдарламасына 76 жастағы хореограф қонақ болып, өз тәжірибесімен бөліскен еді. 

Соңғы жаңалықтар