«Таза қала» Балқашта: Туристік қаланың тазалығы тексерілді
БАЛҚАШ. KAZINFORM — Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасы Қарағанды облысының моноқалаларын аралауды жалғастырады. Кезекті шығарылым Қазақстандағы түсті металлургияның ең ірі орталығы әрі туристік әлеуеті бар Балқаш қаласының тазалығына арналды.

Бағдарлама жүргізушілері екіге бөлініп, қаланың тазалығына қатысты ақпаратты зерттейді. Бірі жақсы, енді бірі жағымсыз тұстарын анықтайды және бар мағлұматты жинап, сарапшыларға тапсырады.
Жарты миллион турист келеді
Балқаш – туристік қала. Өткен жылы туристер ағыны 385 мың адамға жетсе, биыл жарты миллионға жуық қонақ қабылдауды мақсат тұтқан. Демек саяхатшылар қайта келуі үшін, жақындарына айтып жарнамалау үшін қаланы абаттандыруға, тазалық жайын реттеуге көңіл бөлу қажет. Бұл жұмыстар басталып та кеткен. Бастамаға кәсіпкерлер де қосылып, жағажайды тазалауға үлестерін қосып келеді.

– Біз әрбір таңды өз аумағымызды, барлық жағажайды тазалаудан бастаймыз. Таңғы 8-де тазалауды бастап тазалап, сағат 10-да келушілерге дайындап қоямыз. Мұның бәрі тұрғындармен қатар туристердің тазалық мәдениетін қалыптастыру үшін қажет. Алайда қазір ережеге бағынбайтын демалушылар да кездеседі. Оларды бейнебақылау арқылы анықтап, тәртіпке шақыруға тура келеді. Бізде бәрі камераға жазылатынын ескерткенде адамдар қатесін мойындап, айналасын ретке келтіре бастайды, – дейді кәсіпкер Гүлжан Мақаналина.

Кәсіпкерлерден бөлек, Балқаштың қарапайым тұрғындары да жағалаудың тазалығын сақтауға өз үлестерін қосып келеді.

– 2019 жылдың тамыз айында көл жағасына барып демалған едік. Сонда қоқыс үйінділерін көріп, Инстаграм желісінде сенбілік жарияладым. Осы аралықта көптеген еріктілер қатарымызға қосылды, – дейді волонтер Анар Адамбекова.
Сүңгуірлер көл түбін тазалайды
Ал Балқаштағы Төтенше жағдайлар бөлімшесінің сүңгуірлері екі апта сайын көлдің түбін тексеріп, қоқыстан тазартып отырады. Ол үшін 6-7 метр тереңдікке түседі.

– Әрине көлдің түбінде қоқыс көп. Демалушылар қалдырып кетеді, суға тастайды. Катермен жүргендер де қоқыс лақтырады. Жергілікті әкімдік өтінім бергенде біздің бөлімше өтінімді қабылдайды және жағалауды тазалауға шығамыз, – дейді сүңгуір Олег Мешалкин.

Қаланың орталығында тазалық деңгейін санап есептеп, қорытындысын шығарып отыратын арнайы экран орнатылған. Бұл ақпарат коммуналдық мекемелерден, күнделікті өтіп тұратын экоакциялардан алынады. Мысалы бейсенбі, сенбі күндері белсенділер, қала тұрғындары, жанашыр жандар шаһар көшелеріне, көлдің жағасына шығып аумақты қоқыстан тазартады.
– Біз 200-300 адамдық экоакциялар жасаймыз. Себебі демалушылар саны өте көп болғандықтан, жағажайлар күн сайын қоқысқа толады. Оларды керекті құралдармен, контейнерлермен жабдықтаймыз, – дейді қала әкімінің орынбасары Данияр Серіков.
Балқаштың инфрақұрылымы 80% тозған
Барлық моноқалалар секілді Балқашта та келбеті тозған көне үйлер жетерлік. Олардың көпшілігі өткен ғасырда салынған. Ескірген қасбет бер жағы, тұрғындарды су басқан жертөле, ескірген құбырлар мен кәріз жүйесі қатты алаңдатады. Тіпті бір жертөлеге түсірілім тобы бет-аузын тұмшалап кіруге мәжбүр болды.

Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев қала инфрақұрылымы 80% тозғанын мойындады.

– Сондықтан биыл үшінші жыл қатарынан жылыту мен су жүйесін ауыстыру үшін 120 шақырымдай жер қазып тастадық. Жыл сайын 10-15 үйдің қасбеті мен шатырларын жөндеп келеміз. Бірақ биыл біраз қаражат бөліп, 94 үйдің қасбетін бояу және жөндеу басталды, – деп сұхбат берді әкім.
Оншақты жыл бұрын қала аумағына қосылған Қоңырат ауданының да көрінісі мәз емес. Аудандағы жалғыз клуб жабылған, ал онда кітапхана, би алаңы, кинотеатр да болған деседі. Саябағындағы ағаштар қурап, тастанды үйлер көбейген. Гараждардың маңы қоқыс полигонына айналған.

Өз жауабында әкім Қоңырат ауданындағы су құбыры мен жылу жүйелері толығымен ауысқанын айтуда.
– Жол мәселесіне келсек, қала жолдарын жөндемейінше, бұл ауданға қаражат бөле алмаймыз. Өзім халықпен кездесіп, осыны түсіндіріп айтқанмын. Клубтың жағдайын қарастырып жатырмыз. Оған күрделі жөндеу керек пе, әлде шағындау етіп салу керек пе, осыны шешу керек. Бұрын Қоңыратта 12 мың халық тұрған, сол кезде клубтың қажеттілігі болды. Қазір үш мыңға жуық халық қалған, – дейді әкім.

Қақпақтан картина жасайтын тұрғын
Юрий Воробьев өзінің кіреберісін пластикалық қақпақтармен безендірді. Бұл әдемілікті жасау үшін шебер 4 жыл уақытын арнаған. Біз үшін қажетсіз қалдық болған қақпақтарды үйінде де кәдеге жаратыпты.

– Алғашында кіреберіс есікті жөндей бастадым. Сол кезде мультфильмдегі тотықұсты көріп қалып, есікке суретін салып шықтым. Қазір ол есік саяжайда тұр. Сосын тұтас кіреберісті сәндеуді ұйғардым. Айна қойып, қабырғасын қақпақпен қаптап шықтым. Қазір үйді де, кіреберісті де қақпақ-картиналармен әрлеп қойдым, – дейді қала тұрғыны Юрий Воробьев.
Шаһарда тазалық мәдениетін қалыптастыру бағытында елеулі істер атқарылып келеді. Мысалы мектептердің бірінде агросынып ашылған. Оқушылар түрлі өсімдікті өсіріп, жылыжайда күтіп-баптайды. Тіпті авокадо, питахайя секілді тропикалық жемістерді де өсіреді.

– Біз балалармен бірге өз жылыжайымызда жұмыс істедік. Алдымен мектебіміздің аумағын безендіру үшін гүлдер отырғыздық. Кейін мектеп мұғалімдері біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, сертификат алдық. Оны алу үшін емтихан тапсырып, ортақ командалық бастама пайда болды. Жылыжайымызды біртұтас жоба аясында пайдаланғымыз келді, – дейді оқытушы Ольга Почтарь.
Қаланың туристік әлеуетін арттыру керек – Сарапшылар
«Таза қала» жүргізушілері Абай қаласы туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді.
Бұл шығарылымда Астана қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы Гүлдана Әбіш, ҚР Еңбек сіңірген сәулетшісі Серік Рүстембеков және эколог Елдос Абақанов төрелік етті.
– Қаланың тұрғындарының мәдениеті, одан бөлек экологиясын жақсартуға қатысты атқаратын жұмыстар ұнады. Қала әкімдігінің ашықтығына да ерекше көңіл бөлу керек. Өйткені бар проблемаларды жасырмай, алдағы жоспарымен бөлісті. Жалпы алдағы уақытта Балқаштың таза қалаға айналарына үлкен үміт бар, – деді Елдос Абақанов.
Сәулетші Серік Рүстембеков Балқаш қаласының орны тұтас Қазақстан үшін маңызды екенін атап өтті.
– Бұл қала үлкен көлдің жағалауында орналасқан және үлкен туристік потенциалы бар. Қаланың жағдайына келсек, ғимараттарының қасбеті тозған. Бір зейнеткер пластик қақпақтардан әшекейлегені секілді талпыныстар бар, дегенмен жалпы қаланың эстетикасын төмен бағалаймын, – деді С. Рүстембеков.
Өз кезегінде сарапшы Гүлдана Әбіш қаладағы туризмді дамыту үшін променадтар қажет екенін атап өтті.
– Маған жағалаудың жанында өндірістік нысандардың орналасуы ұнамады. Оларды басқа орынға ауыстыру керек. Қаланың көрікті тұстары бар, алайда панельдік үйлерді жаңғырту керек. Қазір алуан түрлі халықаралық стандарттар бар. Балқаштың құрғақ әрі ыстық ауа райын пайдаланып, энергия алуға да болады. Қалдықсыз технологияны пайдаланса, қалаларымыз одан сайын көркем болады, – деді ол.

Жалпы есепте Балқаш қаласы 21 ұпай алып, қалалар рейтингінде төртінші орынға тұрақтады. Тізім басында Астана (28), екінші орында Абай (24), үшінші орында Теміртау мен Хромтау (22), бесінші орында Лисаков (21), алтыншы орында Рудный (20), жетінші орында Ақсай және Шахтинск (18) қалалары тұр. Сондай-ақ 16 ұпай алған Степногорск және Жітіқара қалалары сегізінші орында, 14 ұпайымен Құлсары тоғызыншы орында және ең төменгі орында 10 ұпай алған Жаңаөзен қаласы тұр.

Еске сала кетсек, «Таза қала» жобасы «Ең үздік әлеуметтік тележоба» номинациясы бойынша «Тұмар-2025» ұлттық телевизиялық сыйлығын жеңіп алған еді.
Үздік жоба биыл да екінші маусымымен қайта оралды. Бұл жолы түсірілім тобы моноқалаларға ерекше көңіл бөліп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі экологиялық ахуалды тереңірек талдамақ.
Тележоба аптасына 2 рет — дүйсенбі және сәрсенбі күндері сағат 19:30–да көрермен назарына ұсынылды.