«Таза қала» Екібастұзда: қараусыз ғимараты мен қоқыс мәселесі шешілмеген шаһар

ЕКІБАСТҰЗ. KAZINFORM — Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасы бұл жолы Екібастұз қаласына барды. Жүргізушілер әдеттегідей қаланың көрікті мекендері мен кемшілігі көріншген тұстарын да аралады. Экологиялық ахуалдан бастап, тазалық жағдайын, тұрғындардың тазалық сақтау мәдениеті мен жалпы абаттандыру мәселелерін шолып шығып, бар мәліметті сарапшыларға тапсырды, нәтижесін жұртшылық назарына ұсынды.

«Таза қала» Екібастұзда: қараусыз ғимараты мен қоқыс мәселесі шешілмеген шаһар
Фото: Jibek Joly

Жайқалған аулалар жетерлік

Өндірісі өркендеген моноқалада тазалық мәселесі көлеңкеде қалған емес. Тазалық айлары ұйымдастырылады, оның аясында мыңдаған көшет отырғызылып, электр тарату тіректері мен жиектастар ақталады.

Екібастұз
Фото: Jibek Joly

Тұрақты сенбіліктер, экошаралар өткізіледі. Бизнес иелеріне де талап жоғары, рейдтер жүргізіліп, кәсіпкерлердің санитарлық талаптарды сақтауы қадағаланады. Бұл тұрғындардың тазалық мәдениетін арттыруға зор үлесін қосуда. Соның әсері болса керек, Екібастұзда жан-жағы жайқалған аулалар көп.

Таза қала
Фото: Jibek Joly

– Анамыз 2017 жылдан бастап аулаларды баптаумен айналыса бастады. Кейін бұған көршілер де қосылды. Барлығы бірге көшет отырғызып, ауланы абаттандырады. Өзіміз жиналыс ұйымдастырамыз, еш демеушіден көмек күтпейміз. Әдемілікті өз қолымызбен жасаймыз, - дейді қала тұрғыны Нелли Штрауб.

Екібастұз
Фото: Jibek Joly

Аулада қызыл-жасыл құлпырған отыздан астам гүлдің түрі бар. Сонымен қатар түрлі сәндік бұйымдар қойылған. Бәрі ерекше үйлесімді. Өзгеше урбанистикалық шешімдер көрініс тапқан кішігірім саябақ сынды. Және мұның бәрін тұрғындар өз қолымен істеген.

– Екібастұзда гүл өсіріп, ауланы күтіп-баптаумен айналысатын адам көп. Бұрын байқау да өткізіліп тұратын. Жаңа жылға, Наурыз мейрамы мен жазғы байқауларға да қатысатын едік. Талай мәрте жүлделі орындар алдық. Соның арқасында мұндай аулалар көбейіп келеді, - деді қала тұрғыны Инна Галкина.

Екібастұз
Фото: Jibek Joly

Қараусыз қалған ғимараттар жиі өртенеді

Дегенмен қала құты қашқан аймақтар да жоқ емес. Мысалы, Бұқар жырау көшесінің бойында сүрілу жұмыстары аяқсыз қалған нысан бар. Ескі құбырлар, көркі қашқан аула мен тұрғын үйлердің құлағалы тұрған қас беті көрінеді.

Екібастұз
Фото: Jibek Joly

– Бізде жаңартуды және қайта құруды қажет ететін 470-тен астам аулада инженерлік желілер бар. Қалалық және жергілікті атқарушы органдар 70 шақырымын жаңғыртудан өткізді, - деді қоғам белсендісі Александр Разумовский.

Таза қала
Фото: Jibek Joly

Осы жайттарды ескерсек, 2022 жылы қызметке келген Екібастұз қаласының әкіміне атқарар жұмыс әлі деп көп екені аңғарылады. Мәселе бұнымен бітпейді, үйсіз-күйсіз жүрген адамдар қоқысты қараусыз қалған ғимараттарға тастайды. Ол бірнеше мәрте өртенген, өрт сөндірушілерге осындай аймақтардан жиі қоңыраулар түсетінге ұқсайды.

Абай ескерткіші
Фото: Jibek Joly

Шағын шаһардың шырайы

Шаһардың эстетикасына қарар болсақ, көптеген кереметтерді көз шалады. Қала бойынша онға жуық мурал салынған. Модернизация жұмыстары да өз ретімен жүзеге асырылып жатыр. Екібастұздың сәулетін ашып тұрған ескерткіш, мүсіндер де көп. Түрлі тақырыпқа арналған туындылармен қатар, тарихи тұлғаларды танытар шығармалар да кездеседі. Соның бірі – Баян Кұрманғазықызының қолынан шыққан хәкім Абайға арналған мүсін.

Екібастұз
Фото: Jibek Joly

– 2019 жылы қала әкімінің тапсырмасымен қаламызға 4 мүсін орнатылуы керек болды. 3 айдың ішінде мамандар сол жұмысты аяқтады. Алдағы уақытта ұлттық нақыштағы жұмыстарды жалғастырамыз. Басқа да бағыттарды сынақтан өткізіп, темірден бұйым жасау ісін ойластырып жүрміз, - дейді сәулетші Баян Қайнышева.

Таза қала
Фото: Jibek Joly

Бүгінде сәулетшінің қолынан шыққан Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов пен Естай Беркінбайұлы сынды тұлғалардың мүсіндері шаһарда бой түзеп тұр.

Жайсыздықтың «символы»

Әйтсе де қалада үй-жайсыз қалғандар мекендейтін, вандалдардың құдды шығармашылық аумағы секілді қараусыз ғимараттар да көп. Мәселен, Мұхтар Әуезов көшесінде орналасқан қала ортасындағы Жастар саябағының жанында қараусыз ғимарат көп дүниенің сәнін бұзып тұр.

Таза қала
Фото: Jibek Joly

Осындай тағы бір ғимарат Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы көшесінің бойында да бар. Қаңырап тұрғанына 5 жылдан асқан.

Экологиялық акцияларға қатысушылар белсенді

Қалада экологиялық маңызы бар акциялар да ұйымдастырылып тұрады. Соның біріне «Таза қала» бағдарламасының ұжымы барып көрді. 600 жүзге жуық адам қатысты. Өзге өңірлерден айырмашылығы – бір аумақта бірнеше шаралар ұйымдастырылыпты. Қалдықтарды кәдеге жаратып, өнер туындысын жасаған көрме де өткізілген. Қақпақтарды да сәндік бұйым ретінде пайдалануға болатынын көрсеткен. Келушілер пайдаланған дүниеңсін өткізіп, орнына қажет бұйымын алады.

Таза қала
Фото: Jibek Joly

Көрмеде экологиялық кітаптар да ұсынылған. Сол арқылы халықтың мәдениетін көтеруге ат салысуда. Сурет салу арқылы тазалық мәдениетін санаға сіңіруді көздеген белсенді тұрғандар жетерлік. Қайта өңдеу тақырыбы ойындар арқылы да дәріптеліп жатыр.

Таза қала
Фото: Jibek Joly

Жолдардың жайы мәз емес

Қала аумағында асфальт төселмеген, қара жол күйінде тұрған сүрлеу көп. Әсіресе бұл жайт жеке секторда жиі кездеседі. 22 және 23 шағын аудандардағы негізгі көшеде ғана асфальт бар. Кей аумаққа жақында ғана қиыршық тас төсеген. Тұрғындар соның өзіне қанағат еткен. Себебі бұған дейін жол ойдым-ойдым, оқушылар мектебіне бара алмайтын хәлде болған екен.

Таза қала
Фото: Jibek Joly

Дамыған өлкенің әр көшесінде асфальт болу керек екені бұл аймақтың тұрғындарына таңсық жайт секілді. Орталықта да жағдайы оңып тұрған жоқ. Темір жол вокзалының алдында, Қонаев атындағы даңғылда жолдың кедір-бұдыр тұстары алыстан көрінеді.

Таза қала
Фото: Jibek Joly

Бүлдіршіндердің тазалыққа құлшынысы мол

Үлкен жүрек әдетте кішкентай балақайларда болады. Қаланың тазалығына, экологияға деген көзқарасын білу үшін бағдарлама ұжымы балалардың көркем сурет мектебіне барды. Үлкен залда көрмеге қойылған туындылар өте ерекше. Мұндағылар 6 жыл бұрын сән театрын ұйымдастыруды қолға алыпты. Ерекшелігі – бұйымдардың бәрі тұрмыстық қалдықтардан жасалады.

Таза қала
Фото: Jibek Joly

Қалада эстетикалық дамыту орталығының рөлін атқаратын 15-балабақша бар. Балабақша ауласында бүлдіршіндер жыл сайын түрлі көкөніс егіп, күз жақындағанда өз қолдарымен жинап алады. Ал балабақшадағы тәрбиешілер жай ұстаз емес, нағыз экологтар.

– Әр топтың өзіне бекітілген шағын егіс алаңы бар. Онда бүлдіршіндер егін егеді. Өздері барлық процесті қарап-бақылайды. Кейін уақыты жеткенде жинап алады, - тәрбиеші әрі эколог Людмила Козыкова.

Танымал жер қоқыс аймағына айналғандай

419 метрлік мұржасы Гиннес рекордтар кітабына енген қаладағы танымал жылу электр станциясының маңайы қоқыс тастау алаңына айналғандай. Бос аймаққа арнайы техника келіп, бар жүгін төгіп-шашып кеткен сыңайлы. Бірақ бақылау жоқ. Маңайдағы жер үйлердің жанында қоқыс жәшігі бар, алайда бос тұр. Есесіне жан жағы шашылып жатыр.

Таза қала
Фото: Jibek Joly

Әкім не дейді?

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, қалада экологиялық акциялар көптеп ұйымдастырылады екен. Биыл 14 мың көшет егу жоспарланған. Бірақ алдағы жылдары негізгі тірлік көшелерге қатысты болатын сыңайлы.

Таза қала
Фото: Jibek Joly

– Біздің қазіргі басты мақсатымыздың бірі – инженерлік инфрақұрылымды жаңартып алу. Қалада бір-бірімен қатар жатқан 5 көше бар. Соның төртеуін күрделі жөндеуден өткізу қажет. Ал жалпы қала ішінде 218 көше бар. Оның жүзге жуығына асфальт төселмеген.

Қараусыз қалған нысандар жекеменшік тиесілі. Сондықтан біз мемлекет тарапынан еш шара қолдана алмаймыз. Осы жазда иелері қалпына келтіретінін айтып, уәде берген. Енді амалсыз сотқа жүгінеміз, - дейді шаһар басшысы.

Қала маңында ашық түрде көмір өндіретін әлемдегі ең ірі кеніштердің бірі «Богатырь» бар. 1985 жылы қуаттылығы бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енген. Моноқаланың өндірісімен қатар, экологияны сақтауға құштарлығы да ерекше.

Таза қала
Фото: Jibek Joly

Сарапшылар қандай баға берді?

Баға берушілер бір ауыздан коммунальдық қызмет пен қараусыз ғимараттарды, қала орталығы керемет абаттандырылғанымен, шеткі аудандарда қоқыс мәселесінің күрделі екенін сынға алды. Дегенмен қала тұрғындарының тазалыққа сіңірген еңбегін, мәдениетін жоғары бағалады. Нәтижесінде моноқала 26 ұпай еншіледі.

Соңғы жаңалықтар