«Таза қала» Шымкентте: коммунальдық қызметі ақсаған шаһар

Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасы бұл жолы Шымкент қаласына барды. Жүргізушілер әдеттегідей қаланың көрікті мекендері мен жеке секторын бөліп алып, аралады. Ондағы экологиялық ахуалды, тазалық жағдайын, тұрғындардың тазалық сақтау мәдениеті мен жалпы абаттандыру мәселелерін шолып шығып, бар мәліметті сарапшыларға тапсырды.

«Таза қала» Шымкентте: коммунальдық қызметі ақсаған шаһар
Фото: Видеодан алынған скрин

Тазалықшылардың тынымсыз еңбегі

Шырайлы қалада бәрі көз тартады. Кеңпейіл тұрғындар да, жап жасыл көшелер де. Мұнда келген адамдар «өзге қалаға көшкіміз келмей қалады» дейді. Кейінгі жылдардағы еңбектің жемісі көрініп жатыр. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында араға күн салдырмай түрлі экошаралар, сенбіліктер, реконструкциялық жобалар іске асырылып келеді. Бұл жақта тіпті көшелер де, аялдамалар да тап-таза. Күн сайын қоғамдық аялдамалар сұйық сабынбен жуылып, тазаланады.

«Таза қала» Шымкентте: коммунальдық қызметі ақсаған шаһар
Фото: Видеодан алынған скрин

Бұл жұмыстарды атқару үшін мердігерлерге талап күшейтіліп, техника көлемі ұлғайған. Дегенмен көлік қанша үлкен болғанымен оны жүргізетін қарапайым еңбек адамы. Мәселен, Сәуле Кеңесқызы 20 жылдан бері тазалықшы болып жұмыс істейді.

«Таза қала» Шымкентте: коммунальдық қызметі ақсаған шаһар
Фото: Видеодан алынған скрин

– Әуелде тазалықшы болып жұмысқа тұрғанда көпшіліктен ұялып, бетімізді бүркеп жүрдік. Кейін ойланып қарасақ, жұмысымыз адал екен. Қазір жүзіміз ашық, керісінше жұртшылық тазалық үшін алғысын айтады. Кейінгі 2 жылда жалақымыз 2 мәрте өсті. Әр тоқсан сайын сыйақы береді. Жұмысқа таңғы 6-да келеміз. Қыстың суығына, жаздың ыстығына қарамай қала тазалығы үшін еңбектенеміз, – дейді ол.

Шаһардың сәулеті осындай ұсақ-түйек болып көрінген мәселелерден тұратыны белгілі. Сол себепті алдымен тазалықшылардың заманауи стандарттарға сай қызмет атқарып жатқанын ерекше атап өту керек.

«Таза қала» Шымкентте: коммунальдық қызметі ақсаған шаһар
Фото: Видеодан алынған скрин

Тұрғындар қоқыс мәселесіне шағымданады

Дегенмен үлкен шаһарда күрмеуі шешілмеген мәселелер де жоқ емес. Жеке сектордағы жағдай тұрғындарды алаңдатқан. Көше бойында жағалай қоқыс жәшіктері орналасқан. Салдарынан аумақта жағымсыз иіс те пайда болыпты. Бірақ қоқыс жан жақта шашылып жатпайды. Тұрғындар аузын буып, бір бұрышқа жинап қояды екен. Тек арнайы техника келіп алып кетсе болғаны.

Алайда аптасына бір рет келіп, қоқысты жинап алып кетуге тиіс техника кейінгі 3 апта бойы келмеген.

«Таза қала» Шымкентте: коммунальдық қызметі ақсаған шаһар
Фото: Видеодан алынған скрин

Шаһарда базарлар да ретке келіп жатыр

Шымкент қаласы жайлы айтқанда ойға бірінші оралатын дүниенің бірі – базар. Жалпы, шаһарда 19 сауда алаңы бар. Оның төртеуі модернизациядан өткізілген. Бұрынғы ретсіз әрі жабайы сауда тыйылып, жөнге келе бастаған.

«Таза қала» Шымкентте: коммунальдық қызметі ақсаған шаһар
Фото: Видеодан алынған скрин

Өзгерісті өзгелерден бұрын саудагерлер көруде. Олар да шаһар эстетикасының реттелгеніне разы. Соның бірі – 30 жылдан астам уақыттан бері саудагер болып жұмыс істейтін Елена Фокас.

«Таза қала» Шымкентте: коммунальдық қызметі ақсаған шаһар
Фото: Видеодан алынған скрин

– Бұрын базарларға тек қоршау орната салатын, дүңгіршектерде тұрдық. Әрине, қазір де сауда орталықтарымен салыстыра алмаймыз. Әйтсе де базар реттеле бастаған соң өзімізді жақсы сезіндік. Көңіліміз көтеріліп қалды, – дейді кәсіпкер.

Аты жаңа, заты ескі үйлер

«Таза қала» бағдарламасы Шымкент қаласына былтыр да барған. Енді биыл атқарылған жұмыстарды бағамдайтын кез туып отыр. Өткен жылы жаңадан салынғанына қарамастан сырты бүлінген, құбырынан су ағып, ауласы қоқысқа толған тұрғын үйлер кездескен болатын. Жүргізушілер сол тұрғын үйлерге қайта барды.

«Таза қала» Шымкентте: коммунальдық қызметі ақсаған шаһар
Фото: Видеодан алынған скрин

Лезде көзге іліккені – қоқыстар уақытында жиналатын болған. Алайда тұрғын үйлердің қас беті бұрынғыша. Оның үстіне жертөлелер суға толған.

«Таза қала» Шымкентте: коммунальдық қызметі ақсаған шаһар
Фото: Видеодан алынған скрин

– Жертөлеге көктемгі жаңбыр кезінде су көп жиналады. Оның үстіне жоғары қабаттарға судың жетуі қиын, шағын ғана құбыр қойып кеткен, – дейді қала тұрғыны Самат Айтбаев.

Салынғанына бар болғаны 5 жылдай уақыт өткен бұл үйлердің көп ұзамай қабырғасы қирап, іргесі құламайтынына кепіл болатын ешкім жоқ. Бұл жайттан шаһар басшысы да хабардар екен.

– Бұл үйлерді «Оңтүстікқұрылыссервис» атты компания салған. Тұрғындар баспананы тікелей компанияның өзінен сатып алған. Мәселені мердігер компания шешуге міндетті. Келесі жылы бұл проблема болмайды деп ойлаймын, – деді Ғабит Сыздықбеков.

Жаңа қоныс, көмкерілген гүлзар

Әйтсе де шаһарда кезең-кезеңімен ретке келіп жатқан жайттар бар. Мысалы, өткен жылғы бағдарламада «Зеланая балка» аталатын Көксай ауданының мәселесі айтылған еді. Мұнда биыл жаңа құрылыс басталыпты. Тіпті, кей тұрғындар зәулім үйлерге көшіп үлгерген.

«Таза қала» Шымкентте: коммунальдық қызметі ақсаған шаһар
Фото: Видеодан алынған скрин

Тұрғындар таза жерге қоныстанды. Алғашқы кезең бойынша тұрғындарға Президенттің бастамасымен қолға алынған «Реновация» бағдарламасы аясында жаңа пәтер берілді. Ескі үйлерімен бөлме саны тең, ал ауданы жағынан ескісінен екі есе үлкен. Жоба іске қосылған сәттен бері 8 тұрғын үйдегі 76 отбасы жаңа үйіне қоныстанды. Жалпы, 23 тұрғын үйдегі 217 пәтер иесін жаңа үймен қамтамасыз ету жоспарланған.

Одан бөлек қоғамдық аймақтар да қайта жаңғырып жатыр. Бұрын Жібек жолы - Сайрам көшелері қиылысында заңсыз орнатылған сауда нысандары болған. Тұрғындар көлік жолына шығып жүргізушілерге кедергі келтіретін еді. Қазір бұл аумақта жаңа гүлзар ашылып, қозғалыс реттелді.

«Таза қала» Шымкентте: коммунальдық қызметі ақсаған шаһар
Фото: Видеодан алынған скрин

Қазір «Аналар аллеясы» деп аталған орын да бар. 4 мың шаршы метр аумақ абаттандырылды. Орындықтар мен жарық шамдары орнатылып, мәрмәрдан жүргінші жолағы салынды. «Аналар аллеясына» Рәшкүл Оспанәлиеваның жақындары демеушілік жасаған. Ол көптің көкейінде қайырымдылығымен есте қалған еді. Сондықтан туыстары да игі істі жалғастыруды құп көріпті. Жергілікті билік бастаманы қолдап, жалпыға ортақ жер ұсынған.

«Таза қала» Шымкентте: коммунальдық қызметі ақсаған шаһар
Фото: Видеодан алынған скрин

– Шымкенттің әуежайына бара жатқанда әрдайым осы жолмен өтеміз. 90-жылдарға дейін бұл жердің аэровокзал аталған тарихи атауы бар еді. Кейін қоқыс шашылып жататын болды. Сол себепті осы жерді абаттандырып, «Аналар аллеясы» деп атауды жөн көрдік, – дейді кәсіпкер Нұрлан Әлішерұлы.

Қалай алғанда да тұрғындардың көбі қаланың тазалығына дән риза. Қазір тіпті шаһарда қоғамдық әжетханалар орналастырылған. Ақысыз, тегін кіргізеді, есігін ашу үшін телефонмен сканерлеу жеткілікті.

«Таза қала» Шымкентте: коммунальдық қызметі ақсаған шаһар
Фото: Видеодан алынған скрин

Еріктілер тазалыққа белсенді үлес қосуда

Көңіл толатын істер мұнымен таусылмайды. «Taza Alem» экологиялық акциясы аясындағы Бадам су қоймасында кең ауқымды тазалық жұмыстары атқарылуда. Мақсаты анық, табиғатты қорғау, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру және жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

«Таза қала» Шымкентте: коммунальдық қызметі ақсаған шаһар
Фото: Видеодан алынған скрин

– Шымкент қаласында жалпы 3 мыңға жуық ерікті бар. Әлеуметтік желіде топтарымсыз жұмыс істейді. Біз сол топқа сенбілік жайлы хабарлама қалдырсақ, қолдары тиген еріктілер алдын ала хабарласып, келіп жатады. Әр акцияға кемі 70 адам жиналады, – дейді ерікті Аружан Әлжан.

«Таза қала» Шымкентте: коммунальдық қызметі ақсаған шаһар
Фото: Видеодан алынған скрин

Тазалыққа үлес қосқысы келетін жастардың қатары артып келеді. Бағдарлама жүргізушілері барған эко акцияға 500-ге жуық ерікті, 7 арнайы техника жұмылдырылыпты. Іс-шара барысында су қоймасының жағалау аумағындағы қоқыс жиналып, 7 тоннаға жуық қалдық шығарылды.

«Таза қала» Шымкентте: коммунальдық қызметі ақсаған шаһар
Фото: Видеодан алынған скрин

Жергілікті белсенділер «Таза Қазақстан» акциясы Шымкенттен басталады дейді. Тіпті, көліктерінің сыртына осы акция туралы көрнекі суреттер бейнелеп алыпты. Еліміздің бірнеше қаласын аралап үлгерген.

«Таза қала» Шымкентте: коммунальдық қызметі ақсаған шаһар
Фото: Видеодан алынған скрин

– Өз басым шымкенттер тазалық жөнінен өзге қалалардан басым деп ойлаймын. Сондықтан бұл тақырып бізге жат емес, – дейді қоғам белсендісі Бақытжан Көпбаев.

Бір сөзбен айтқанда, қалада урбанистикалық шешімдер де керемет көрініс тауып келеді.

Бұдан кейін «Таза қала» бағдарламасының жүргізушілері Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековпен бірге қаланы аралап, тұрғындармен кездесті.

«Таза қала» Шымкентте: коммунальдық қызметі ақсаған шаһар
Фото: Видеодан алынған скрин

– Шымкент – таза қала. Адамдарының ниеті де таза. Еңбекқор жандардың шаһары, себебі мұнда халық көп болған соң бәсекелестік те басым. Халық бір-бірімен жарысып еңбек етуде, – дейді шаһар басшысы.

Өз кезегінде тұрғындар да қаладағы тазалыққа, мәселелердің шешілу барысына көңіл толатындарын жеткізді. Жалпы, Шымкент гүлденген көшелерімен, қонақжай халқымен ғана емес, тазалығымен де ерекшелене бастағаны айқындалды.

Сарапшылар не дейді?

Бұдан кейін түсірілім тобы жинаған материалдармен танысқан сарапшылар Шымкент қаласының экологиялық ахуалына, тазалығына, қала тұрғындарының мәдениетіне баға берді.

«Таза қала» Шымкентте: коммунальдық қызметі ақсаған шаһар
Фото: Видеодан алынған скрин

Сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы Серік Рүстембековтың бағалауынша, қала бұрынғыға қарағанда біршама алға ілгерілеген.

– Тазалық, халықтың мәдениеті жағынан болсын, қала әжептәуір жақсарып қалыпты. Дегенмен коммунальдық қызметтің жұмысына төмен баға қойдым. Қаланың орталығы жайнап тұрса да, шеткі аудандарда үйіліп жатқан қоқыстарды көрдік. Әйтсе де жаңа ғимараттар бой көтеріп, қала көшелері реттеліп, өзен жағалауы абаттандырылып жатыр екен, – деді.

География ғылымының докторы, профессор Орденбек Мазбаевтың сөзінше, қала үлкен өзгеріске бет алған.

– Осыдан 4-5 жыл бұрынғы қаланың көшелері, оны абаттандыру мәселесі қазір біршама шешілген. Бағалау барысында шаһардың эстетикасына, халықтың мәдениетіне көңіліміз толды, тек коммунальдық қызметке төмен баға бердік. Шымкент – оңтүстіктегі шырайлы қала. Ал қала тұрғындары осы шаһарды әдемі ұстауға міндетті деп санаймын, – деп топшылады.

Ал қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы Гүлдана Әбіштің ойынша, шаһардың қазіргі көрінісі мүлде басқа.

– Өте заманауи салынған тұрғын үйлер көп екен. Қоғамдық нысандар да жаңғыртылып жатыр, – деп түйіндеді сарапшы.

Осылайша шаһар 27 ұпаймен мегаполистер арасындағы бәсекеде Алматы қаласымен тең дәрежеде бағаланды.

Соңғы жаңалықтар