«Таза Қазақстан» акциясы аясында 100 мың ағаш егілді

АСТАНА. KAZINFORM — 20-27 сәуір күндері «Таза Қазақстан» акциясына 255 мың адам қатысып, 100 мыңға жуық ағаш егілді. Бұл туралы ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев айтып берді.

ТРК Президента принял участие в экологической акции «Таза Қазақстан»
Фото: Kazinform

«Президент бастамасымен жүзеге асқан „Таза Қазақстан“ акциясы аясында 20 сәуірде Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Жетісу, Абай облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларында және 27 сәуірде барлық өңірде көшет егу күндері өтті. Акция кезінде сенбіліктер өткізіліп, ағаш отырғызылды. Шараға 255 мыңнан астам адам қатысқан. Акция қорытындысы бойынша республикамызда 100 мыңға жуық ағаш отырғызылды», — деді Д. Тұрғамбаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Ағаш егу акциялары биыл күзде де жалғасады.

«Жергілікті атқарушы органдар қалалар мен елді мекендер аумағында қолайлы орта құрудың маңыздылығын ескере отырып, Президент тапсырмасын орындау аясында елді мекендер аумағында 15 млн ағаш отырғызу жұмысын жүргізуде. Облыстардың және Астана, Алматы, Шымкент қалаларының елді мекендерін көгалдандыру мен жасыл аймақ құрудың өңірлік жоспары бекітілді», — деді комитет төрағасы.

Еске сала кетсек, 2021-2025 жылдары жыл сайын 3 млн ағаш отырғызу жоспарланған.

Жалпы өткен үш жылда 10,3 млн ағаш егілген.

Соңғы жаңалықтар