Таза Қазақстан: Астанада экобуккроссинг сөресі ашылды

АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ерекше іс-шараны қолға алды, деп жазды елорда әкімдігінің ресми сайты.

экобуккроссинг
Фото: Астана әкімдігі

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі экобуккроссинг сөресін іске қосты. Мұндағы басты мақсат – кітап арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

экобуккроссинг
Фото: Kazinform

Экобуккроссинг сөресі – бұл кітапхана қызметкерлері мен оқырмандарды ортақ кеңістікте біріктіреді, онда әркім кітапты қоқысқа тастаудың немесе пайдаланбай сақтаудың орнына басқа оқырманға бере алады, яғни бір-бірімен кітап алмасады, – деді қалалық «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директорының орынбасары Бекболат Арыстанбеков.

Бекболат Арыстанбековтің айтуынша, іс-шара көпшілікке экологиялық білім беру, халық арасында оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапхана қызметкерлері мен оқырмандарын экологиялық қозғалысқа тартуды мақсат етеді.

экобуккроссинг
Фото: Астана әкімдігі

– Экобуккросингке қойылған басты тақырыптар елімізде мекендейтін жануарлар түрлеріне, Қазақстанның табиғатына, қорықтарына, таулы аймақтарына арналады. Көрмеге өсімдіктер әлемі, балаларға арналған экологиялық әліппе сынды кітаптарды қойдық. Сондай-ақ келушілер көрмеден 20 облыстың сұлу табиғаты жайлы кітаптарды да таба алады. Бұл кітаптарды алу үшін әр адам өзінің экологиялық бағыттағы бір кітабын әкеліп, орнына басқа кітапты алып кете алады, – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, экобуккроссинг – Астана кітапханалары жүйесінің табиғатқа ұқыппен қарауға және қала тұрғындарының экологияға жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған кезекті маңызды қадам.

Айта кетейік, бұл іс-шара жыл соңына дейін болады.

Соңғы жаңалықтар