«Таза Қазақстан»: Атырауда бір күнде Жайық жағалауынан 50 тонна қоқыс жиналды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Жайық өзенінің жағалауы қоқыстан тазартылды. Кеше жағалаудан 50 тонна қоқыс жиналды. «Инфо центр» қоғамдық бірлестігінің директоры Заманбек Құрақбайдың мәліметінше, кеше, 30 қыркүйекте Жайық өзені жағалауын санитарлық тазарту акциясы өткен. 

Атырау
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

«Табиғатты қорғау акциясы жастардың санасында отансүйгіштік, туған елге, қоршаған ортаға жанашырлық сезімін қалыптастыруға ықпал етеді. Сол себептен, Атырау қаласы мен шаһар маңындағы ауылдық округтерде өткен табиғат қорғау акциясының мақсаты экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың қоршаған ортаны таза ұстауға үндеді. Акцияға қатысушылар жағасын өскен арам шөп пен түрлі қоқыстан тазартты. Бір күнде жағалаудан 50 тоннаға жуық қоқыс жиналды», -дейді Заманбек Құрақбай. 

Атырау
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Көктемгі су тасқыны кезінде Жайық өзенінің жағалауына топырақ салынған 5 млн-ға жуық қап төселген еді. Су деңгейі төмендегенен бері өзен жағалауын тазарту жүріп жатыр. 

«Жыл соңына дейін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 19 табиғат қорғау іс-шарасын іске асыру көзделіп отыр. Осы кезге дейін 13 сенбілік өткізіліп, оған 45 мыңнан астам адам қатысты. Қоқыс полигондарына 1500 тоннадан астам қоқыс шығарылды», - дейді Заманбек Құрақбай. 

Атырау
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында маусым айынан бері 89,4 млн балық шабағы құтқарылғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар