«Таза Қазақстан»: Маңғыстауда жыл басынан бері 10 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды
АҚТАУ. KAZINFORM – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аймақта былтырдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Шараға жергілікті халықтың белсенділігі жоғары. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері акцияға 40 мыңға жуық адам қатысқан. 800 ден астам техника жұмылдырылып, 10 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылған.

Облыста «TAZALIKE» FEST 2025 іс-шарасы аясында сенбіліктер, ағаш отырғызу, жоғары оқу орындарында эко-сағаттар, жер сағаты, эко-челлендждер өткізілді. Сонымен қатар, «Үлгілі ауыл» жобасы конкурсын ағымдағы жылдың тамыз айында өткізу жоспарланған.

- «Таза қала» акциясы аясында сенбілік жұмыстары жүргізілді. Оған 5720 адам қатысып, 1457 түп ағаш отырғызылды және 300 тонна қоқыс шығарылды. «Жер Сағаты» акциясы аясында 39 064 көше шамы сөндіріліп, 28639 кВт/с электр энергиясы үнемделді. «Таза кәсіп – таза аймақ» акциясына 320 адам қатысып, 160 түп ағаш отырғызылды, - делінген басқарманың ресми хабарламасында.

Бұдан бөлек, аймақта «Таза су қоймалары», «Тазару күні», «Табиғат біздің қолымызда», «Түлектердің ағаш егуі» сияқты экологиялық шаралар өтті. Ал, «Таза жағалау» акциясы аясындағы сенбіліктер тұрақты түрде ұйымдастырылады. Жыл басынан бері оған 2 мыңға жуық адам қатысып, 624 ағаш отырғызылып, 149 тонна қоқыс шығарылған.

- «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 2 мамыр күні «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі «Самал» демалыс орнында сенбілік және 19 мамырында «Сам ормандар және жануарларлар дүниесін қорғау жөніндегі» мекеменің орман қоры аумағына шекаралас «Тас өткел» көпіріне тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, мамыр айында Батыс Қазақстан облысының Маңғыстауға жолдаған челленджі аясында Ақтауда 2 жерде сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. 1 локацияда 100-ге жуық жастардың қатысумен 50 түп ағаш отырғызылды. 2 локацияда «Қаражанбасмұнай» АҚ мекемесімен санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізілді. Аталмыш эстафета (челлендж) Маңғыстау облысынан Павлодар облысына жолданды, - делінген хабарламада.

Биыл 17 маусым күні «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйым бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық республикалық экологиялық акциясы аясында кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылған. Сенбіліктер Түпқараған ауданы «43 шақырым» және Маңғыстау ауданына қарасты «Самал» шатқалында өткізілді. Нәтижесінде 100 қап қоқыс жиналып, шығарылған.

- Өңірімізде ағымдағы жылдың шілде айында «Қара уылдырық» фильмінің түсірілімі өтті. Әртістердің және түсірілім тобының сұрауы бойынша «Таза Қазақстан» акциясы аясында Ақтау қаласы 15 шағын аудан «Самал» теңіз жағалауына тазалық жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 5 шілде күні «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Маңғыстау облысы әкімі Нұрдаулет Қилыбай, ҚР Сенатының депутаты Бекбол Орынбасаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин, «Аманат» партиясы өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, жастар мен қала тұрғындарының қатысуымен мерекелік сенбілік өткізілді. Тазалық шарасы ерекше форматта ұйымдастырылды. Экологиялық акцияға 600-ден астам тұрғын қатысып, 15 техника жұмылдырылды. 100-ге жуық тонна қоқыс шығарылды, - дейді басқарма өкілдері.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Ақтау қаласының 27, 28 шағын аудандарында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жиек тастарын орнатылып, жаяу жүргіншілер жол төселіп, жарық шамдары жаңартылған. Сенбіліктер Форт-Шевченко мен Жаңаөзен қалалары аумағында және «Кендірлі» жағажайында өткізілген. Жыл басынан бері облыс көлемінде 13 мыңға жуық түп ағаш отырғызылды.

- Бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 505 бабының «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу» фактілері бойынша 371 құқық бұзушылық хаттамасы толтырылды, - делінген хабарламада.

Ал, былтыр «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында облысы бойынша 69 рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері анықталып, соның 57сі жойылған. Тарихи-мәдени ескерткіштерді және бақтар мен саябақтарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Өңірде 20 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Эконауқан барысында сенбілікке 168 мыңнан астам адам қатысып, 27 462 тонна қоқыс шығарылған.

Айта кетейік, Үкімет басшысы «Таза Қазақстан»акциясының ауқымды экологиялық қозғалысқа айналғанын айтты.