«Таза Қазақстан»: Павлодардың жеті өңірінде «Жасыл аймақ» апталығы өтіп жатыр

ағаш отырғызу
Фото: Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасы

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - «Таза Қазақстан» республикалық акциясына Ертіс-Баян өңірінің жұртшылығы айтарлықтай атсалысып жатыр. Аға буын мұндай экологиялық іс-шара жас ұрпақты қоршаған ортаны қорғауға баулуға үлкен сеп болады деген пікірде.

Алғашқы күні Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Шарбақты, Аққулы, Баянауыл, Ақтоғай аудандарында жалпы саны 565 түп қарағай, мамыргүл және қайың ағаштары отырғызылған. Көшет отырғызуға жергілікті жұртшылық, ардагерлер, жастар, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, мәслихаттардың депутаттары мен ұстаздар қауымы қатысты.

ағаш отырғызу
Фото: Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасы

Мапруза Хамитова өңірдегі ең шалғай елді мекеннің бірі – Шалдай ауылында тұрады. Шалдай - айналасын жалқарай ормандары көмкерген, айрықша әсем жерде орналасқан ауыл. Бұл өлкеде қоныс еткен жұртшылық ежелден жасыл орманды сақтаудың маңызын жақсы біледі. Қарағай арасындағы халық балаларына үнемі қоршаған ортаға қамқор болудың дәнін егіп, бұл бағытта істерімен де үлгі-өнеге болып келеді.

- Жолдасым көп жыл бойы жергілікті орман шаруашылығында орманшы болып еңбек етті. Өзім ауылда есепші болып қызмет қылдым. Қазір зейнет жасында болсам да, еңбек етуді жалғастырып отырған жайым бар. Екеуіміздің де жасымыз 66-да, бірге түтін түтеткенімізге 43 жыл өтіпті. Осы уақыт ішінде 4 қызымызды аман-есен тәрбиелеп өсіріп, олардан 17 жиен сүйдік. Қарағай арасында туып өскендіктен жасыл желекті көбейтудің игілігін жақсы білемін. Отағасы екеуіміз әр көктемде көшет отырғызуды кезінде қыздарымызға үйретіп келсек, қазір жиендеріміздің құлағына сіңірудеміз. Ауылымызда бүгін «Отбасы ағашы» акциясы ұйымдастырылды. Біз сияқты ұзақ жыл отасқандар, көпбалалы және жас отбасылар ауыл ішіндегі аллеяға жиналып, 100-ден аса қарағай көшетін ектік. Жас балалар мұндай экологиялық іс-шаралардан көп тәрбие алады деп ойлаймын. Айналамыз үнемі таза, жасыл желекке малынып тұрса, адамның да көңіл күйі көтеріңкі жүреді. Себебі таза ауа – мықты денсаулықтың кепілі. Ал кез келген жасыл желек – біздің «өкпеміз», - дейді Мапруза Қаратайқызы.

бала
Фото: Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасы

Павлодар қаласындағы жастар бастамаларын дамыту орталығы Әлеуметтік жобалар қорымен бірлесіп экологиялық акцияны жалғастырды. Оның аясында Павлов және Ломов көшелерінің бойындағы бірнеше ғимарат маңында жаңадан тал-терек егілді. Ұйымдастырушылар бұл іс-шара «Birgemiz: Taza Alem» жалпықоғамдық жобасының аясында қолға алынып отырғанын атап өтті.

таза
Фото: Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасы

«Бұл біздің қаламыздың экологиясын жақсарта түсуге қосқан үлесіміз деп білемін. Қоғамдық орындардағы жасыл желекті көбейте және оны өзгелерге насихаттай отырып біз жастарды табиғатты аялауға және адал еңбектенуге үйретеміз», - деп пікірімен бөлісті Әлеуметтік жобалар қорының жетекшісі Ербол Кеңгірбаев.

«Таза Қазақстан» акциясында бұл күні Баянауыл мен Аққулы аудандарының халқы да белсенділік көрсетті. «Жасыл аймақ» апталығына үн қосқан жұртшылық жүздеген қарағай көшетін көшелер мен қоғамдық орындарға отырғызды. Баянауыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайрат Сарбасов елді мекендерді көгалдандыруға барлық жерлестерін шақыра отырып, алдағы уақытта ағаш егу игі дәстүрге айналса деген ниетін жеткізді. Оның сөзінше, өңірдегі экожүйені жақсарта түсу осындай шағын қадамдардан басталады. Әрі мұндай іс-шараларға оқушыларды көптеп тартсақ, нұр үстіне нұр болмақшы.

көшет егу
Фото: Павлодар облысы ақпарат және қоғамдық даму басқармасы

Ал Ақтоғай ауданында Ауғанстаннан кеңес әскерінің шығарылғанына 35 жыл толуына орай Ауған соғысы ардагерлеріне арналған саябақта 35 көшет отырғызылды. Акция құрметіне орай тұрғындар үшін концерт ұйымдастырылып, ыстық шай мен бауырсақ таратылды.

Еске сала кетейік, Арыстық кәсіпкер өз қаржысына көшені жарықтандырып, 3 мыңнан астам ағаш екті.

Таза Қазақстан: Көкшетауда 9 мыңға жуық ағаш отырғызылды.

Соңғы жаңалықтар