Тазалық — тазартылған жер емес, қоқыс тасталмаған жер — Үкімет басшысы

АСТАНА. KAZINFORM — Экологиялық мәдениет қазіргі Қазақстан қоғамының күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәлім етті.

Қоқыс алып кел де, балмұздақ ал: Кентауда «Таза Қазақстан» бағдарламасы жаңа форматта өтіп жатыр
Фото: Кентау қаласының әкімдігі

— Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» қозғалысы экологиялық мәдениетті арттыруға, сондай-ақ табиғатқа, туған жерге деген жанашырлық сезімді қалыптастыруға бағытталып отыр. Аталған бастаманы іске асыру аясында еліміздің аумақтары мен су айдындарын тазалау, ағаш отырғызу бойынша кең ауқымды экологиялық акциялар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Оған жалынды жастармен қатар аға буын өкілдері де, бизнес пен қоғамдық ұйымдар да белсенді қатысып отыр, — деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Премьер-министрдің айтуынша, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бүгінде үлкен қозғалысқа, мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналды. 

— Еліміздің экологиялық мәселелерін шешуге және табиғи байлығымызды сақтауға тұрғындар да барынша атсалысып келеді. Білім ошақтарында «Адал азамат» бірыңғай бағдарламасы аясында балаларға экологиялық тәрбие беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған бастамаға ата-аналар мен ұстаздар қауымы да қатысып жатыр. Мұндай экологиялық мәдениет қазіргі Қазақстан қоғамының күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Тазалық тазартылған жерде емес, қоқыс тасталмаған жерде. Бәріміз осы қарапайым ғана қағиданы үнемі жадымызда ұстағанымыз абзал, — дейді ол.

Бұған дейін Олжас Бектенов халықтың экологиялық мәдениетін арттыру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. 

Сондай-ақ Премьер-министр қоқыс тастайтын адамдарға жазаны қатаңдатуды ұсынды.

Соңғы жаңалықтар