Тазалық тұрғындардан басталады: Белсенді азаматтар өз қаласын қалай өзгертті
АСТАНА. KAZINFORM – Тазалық – тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, әрбір тұрғынның жауапкершілігі. Кейінгі жылдары еліміздің түрлі қалаларында белсенді азаматтар көшелерді, аулаларды және қоғамдық орындарды тазалап, абаттандырып, басқаларға үлгі болып жүр. Әр бастамалары қаланың көркін өзгертіп қана қоймай, қоғамдағы экологиялық мәдениетті дамытуға да зор ықпал етуде. Олардың бірқатары Jibek joly телеарнасының «Таза қала» тележобасында кейіпкер болды.
Мәселен, Алматыда тұрғындардың экологиялық сауатын ашып, қайта өңдеу жөнінде түрлі дәріс өткізетін алғашқы экохаб ашылған. Алматылықтар мұнда пластик, алюминий, шыны және табиғатқа зиянды ескі шамдарды өткізе алады. Орталық қызметкерлері қайта өңделген шикізаттан құмыра, стакан, сағат, кәдесый секілді бұйымдарды жасауды үйретеді. Мәселен бір орындықты жасау үшін велосипедпен 17 мың пластик қақпақты ұсақтау керек. Шеберлік сабағына қатысқысы келетіндер де күннен-күнге артып келеді.
«Мұндағы мәселе саналы тұтынуда. Адам бір бұйым жасау үшін еңбектенеді, тер төгеді, оңайлықпен келмейтінін түсінеді. Осылайша экологиялық сана көтеріледі. Ең кішкентай көмекшілеріміз – калифорниялық жауынқұрттар. Олар тағам қалдықтарын тыңайтқышқа айналдырады, оны ағаштарға себеміз», - дейді жоба менеджері Ерасыл Әшімбай.
Петропавл тұрғыны Әсел Шәкімова да тұрғындарға арнап, қоқысты қайта өңдеу бойынша тегін шеберлік сабақтарын өткізеді. Экоағартудың арқасында өзін де отбасын да тазалыққа, сұрыптауға үгіттей бастаған тұрғындар саны жетерлік.
«Петропавлда пластиктің үш түрін қайта өңдеуге тапсыруға болады – бөтелкелер, пакеттер мен пленкалар. Оған қоса, қағаз, картон, аллюминий қалдықтарын арнайы тапсыруға болады. Сосын кендірден жасалған ыдыс жуғыш губканы да көрсеткім келеді, өйткені біз қолданып жүрген пластик губкалар табиғатқа өте зиян», - дейді Әсел.
Эко кеңесшісінің отбасы да белсенді. Тіпті ұлдары бала шағынан әлемді қоқыстан тазарту идеясына қызыққан екен.
«Кезінде үлкен ұлым бес жасында киттердің тіршілігіне қызыға бастады. Зерттей келе, киттердің мұхитта пластиктен өлетінін, мұхиттардың шектен тыс ластанатынын көрдік. Сол себепті мұхитқа барып тазалау жүргізе алмасақ та, өз үйімізден экоәдеттерді бастауды ұйғардық», - дейді Ә. Шәкімова.
Ал, Ақтауда жеке қаражатын жұмсап, саябақ ашқан тұрғындар бар. Кәсіпкер Сұңғат Мұңалбаев қаладағы тақыр жерге 6 мыңға жуық ағаш отырғызған. Қазір саябақта 20 қызметкер жұмыс істейді. Бұл жер саялы ағаштың астындағы демалыс орны ғана емес. Иелері түрлі жас өкілдерінің уақытын тиімді өткізу үшін бар жағдайды жасаған.
«Мұнда теннис алаңы, волейбол, баскетбол, воркаут алаңдары бар. Біз халықтың демалып, спортпен айлассын деген бағытты ұстандық. Шамдар күн көзінен қуат алады. Суды үнемдеу де қаперден қалыс қалмаған. Мұнда тамшылатып суару әдісі жұмыс істейді», - деді С. Мұңалбаев.
Қызылорда қаласында 85 жастағы Бектай Сүлейменов те еш қайтарымсыз қаланы абаттандыру, көркейту жұмыстарына атсалысады. Ақсақал бұрын агроном болып қызмет еткен және бүгінгі күнге дейін 2 миллион ағаш өсіріпті. Біразының көшеті сыр елінің көшелерінде жайқалып тұр.
«Күн сайын 8 гектар жерді айналып, ағаштардың күтімін жасаймын. Шыбық егемін, суарамын, шөбін отаймын. Әуежайға бара жатқан жолдағы ағаштардың бәрі менің көшеттерім», - дейді Б. Сүлейменов.
Өскемендік Людмила Евженкова шыны қалдықтарын жинап, өңдеп, кәдесыйлар мен бұйымдар жасайды.
Людмила алғашында шаһар көшелерін, тау маңайын тазалап, қоқысты полигонға тапсыратын. Кейін қоқысты қайта өңдеп, пайдаға жаратуға болатынын түсінген соң, өз кәсібін бастаған. Кәсіпкер шикізатты қала тұрғындарынан жинайды. Үйінің алдында қабылдау пункті бар.
«Қазір бізде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, өйткені көптеген адам шеберлік сағатына келгісі келеді, мектептер оқушыларын әкеп, экологиялық сабақ өткізгісі келеді. Сондықтан сұраныс өте жоғары», - дейді Л. Евженкова.
Людмила волонтерлік қызметін 10 жыл бұрын бастаған. Алдымен шыныны сындырып, ұсақтап алады. Кейін арнайы сұйықтықпен араластырып қалыпқа құяды. Кейінгі кезеңде кептіруге арналған пешке салады. Нәтижесінде үйіңіздің және түрлі нысандардың көркіне айналар кәдесыйлар, тазалыққа қажетті ыдыс-саймандар дайын болады. Басты мақсат — табиғаттың тазалығын сақтау, қоршаған ортаны қауіпсіз ету.
«Бұқтырма су қоймасында қызым су түбіндегі шыныға аяғын жарақаттап алған еді. Кейінірек қойма табанын шыныдан өзіміз тазалап шықтық. Бұл бір белгі болған шығар. Қазір мен шыны қалдықтарын жинау арқылы қанша адамды жазатайым жарақаттан аман алып қалған болармын», - дейді Людмила.
Өскеменнің тағы бір тұрғыны Елена Березинская да апта сайын қала көшелері мен тұрғындар тынығатын орындардың қоқысын жинаумен ерікті түрде айналысады. Оған ниеттес, пікірлес экобелсенділер көмектеседі. Әрбір шарада арнайы ала шыққан қаптары жетпей қалады екен. Кейде жұмыстар кешке дейін жалғасады.
Ертіс пен Үлбінің қиылысқан тұсында орналасқан қалада әлбетте су тазалығы да баста назарда болуы керек. Қаланың орталығында кезіктірмеген қоқыс аралдарының орнын Елена көрсетіп берді.
«Мұндай рейдтерді тұрақты түрде жүргізіп келеміз. Өткен жылы еріктілер саны бойынша рекорд орнаттық. Облыстық экология департаментімен бірлесіп, 3 мыңнан астам ерікті жинадық. Шамамен 6 «КамАз» қоқыс шығардық. Әсіресе, су бетіндегі қоқысты жинау қиын. Кейде толқынға ілесіп, жағаға үйіліп қалады», - дейді экобелсенді.
Қостанайлықтар арасында да қалаға бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар көп. Сексеннің сеңгіріне таяған Лариса әжей тазалықшы болып жұмыс істеген және қазір де ауланы жасыл желекке толтырып қойған. Өз күшімен гүл еккен, сән беру үшін түрлі бұйымдарды әкелген. Лариса Владимировна өз ісін ешуақытта пұлдаған емес. Оны жетелейтін бір ғана идея – өмір сүретін ортасы қандай болса, адам да дәл сондай.
«Мұны үйіміздің жанынан өтетін әрбір адам үшін жасаймын. Тазалықты жақсы көремін, мен тұратын жер, жұмыс істейтін жер өте таза болуы керек. Менің бағымда шырайгүл, лалагүл, қараот, раушан, қашқаргүл бар. Флорист емеспін, қарапайым адаммын», - дейді Лариса Лебедева.
Солтүстікқазақстандық Анвар Файзуллин үй маңында көне Еуропа ғимараттарының шағын көшірмесін жасаумен айналысады. Оның жан-жағына ағаш пен гүл егіп, безендіріп те қойған. Қазір ерекше нысанға туристер де қызығушылық таныта бастаған. Гулливердің қалашығын көру үшін қала тұрғындары, қонақтары көп келеді.
«Қанша уақыт жұмсағанымды нақты айта алмаймын. Ағаштарға қарап есептеуге болатын шығар. Олар қаншалықты биік болса, сонша уақытымды өткізгенмін. Өткен адамдар таңданысы мен қуанышын жасырмайды. Кейбірі келіп рұқсат сұрап суретке түседі», - дейді А. Файзуллин.
Орал тұрғындары да ағаш пен гүл егуге бейіл келеді. Бағдарлама кейіпкері, кәсіпкер-бағбан Гүлән Мерғалиева алғашында өз ауласын абаттандырып келген, кейіннен оның қабілетін әкімдік байқап, өткен жылы арнайы тәлімбақ орталығын да ашып берген.
«Біздің қаламыз онсыз да жасыл әрі әдемі. Бірақ мен қылқан жапырақтылардың санын арттырғым келді. Тәуекелге белбуып, қалаға бұрын отырғызылатын терек, қараағаштардан бөлек, қылқан жапырақты ағаштарды еге бастадық. Өйткені басқа елдерге, басқа қалаларға барғанда қала ішінде шырша, қарағайларды өсіруге болатынын көрдім. Нәтижесінде шаһардың көз тартар сұлулығы арта түсті. Қала көркейе түсті. Ең бастысы тұрғындар да мұны байқады», - дейді Г. Мерғалиева.
Бұл жерде тұрғындар тынығып, жасыл желектің арасында бой сергіте алады. Бәрі қалаға, тұрғындарға деген махаббатпен жасалғаны көрініп тұр.
Тараз қаласындағы түсірілімде де айналасын әсемдікке толтыратын кейіпкерлер кезікті. Олардың бірі – 66 жастағы Гүлжәмилә Рахимова өз күшімен ескі «Хрущевка» ауласын гүлзар баққа айналдырған. Аулада раушан, хризантема, сәлдегүл, ирис гүлдері қауыз жарып тұр.
«Ауламызға еш уақытта көңілім толмайтын. Осыдан зейнетке шықсам, Алла күш-қуат берсе, өзім-ақ көркейтемін деп сөз беріп едім. Мінекей, 8 жылдан бергі ермегім осы. Әр зейнетақы алғанда қажетті тұқымдарды сатып аламын. Интернетте барлық ақпарат дайын тұр. Асықпай, әндетіп жүріп, бәрін істеймін. Алғашында балаларым намыстанатын еді. Намыстанатын несі бар, зейнеттегі адаммын, өзіме де, өзгеге де, Табиғат-анаға да пайдалы іспен айналысып жүрмін», - дейді қала тұрғыны.
Зейнеткер әжей, үй қасындағы қоқысты тазартса, онда да гүл бағын жасауға дайын екенін айтып отыр.
«Таңғы 6-да тұрып, желмен ұшып келген қоқыстарды жинаймын. Ауылға баратын көршілерден малдың қиын сұраймын. Бұл – гүлді күйдіріп жібермейтін табиғи тыңайтқыш. Барлық зейнеткер осылай белсенді болса, көп нәрсе түзелер еді. Қазір де біздің көршілер еңбегімді көріп, артық қоқыс тастауға ұялады, жастар думандатып, ішімдік ішуді қойды», - дейді Г.Рахымова.
Талдықорған қаласында «Жастар» шағын ауданының тұрғыны Нұртай Шангужанова бес жыл бұрын өңірдің талантты тумасы Бейсен Құранбектің бағын өсіруді қолға алған. Айналасын гүлзар егіп, түрлі талдарды отырғызған Нұртай әжені көршілер «Гүл апа», «Дос апа», «Сән апа» атап кеткен.
«Бейсеннің өмірі қысқа болды ғой деп, осы аллеяны жасадым. Мұнда 49 түп жеміс ағашы бар. Көшедегі өткен-кеткендер талдардың жемісін жейді, сонда бұл Бейсеннің бағы деп айтып отырамын. Осы қаламызға теңізге тамған тамшыдай болса да көмегімнің тиіп жатқанына ризамын», - дейді Н. Шангужинова.
Түркістанның тұрғындары да өз ауласын әсемдеумен белсенді айналысады. Аймақтың топырағы негізінен сортаң болса да, көз қуантар бау-бақша өсіру үшін біраз тер төгіледі. Бізді қонақ еткен Гүлзараш Нәлібаева жасыл желек жайқалып тұру үшін жыл сайын жерді құнарландырып, жеткілікті көлемде су беріп, талмай жұмыс істейтінін айтты. Бақшада түрлі-түсті гүлдермен қатар, арша, қарағай, түрік алмасы, бадам жаңғағы өсіп тұр. Бұл үйдің ауласына қарлығаштар жиі ұя салады екен. Қазақта бұл құсты бақыт пен берекенің нышаны дейді.
«Осыдан 3-4 жыл бұрын алғаш көшіп келгенде бұл жердің топырағы тас араласқан, лай еді. Жыл сайын топыраққа тыңайтқыш сеуіп, жерді құнарландырып алдық. Бұл іске барша отбасымыз атсалысады. Бұрынғы үйімізде жыл сайын қарлығаш келіп ұя салатын. Үйді ауыстырғанда қарлығашымыз сонда қалып кетті. Екі жылдан кейін ерте көктемде жаңа үйімізге бір топ қарлығаш келіп, басымыздан айнала берді. Баяғы қарлығаштарымыз бізді іздеп тапты деп топшыладық», - дейді Г. Нәлібаева.
Айта кетейік, маусым айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Jibek joly телеарнасы «Таза қала» ауқымды тележобасын қолға алған еді. Түсірілім тобы Қазақстанның облыс орталықтары мен мегаполистерін түгел аралап, қалалардың тазалығы мен көркі туралы әңгімеледі.
Жарты жылда журналистер 30 мың шақырым жол жүріп, аймақтың экологиялық өміріне белсенді қатысатын 200-ге тарта кейіпкермен тілдесті. «Таза қала» жобасының әр шығарылымында тілшілер жергілікті билік өкілдерімен сұхбаттасып, тәуелсіз эколог-сарапшылармен бірге өз бағаларын берді.
Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді. Бұл елді мекендер мен жалпы өңірлердің санитарлық тазалық, экологиялық тазалық, абаттандыру бойынша объективті рейтингін жасауға мүмкіндік берді.