Тәжікстанда тұрғын үйлерді қар көшкіні басып, 15 адам қаза тапты

None
ХОРОГ. ҚазАқпарат - 15 ақпанда жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 09:50-де қалың қардың салдарынан Хорог қаласындағы Носир Хисрав атындағы махалланың тұрғын үйлеріне үлкен қар көшкіні түсті.

Бұл туралы Тәжікстан Үкіметі жанындағы Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитеті хабар таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қар көшкіні салдарынан 4 тұрғын үй тұтастай, 35 үй жартылай, 5 шаруашылық нысаны қирады. ГБАО аумағында 14 адам, Варзоб ауданы аумағында 1 адам қаза тапты, 12 адам түрлі дене жарақаттарын алды», - делінген хабарламада.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия келтірілген шығынды анықтап жатыр.

Синоптиктердің болжауынша, қар көшкіні қаупі 2023 жылдың 19 ақпанына дейін сақталады.

Тәжікстан Республикасының Үкіметі жанындағы Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитеті қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтады және тұрғындарды ұзақ сапарларға, қар көшкіні жүретін аймақтарға бармауға шақырып, сақ болуларын сұрайды.

Бұған дейін Комитет соңғы күндері ауа райының жылынуы мен жауын-шашынға байланысты ГБАО-ның батыс аймақтарында, Гиссар тауларында, сондай-ақ Душанбе-Хорог, Душанбе-Ходжант, Душанбе-Ляхш, Хорог-Мургаб, Хорог-Ишкашим аудандарында көшкін қаупі сақталатынын хабарлаған болатын.

Фото: khovar.tj


Соңғы жаңалықтар